Биыл өңірде саңырауқұлақ мол. “Тыныш аңшылыққа” теңелетін саңырауқұлақ жинаумен әуестенетіндер көп. Алайда бұл өнімді асқа пайдаланатындар арасында улану қаупі жоғары.
Жыл басынан бері өңірде 7 адамның саңырауқұлақтан улану фактісі тіркелді. Көпшілік улы өсімдіктерді ажырата алмайды. Жазғы демалыс лагеріне барған балалар, белгісіз өсімдіктерді асқа пайдаланған туристер зардап шеккен жағдайлар бар. Бес жасқа дейінгі балалар табиғат аясына шыққанда, үй маңында ересектердің қарауынсыз ойнап жүріп, көрген саңырауқұлаққа қызығып, жеп қоюы мүмкін. Жалпы балаларға саңырауқұлақты мүлде беруге болмайды, өйткені олардың асқазаны мұндай ауыр тамақты қорытуға бейімделмеген. Шыбынжұт, сасық саңырауқұлақ, жалған қозықұйрықтан уланудың салдары ауыр. Сасық саңырауқұлақтың біреуін жегеннен адам өліп кетуі мүмкін. Сондай-ақ жеуге жарамды, бірақ ұзақ сақталған өнімді тамаққа қолданудан да улануға болады. Өйткені консервіленген саңырауқұлақты 6-8 ай ғана сақтаған жөн.
Саңырауқұлақтан уланудың негізгі себебі – жеуге жарамды және улы саңырауқұлақтарды тани алмау, оларды дайындау технологиясын, сақтау шарттарын және пісіру ережелерін бұзу. Жеуге жарамды саңырауқұлақты орманнан әкелгеннен кейін 4 сағат ішінде өңдеу керек, өйткені содан кейін ол улы зат бөле бастайды. Тамаққа тұтынар алдында міндетті түрде қайнату қажет.
Саңырауқұлақты жолдардың бойында, қоқыс орындарының маңынан жинауға болмайды, өйткені оның өз бойына жинап алатын абсорбция қасиеті бар. Жалпы саңырауқұлақтардың ішіндегі ең қауіпсізі – “түлкішек” деп аталатын сары түсті саңырауқұлақ.
Адам саңырауқұлақтан уланған жағдайда 15-20 минуттан кейін белгілері пайда болады. Алдымен адам тынышсызданып, көз алдындағы заттар қосарланып көрінеді. Қарашығы үлкейеді. Терісі құрғап, қызарады. Тыныс алуы бұзылып, демалу қиындайды, құсады. Уланудың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда “Жедел жәрдем” қызметін шақыру керек. Бала уланған жағдайда оның нені жеп қойғанын білу маңызды.
Саңырауқұлақтан улану басқа тағамдық улануларға қарағанда әлдеқайда ауыр, сондықтан мұндай жағдайда өзін-өзі емдеу қауіпті.
Улы саңырауқұлақтар көбіне жеуге жарамды саңырауқұлақтардың жанында өседі және оларға өте ұқсас болуы мүмкін. Саңырауқұлақтарды бір күннен артық, ал тұздалған және маринадталған түрін бір жылдан артық сақтауға болмайды.
Татьяна ГОРЛОВА,
облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.