«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАМ ҚҰҚЫ МА, АДАСУ МА?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Түрікшіл ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың “Пайғамбар” өлеңіндегі:

“Күнбатысты қараңғылық қаптаған,

Жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған.

Білген емес иман деген не нәрсе,

“Қарын” деген сөзді ғана жаттаған”, – деген сияқты айыптауларды оқығаны­мыз­да өркениеті биік, де­мо­кратиясы озық деп жүрген Еуропа елдеріне көзқарасы­мыздың ұлттық мүдде тұр­ғысынан дұрыс-бұрыстығы хақында ойлануымызға ту­ра келеді.

Себебі, “кәрі құрлықтың” көп мемлекетінде “адам құқы” де­ген желеумен ежелгі ұлттық құн­дылықтардың аяққа басылғаны, оның ішінде отбасы, неке ұғымдары қайта қа­рал­ғандығы мәлім. Ықылым заманнан бергі ер мен әйелдің некелік қатынасына жат лесбиян, гей, бисексуал және транс­гендер дегендер, қысқаша айтқанда, ЛГБТ ұғымы пайда болып, дәстүрлі отба­сы құндылығын әлсіретіп жіберген. Со­ның салдарынан Еуропа­ның бірқатар елінде бала туу азайып, демографиялық жағдай нашарлап кеткен. Кей сарапшы­ның жорамалына қарағанда, ЛГБТ-ның әлемдік ауқым­дағы қуатты қозғалысқа ай­налуға ұмты­лып отырғандығына жер бетіндегі адам­зат санын шек­теуге мүдделі саяси күш­тердің ықпалы бар кө­рінеді.

Халқының 70 пайыздан астамын ис­лам дінін ұстанған қазақтар құрап отыр­ған біздің елде ЛГБТ-ға көзқарас, негі­зінен, теріс екен­ді­гі анық. Бұл рет­те Қа­зақстан мұсылмандарының діни бас­қар­масы арнайы үкім шығарып, онда: “Лес­биян, гей, бисексуал мен транс­ген­дердің іс-әрекеттерінің шари­ғат­тағы үкімі – ха­рам. Бұл – адам бала­сының жаратылы­сына қайшы келетін арсыз­дық. Кімде-кім өз жаратылысына қарсы шығып, жыны­сын ауыстырса, оның ашық адасқаны әрі ондай адам Алланың қарғысына ұшы­райды. Мұндай адам шынайы тәубе етіп, емделуі қажет. Егер тәубе етіп, арсыз әрекетінен бас тарт­паса, оның жаназасы оқылмайды және ақыреттегі жазасы өте ауыр болады”, – деп мә­лімдеген бола­тын.

Қоғамымызды алаңдатып отырған осы мәселеге Парламент депутаттары да назар аударып, дабыл қағып жүр. Мә­се­лен, Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров былтырғы 12 сәуірде Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында: “Соңғы кезде еліміздің ақпараттық кеңістігінде біржы­ныстық неке, жынысты ауыстыру секілді мәселелер еркін насихатталып жатыр. Бұл істер Жаратушының да, табиғаттың да, адамзаттың да заңына қарсы. На­сихаттаушылардың артында Батыстың халықаралық ұйымдары тұрғаны да бәрімізге мәлім. Ең сорақысы, гей-насихат қазір Астана мен Алматы секілді ірі қалалардың жекеменшік мектепте­рінде де қарқынды жүргізіліп жатыр. Мұны сондағы оқушылардың әлеу­­меттік же­лі­дегі па­рақшалары­нан аңғаруға бо­лады. “Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады” дейді атам қазақ. Өкінішке қарай, біз сол ауруды қоғамға жұқтырып алдық. Бұл, бәлкім, идеологияның әл­сіздігінен шығар. Енді қанымызға сіңіп кетпей тұрғанда дереу алдын алу шараларын қолға алу қажет. Менің осы депутаттық сауалыма байла­нысты бізге қарсы пікір де көбеюі мүмкін. Бірақ ме­нің ондай азаматтарға айта­рым: ер­тең сіздің ұлы­ңыз келін­нің ор­нына еңге­зердей қыз­текені үйі­ңіз­ге ертіп келсе, неме­се аялап өсірген қы­зыңыз еркекшо­ра­­мен “отау құ­рып” жат­­са, сіз ба­таң­ыз­ды бе­ре­сіз бе? Мұн­дай аз­­ғын­дық өз от­ба­сы­ңыз­­ға кел­се, тө­зе­сіз бе? ЛГБТ идео­ло­гиясы қазақ халқының ғасырлар бойы қа­лыптасқан салт-дәстүрінің, ұлттық құндылық­тары­ның тоз-тозын шығаруды көздейді деп білемін. Ал дәстүрі мен руханиятынан айырылған ұлттың бола­шағы жоқ екені айдан анық. Біз жаста­рымыздың тәр­биесіне селқос қарамай, қазірден қам­дануымыз керек”, – дей келіп, барлық платформада, оның ішінде әлеуметтік желіде ұлттық мәде­ниетімізге сәйкес келмейтін фильмдер мен се­риалдарды көрсетуге тыйым салуды, те­ріс ағым­дарды насихат­тайтын ақпарат көзде­рінен сақтайтын заң нормаларын әзір­леуді ұсынды.

Алайда бұрынғы Үкімет мәжілісмен­нің ұсынысына нақты жауап бермей, “сіз айтпасаңыз да, біз бәрін қатырып жа­тыр­мыз” деген сыңайдағы әрі жалпыла­ма сипаттағы “сырғытпа жауап” берген.

Қоғамда ЛГБТ-ға байланысты алаңдаушылық басылар емес. Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске алғаш рет енгізілген петиция туралы норма биылғы 1 сәуірден бастап күшіне енгізілгендігін пайдаланған қоғам белсендісі Бағила Балтабаева жақында ЛГБТ-ны ашық және жасырын түрде насих­аттауға тыйым салу жөнінде Мәде­ниет және ақпарат министрлігінің атына петиция жолдады.

“Біздің балаларымызға біржынысты қатынастар ашық түрде жан-жақты наси­хатталып жатыр. Біржынысты қарым-қатынастардың көріністері кітап дүкенде­рінен, теледидар экрандары­нан, тіпті үлкен экрандарда да жылт етіп шығып жатады және әлеуметтік желі арқылы да көп таралып жатыр. Кейінгі жастар азғын­дық қарым-қатынастарды ашық түрде насихаттап жүр. Осылайша, жасырын және байқалмай, жастар арасында жы­ныст­ық қатынастардың жаңа стандарт­тары қалыптасуда. Со­нымен қатар, олар дәстүрлі құнды­лықтар мен салт-дәстүрді ұстануды бұ­рынғы заманның сарқыншақ­тары, артта қалғандықтың белгісі деп санайды. Ал ЛГБТ үгіт-насихатына қарсы шыққан­дар­ды өткен ғасырда қалып қойған ретроградтар мен консерватор­лар деп мысқылдауда. Көпшілігіміз үнсіз отыр­ғанда біздің санасы бекімеген ба­лала­рымыз біржынысты қарым-қаты­насты қалыпты жағдай деп қабылдап, тіпті тренд қылуда. Бұл – үлкен трагедия, отбасының және жеке бастың қасіреті десек те болады. Көрші елдерде ЛГБТ-ны насихаттағаны үшін жаза қарас­тырыл­ған. Мысалы, Өзбекстанда ЛГБТ тақы­рыбы бұқаралық ақпарат құрал­дарында және қоғамдық пікірталастарда толы­ғымен жабық күйінде қалып отыр. Ресей Федерациясында 2022 жылы бұқаралық ақпарат құралдарында, интернетте, жарнамада, кітаптарда және кинода біржынысты қарым-қатынастарды наси­хаттауға, жынысты өзгертуге толық тыйым салу туралы заң қабылданды. Сондықтан мен елімізде ЛГБТ-ның ашық және жасырын түрдегі үгіт-насихатына заң бойынша тыйым салынуын және насихаттаушылардың заң аясында жаза­лануын талап етемін”, –деп жазды Бағи­ла Балтабаева.

Шынтуайтында, Ресейде ЛГБТ-ны насихаттауға ты­йым салынып қана қоймай, оны экстремистік ұйым деп тану және қызметіне Ресей Федерациясы ау­ма­ғын­да тыйым салу туралы сот шешімі шығарылған. Ирак Респуб­ликасының пар­ламенті біржынысты қатынас жаса­ған­­дарды 15 жылға дейін бас бостанды­ғынан айыру туралы заң қабылдаған. Қырғыз Республикасының конституция­сы­на бертінде референдум арқылы отбасы еркек пен әйелдің ерікті түрде некеге тұруы негізінде құрылады деген түзету енгізілген. Біздің елдің “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” ко­дек­сінде “неке (ерлі-зайыптылық) – ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен мін­дет­терді туғызатын, отбасын құру мақсатын­да Қазақстан Республикасы­ның заңында белгіленген тәртіппен та­рап­тардың ерікті және толық келісімімен жасалған еркек пен әйел арасындағы тең құқықты одақ”, – деп көрсетілген. Шын мәнінде бұл елі­мізде ЛГБТ өкілдерінің заңды некеге тұ­руына рұқсат берілмейді деген сөз.

Бағила Балтабаеваның пети­циясын қолдаушылар саны аз уақыт ішінде 50 мың адамнан асты. Осыған орай, Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі: “E-Petition.kz” ресми порталын­дағы “Біз ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсымыз” пети­циясы рес­ми қаралуы үшін қажетті қолды жинады. ҚР ӘРПК-нің 90-4-бабына сәйкес 50 000 қол жиналғаннан кейін Мә­дениет және ақпарат министрлігі өтінішті қарауға қабылдады. ҚР ӘРПК-нің 90-5-бабына сәйкес петицияны қарау мерзімі – оны тіркеген сәттен бастап 40 жұмыс күніне дейінгі уақыт аралығын қамтиды. Мә­дениет және ақпарат министрлігі мүд­делі тараптардың, мемлекеттік орган­дар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілде­рінен құрылған жұмыс тобының қыз­метін ұйымдастырады. Өтінішті қарау үдерісі заңнама талаптарына сәйкес жүргізілетін болады”, – деп хабарлады.

Бір назар аударарлығы – аталған петицияда елімізде ЛГБТ-ға тыйым салу туралы сөз қозғалған жоқ. Тек оны ашық және жасырын түрде насихаттауға ты­йым салу сұралып отыр. Бұл – өскелең ұр­пақ қамын, ұлт тағдырын ойлаған аза­маттардың талабы деп білеміз.

Кәрібай МҰСЫРМАН,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp