«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұлттың құндылығы — тілінде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кезінде Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов “Ұлт­тың сақталуы мен жоғалуына да себеп болатын – ха­лық­тың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады” де­ген еді. Осы бір сөздің астарында терең ой жатыр. Ұлт­тың басты құндылығы – тілінде екенін айтқан Алаш көсемінің айтқаны бүгін де маңызын жойған жоқ. Өйт­кені, тіл тағдыры – ұлт тағдыры, тіл тарихы – ел та­рихы екені ақиқат.

Тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес, адамзаттың басты құндылығы. Сондықтан ата-баба­мыздан аманат болған тілі­мізді құрметтеп, оның қадір-қасиетін бі­луіміз керек. Жалпы елімізде тек қазақ тіліне ғана емес, өзге де этностардың тіліне ерекше қол­дау бар. Сондықтан жыл сайын Қазақстан халқы тіл­дері мерекесі аясында түрлі шаралар ұйым­дас­тырылады. Биыл да бұл үрдіс бұзылған жоқ. Тілдер ме­рекесінің Ахмет Байтұрсынұлы­ның туған күніне орайластыры­луының да өзіндік мәні бар. Өйт­кені, қазақ тілінің әліпбиін, емле­сін жасау­мен, ішкі заңдылықтарын ғылы­ми дәйектеумен айна­лысқан Алаш зиялысы тіліміздің тазалы­ғы, мәдениеті үшін барын берді. Бұл орайда ана тіліміздің мәр­тебесі үшін ақтық демі, қасық қа­ны қалғанша күрескен өзге қай­раткерлердің де еңбегі құрметке лайық. Зиялылардың ана тіліміз­ге арналған еңбектері, тіл жолын­дағы алуан күрестері – өзі де азат, тілі де азат күнге жет­кен қа­зақ баласына тағылымды мұра, өміршең өсиет. Сондықтан тілі­міз­дің мәртебесін асқақтату бү­гінгі ұрпақтың міндеті.

Өңірде тілдер апталығы өту­де. Соның аясында облыста бірқа­тар шаралар ұйымдастыры­луда. Тілдер апталығы “Amanat” партиясы облыстық филиалы­ның ұйытқы болуымен С.Мұқа­нов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен “Тіл – ұлт бірлігі” атты әдеби кешпен басталды.

– Қазақ тілі – кемел, стильдік тар­мақтары сараланған, әдеби нормасы қалпына келген, қандай жанр, қандай қоғамдық өмірдің саласы болмасын қолдану әле­уеті жоғары тіл. Зерттеушілердің пайымдауынша әлемде жеті мың тіл бар, соның ішінде ең көп қол­данылатын 100 тілдің қатарынан қазақ тілі 89 орынды иеленіп отыр, – деді Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы облыс­тық филиалы­ның төрағасы Жа­нат Мұхамед­жанов.

Петропавлда “Ұрпақ тілі – келешек кілті” республикалық жастар фо­румы өтті. Аталған жиынға мем­ле­кеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Ша­уеев, қазақ және ағылшын тілде­рін оқыту бойынша онлайн мек­теп­тің негі­зін қалаушы Сергей Хван, AI&Но­нотехнология ғылыми зерттеу­ші­сі, қазақ тіліндегі ең алғашқы жа­санды интеллект туындылары “MIRASAI&SA­RAUEN” жобала­ры­ның авторы Алтынбек Мұрат­ұлы, “Қазақстан студенттер Альянсы” республи­ка­лық сту­дент­тер қозғалысы” қоғам­дық бір­лестігінің төрағасы Наукен Ұлан, Халықаралық “Қа­зақ тілі” қоғамы облыстық, аудан­дық фи­лиалда­ры­ның мүшелері, Қазақ­стан хал­қы облыстық ас­самблея­сы­ның өкілдері қатысқан ауқым­ды фо­рум­ның мәні мен маңызы зор. Фо­румда жасанды интеллект бағ­дарламаларын қол­дану арқы­лы мемлекеттік тілді игерудің жолда­ры және оқу үрді­сінде осы техно­логияларды тиім­ді пайдала­ну бойынша ұсыныс­тар айтылды.

Ұжымдарда мемлекеттік тіл­дің қолданыс аясын кеңейту, мәр­тебесін көтеру мақсатында “Men qazaqşa oilaimyn” интеллектуал­ды ойыны, “Тіл – халықтың мұра­сы” атты панорамалық іс-шара, “Ахмет Байтұрсынов – зиялылар көсемі” танымдық кешімен Ресей Федерациясының шекаралас об­лыстарындағы қазақ диаспора­сы­на ана тілін оқыту және әдісте­ме­лік көмек көрсету үшін PR-акция, “Тіл керуені-2024” жобасы бойынша кездесу, “Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы” атты об­лыстық байқау өтеді.

Петропавл қаласының тұр­ғын­да­ры үшін қазақ тілінде отба­сы клубтарын құру, ұлы ғұлама­лардың сөздерін аялда­ма­ларға орналастыру жоспарла­нып отыр. Қазақстан халқы об­лыс­тық ас­сам­блеясы этномәде­ни бірлес­тіктер арасында қазақ тілі бойын­ша бірыңғай диктант, “Бабалар сөзі” ұлттық фольклор апталығы сынды тағы басқа ша­раларды өт­кізуді ұйғарған. Өңір­дегі бірқатар басқармалар да тіл апталығында белсенділік таны­туға мүдделі. Облыстың барлық аудандарында мемлекеттік тілге қатысты түрлі жиындар жоспар­лануда.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқар­масының мәліметі бойынша, тіл­дер апталығы аясында өңірде 200-ге жуық іс-шара өтуі тиіс.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp