Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында алдағы уақыттағы еліміздің негізгі жұмыс бағыттарын атап өтті. Бүкіл Жолдаудың негізгі идеясы халықтың әл-ауқатын, табысын арттыруға бағытталды. Президент мақсатқа жетудің маңызды құралдарының бірі экономика құрылымын өзгерту, орта бизнесті нығайту және еңбекке әділ баға беру деді. Бұл ауыл шаруашылығына тікелей қатысты, мұнда саланың тірегі – күшті орта шаруа қожалықтары және жарты өмірін далада өткізетін кәсіби фермерлер.
Президент мемлекеттік наградалар жүйесіне аграрлық сала қызметкерлері, ғалымдар үшін де құрметті атақтар енгізілетінін атап өтті. Олардың еңбегін мемлекеттік деңгейде тану барлық маман үшін жақсы уəждеме болады, еңбек адамының беделін арттырады.
Мемлекет басшысы сондай-ақ су тасқынына қарамастан егіс жұмыстарын уақытында аяқтаған диқандардың еңбегін ерекше бағалады. Жолдауда банк секторының, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласының жұмысы маңызды тезистердің бірі болды. Биылғы жылы АӨК-ті созылмалы жеткіліксіз қаржыландыру проблемасы шаруаларға төмендетілген мөлшерлеме бойынша кредиттер беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау жолымен шешіле бастады. Бұл қарыз алушы үшін өте ыңғайлы құрал, өйткені фермер пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға қаражат түсуін күтпестен жеңілдікті несие алады.
Осы жылы пайыздық мөлшерлемені арзандатудың мұндай тетігі көктемгі егіс жəне күзгі егін жинау жұмыстарын кредиттеу кезінде, одан əрі лизингті қаржыландыру кезінде қолданылды. Бұл фермерлерді субсидиялау қажеттілігінсіз ауыл шаруашылығы техникасын жылдық 5 пайызбен беруге мүмкіндік жасады.
Президент тікелей несиелеудің тиімділігін жəне тəжірибені банктерге тарату қажеттілігін атап өтті. Менің ойымша, отандық банктер қарыздар бойынша мөлшерлемені арзандату жүйесінде едəуір əлеуетті көріп, осы жұмысқа атсалысады, бұл АӨК үшін қаржылық мүмкіндіктерді кеңейтеді. Уақыт өте келе коммерциялық банктерді АӨК-ті кредиттеуге тарту тікелей субсидиялаудан қолжетімді кредиттеуге көшуге мүмкіндік береді. Қаражат тапшылығы жағдайында оларды пайдалану тиімділігі мəселесі ерекше өткір болды.
Тыңайтқыш өндірушілерді тікелей кредиттеу немесе субсидиялау сияқты мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері субсидиялар беру кезінде сыбайлас жемқорлық тəуекелдерін азайтады, бірақ ашықтық үшін сенімді статистика қажет. Өкінішке қарай, агроөнеркəсіптік кешенде ұзақ уақыт бойы қосып тіркеу тəжірибесі болды және саладағы нақты көріністің бұрмалануына əкелді. Бұл өзекті мəселе туралы мен Мемлекет басшысына 2023 жылдың соңында баяндадым, ал оның тапсырмасынан кейін жоқ мал мен өнімді есептен шығару жөніндегі комиссия жұмысы басталды. Комиссия жұмысының нəтижесінде 2 млн. бас іріқара, 3 млн. бас ұсақ мал, 3 млн. тонна сүт жəне т.б. есептен шығарылды. Бұл ретте тіркелген мал басы үй шаруашылықтары секторына немесе басқа жеке шаруа қожалықтарына тиесілі. Шаруашылықтардың бұл санаты статистика бойынша дербес есеп бермейді, бұл деректерді қалыптастырудың есептік əдісімен бірге статистиканы бұрмалауға мүмкіндік береді.
