Түрікшіл ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың “Пайғамбар” өлеңіндегі:
“Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған.
Білген емес иман деген не нәрсе,
“Қарын” деген сөзді ғана жаттаған”, – деген сияқты айыптауларды оқығанымызда өркениеті биік, демократиясы озық деп жүрген Еуропа елдеріне көзқарасымыздың ұлттық мүдде тұрғысынан дұрыс-бұрыстығы хақында ойлануымызға тура келеді.
Себебі, “кәрі құрлықтың” көп мемлекетінде “адам құқы” деген желеумен ежелгі ұлттық құндылықтардың аяққа басылғаны, оның ішінде отбасы, неке ұғымдары қайта қаралғандығы мәлім. Ықылым заманнан бергі ер мен әйелдің некелік қатынасына жат лесбиян, гей, бисексуал және трансгендер дегендер, қысқаша айтқанда, ЛГБТ ұғымы пайда болып, дәстүрлі отбасы құндылығын әлсіретіп жіберген. Соның салдарынан Еуропаның бірқатар елінде бала туу азайып, демографиялық жағдай нашарлап кеткен. Кей сарапшының жорамалына қарағанда, ЛГБТ-ның әлемдік ауқымдағы қуатты қозғалысқа айналуға ұмтылып отырғандығына жер бетіндегі адамзат санын шектеуге мүдделі саяси күштердің ықпалы бар көрінеді.
Халқының 70 пайыздан астамын ислам дінін ұстанған қазақтар құрап отырған біздің елде ЛГБТ-ға көзқарас, негізінен, теріс екендігі анық. Бұл ретте Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы арнайы үкім шығарып, онда: “Лесбиян, гей, бисексуал мен трансгендердің іс-әрекеттерінің шариғаттағы үкімі – харам. Бұл – адам баласының жаратылысына қайшы келетін арсыздық. Кімде-кім өз жаратылысына қарсы шығып, жынысын ауыстырса, оның ашық адасқаны әрі ондай адам Алланың қарғысына ұшырайды. Мұндай адам шынайы тәубе етіп, емделуі қажет. Егер тәубе етіп, арсыз әрекетінен бас тартпаса, оның жаназасы оқылмайды және ақыреттегі жазасы өте ауыр болады”, – деп мәлімдеген болатын.
Қоғамымызды алаңдатып отырған осы мәселеге Парламент депутаттары да назар аударып, дабыл қағып жүр. Мәселен, Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров былтырғы 12 сәуірде Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында: “Соңғы кезде еліміздің ақпараттық кеңістігінде біржыныстық неке, жынысты ауыстыру секілді мәселелер еркін насихатталып жатыр. Бұл істер Жаратушының да, табиғаттың да, адамзаттың да заңына қарсы. Насихаттаушылардың артында Батыстың халықаралық ұйымдары тұрғаны да бәрімізге мәлім. Ең сорақысы, гей-насихат қазір Астана мен Алматы секілді ірі қалалардың жекеменшік мектептерінде де қарқынды жүргізіліп жатыр. Мұны сондағы оқушылардың әлеуметтік желідегі парақшаларынан аңғаруға болады. “Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады” дейді атам қазақ. Өкінішке қарай, біз сол ауруды қоғамға жұқтырып алдық. Бұл, бәлкім, идеологияның әлсіздігінен шығар. Енді қанымызға сіңіп кетпей тұрғанда дереу алдын алу шараларын қолға алу қажет. Менің осы депутаттық сауалыма байланысты бізге қарсы пікір де көбеюі мүмкін. Бірақ менің ондай азаматтарға айтарым: ертең сіздің ұлыңыз келіннің орнына еңгезердей қызтекені үйіңізге ертіп келсе, немесе аялап өсірген қызыңыз еркекшорамен “отау құрып” жатса, сіз батаңызды бересіз бе? Мұндай азғындық өз отбасыңызға келсе, төзесіз бе? ЛГБТ идеологиясы қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрінің, ұлттық құндылықтарының тоз-тозын шығаруды көздейді деп білемін. Ал дәстүрі мен руханиятынан айырылған ұлттың болашағы жоқ екені айдан анық. Біз жастарымыздың тәрбиесіне селқос қарамай, қазірден қамдануымыз керек”, – дей келіп, барлық платформада, оның ішінде әлеуметтік желіде ұлттық мәдениетімізге сәйкес келмейтін фильмдер мен сериалдарды көрсетуге тыйым салуды, теріс ағымдарды насихаттайтын ақпарат көздерінен сақтайтын заң нормаларын әзірлеуді ұсынды.
