Биыл күзде облыстан 500-ге жуық жігіт әскер қатарына алынуы тиіс. Олардың алғашқы тобы бірер күнде Отан алдындағы борышын өтеу үшін Алматыға аттанады.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мерзімді әскери қызметке шақыру бөлімінің бастығы Әнуар Ибраевтың айтуынша, қазіргі уақытта облыста 14 мыңнан астам жігіт әскерге шақырылушы ретінде есепке алынған. Биыл көктемде өңірден 478 жігіт әскерге алынуы тиіс болса, соның 436-сы әскери бөлімдерге жіберілген, жоспар 91 пайызға орындалыпты.
“2 қыркүйектен бастап елімізде күзгі әскерге шақыру науқаны басталды, ол желтоқсанға дейін жалғасады. Өңірден әскер қатарына алынған жігіттер еліміздің барлық дерлік өңірлерінде мерзімді әскери қызмет атқарады. Алғашқы 10 адам 13 қыркүйек күні Алматы облысына аттанады. Олар шекара қызметінде әскери борышын өтейді. “Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы” Заңның 30-бабының негізінде шақыру қағазын алған азамат көрсетілген күні жергілікті әскери басқару органына келуге міндетті. Себебі ол әскери есепте тұр. Әскерге шақырылушы медициналық комиссиядан өтіп, әскери қызметке жарамдылық дәрежесін анықтағаннан кейін мерзімді әскери қызметке шақыру туралы шешім қабылданады. Кейіннен әскери топ құру үшін облыстық жиын пунктіне жеткізіледі”, – дейді Әнуар Ибраев.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта өңірде 743 адам әскерге барудан қашып жүр. Оларға іздеу жарияланған.
“Біз учаскелік полицейлердің көмегімен олардың жүрген жерін анықтаймыз. Жалпы әскерге барудан қашқандарға қылмыстық және әкімшілік жаза қарастырылғанын еске салғым келеді. Белгіленген күні келмесе 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал медициналық тексерістен өтуге бармаса ескерту алады немесе 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Заңдық негізсіз әскерге барудан қашса, 1 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе 400 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады. Сондай-ақ 1 жылға дейін бас бостандығы шектелуі немесе осы аралыққа бас бостандығынан айырылуы мүмкін”, – дейді Әнуар Ибраев.
Әскерге баруды ынталандыру мақсатында елімізде “Әскери міндетті 2.0” жобасы жүзеге асып жатыр. Ол бойынша сарбаздарға бірқатар жеңілдік қарастырылған.
Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әскерге шақырылған немесе әскери қызмет өткеріп жатқан қарыз алушыларға банктік несиелер мен шағын несиелер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру бойынша іс-шаралар алгоритмін әзірледі. Ол арқылы әскери борышын өтеушілер қарызын өтеуден уақытша босатылады. Сондай-ақ 2022 жылы Қорғаныс министрлігі еліміздің 70-тен астам жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Білім беру ұйымдары мерзімді әскери борышын өтеген азаматтарды тегін оқытады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.