Жеке кəсіпкерлер ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігу кезінде мемлекеттік қолдау ала алады, олар өнімді сатқаны үшін, асыл тұқымды мал үшін субсидияланады. Осыған байланысты министрліктер теріс пайдалану фактілерін болдырмау мақсатында мемлекеттік қолдау алу, өнімді есепке алу жəне қадағалау үдерістерін цифрландыруды дамытады.
Жолдаудың тағы бір маңызды тезисі – жерді ұтымды пайдалану. Жерді алып қою жөніндегі комиссия жергілікті атқарушы органдардың конкурстар өткізбестен ауыл шаруашылығы жерлерін беру туралы екі мыңнан астам заңсыз шешімдерін анықтады. АШМ заңсыз берілген жерлерді мемлекетке қайтару туралы үнемі айтып келеді. Мемлекет басшысы егер жер заң бұзушылықпен алынып, пайдаланылмаса, онда бұл жер мемлекетке қайтарылуға тиіс екенін атап өтті. Бірақ егер жер пайдаланушы адал жұмыс істесе, инвестиция салса, онда өндірісті бұзуға болмайды.
Сонымен қатар Жолдауда ауылды жайластыру жəне ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мəселесі көтерілді. “Мемлекет алдында азаматтардың, əсіресе ауылда заңды жұмыспен қамтылуын ынталандыру міндеті тұр”, – деді Президент. Ауыл шаруашылығында мал шаруашылығын дамыту арқылы тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндігін көріп отырмыз. Өсімдік шаруашылығындағы бизнес маусымдық сипатқа ие, сондықтан олар жыл бойы толық жұмыспен қамтылмаған. Мал шаруашылығында, керісінше, үдеріс жыл бойына созылады, бұл халықтың табысын арттырып қана қоймай, агробизнесті əртараптандыруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығында əлеуметтік жауапты бизнес бар. Жақында ғана ауылдарды дамытудың табысты тəжірибесі Қызылорда облысындағы республикалық семинар-кеңесте талқыланып, өз үлестерін қосқан бірқатар фермер марапатталды. Міндет – мұндай тəжірибені насихаттау жəне кеңейту.
Мемлекет басшысы сондай-ақ “Ауыл аманаты” жобасын жаңа құралдармен күшейтуді тапсырды, бұл жерде сөз “тауарлық несие” туралы болып отыр, сондай-ақ ауыл тұрғындары өндірген өнімді қайта өңдеу жəне өткізу инфрақұрылымын құру жөнінде шаралар қабылдауды міндеттеді. АШМ-ның қайта өңдеуді дамытудың кешенді жоспарына кейіннен қайта өңдеу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің партияларын шоғырландыра алатын дайындау пункттерін дамыту енгізілді. Шағын фермерлер шикізат көлемін жəне өңдеу зауыттарының жүктемесін арттыра алады.
Сондай-ақ маңызды тезис – су ресурстары. “Біз фермерлердің қажеттіліктері үшін тасқын суларды жинап, су қорын құруды үйренуіміз керек. Гидрологиялық бекеттерді жөндеу жəне жаңғырту, суды жан-жақты үнемдеу бойынша жұмысты ұйымдастыру қажет. Бұл бірінші кезекте ауыл шаруашылығына қатысты, онда су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану қажет”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл өте маңызды, өйткені климаттың өзгеруі жағдайында ауыл шаруашылығы тұрақты технологияға келіп, өзінің тиімділігін көрсетуі керек. Ол үшін су үнемдеу технологияларын енгізуге арналған шығындарды субсидиялау нормативі 50-ден 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ біз суды үнемдейтіндер үшін тиімді сараланған тарифті енгіздік. 2024 жылдың 8 айында су үнемдеу технологиялары 71,7 мың гектарға енгізілді, біз оның қарқынын сақтап, күшейтеміз деп үміттенеміз.
Бұдан бөлек, АШМ өз өндірістерін оқшаулау жəне отандық фермерлерге қажет жабдықтардың құнын арзандату мақсатында елге тиісті жабдық өндірушілерді тартатын болады.
Айдарбек САПАРОВ,
Ауыл шаруашылығы министрі.