Алайда бұрынғы Үкімет мәжілісменнің ұсынысына нақты жауап бермей, “сіз айтпасаңыз да, біз бәрін қатырып жатырмыз” деген сыңайдағы әрі жалпылама сипаттағы “сырғытпа жауап” берген.
Қоғамда ЛГБТ-ға байланысты алаңдаушылық басылар емес. Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске алғаш рет енгізілген петиция туралы норма биылғы 1 сәуірден бастап күшіне енгізілгендігін пайдаланған қоғам белсендісі Бағила Балтабаева жақында ЛГБТ-ны ашық және жасырын түрде насихаттауға тыйым салу жөнінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің атына петиция жолдады.
“Біздің балаларымызға біржынысты қатынастар ашық түрде жан-жақты насихатталып жатыр. Біржынысты қарым-қатынастардың көріністері кітап дүкендерінен, теледидар экрандарынан, тіпті үлкен экрандарда да жылт етіп шығып жатады және әлеуметтік желі арқылы да көп таралып жатыр. Кейінгі жастар азғындық қарым-қатынастарды ашық түрде насихаттап жүр. Осылайша, жасырын және байқалмай, жастар арасында жыныстық қатынастардың жаңа стандарттары қалыптасуда. Сонымен қатар, олар дәстүрлі құндылықтар мен салт-дәстүрді ұстануды бұрынғы заманның сарқыншақтары, артта қалғандықтың белгісі деп санайды. Ал ЛГБТ үгіт-насихатына қарсы шыққандарды өткен ғасырда қалып қойған ретроградтар мен консерваторлар деп мысқылдауда. Көпшілігіміз үнсіз отырғанда біздің санасы бекімеген балаларымыз біржынысты қарым-қатынасты қалыпты жағдай деп қабылдап, тіпті тренд қылуда. Бұл – үлкен трагедия, отбасының және жеке бастың қасіреті десек те болады. Көрші елдерде ЛГБТ-ны насихаттағаны үшін жаза қарастырылған. Мысалы, Өзбекстанда ЛГБТ тақырыбы бұқаралық ақпарат құралдарында және қоғамдық пікірталастарда толығымен жабық күйінде қалып отыр. Ресей Федерациясында 2022 жылы бұқаралық ақпарат құралдарында, интернетте, жарнамада, кітаптарда және кинода біржынысты қарым-қатынастарды насихаттауға, жынысты өзгертуге толық тыйым салу туралы заң қабылданды. Сондықтан мен елімізде ЛГБТ-ның ашық және жасырын түрдегі үгіт-насихатына заң бойынша тыйым салынуын және насихаттаушылардың заң аясында жазалануын талап етемін”, –деп жазды Бағила Балтабаева.
Шынтуайтында, Ресейде ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салынып қана қоймай, оны экстремистік ұйым деп тану және қызметіне Ресей Федерациясы аумағында тыйым салу туралы сот шешімі шығарылған. Ирак Республикасының парламенті біржынысты қатынас жасағандарды 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы заң қабылдаған. Қырғыз Республикасының конституциясына бертінде референдум арқылы отбасы еркек пен әйелдің ерікті түрде некеге тұруы негізінде құрылады деген түзету енгізілген. Біздің елдің “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” кодексінде “неке (ерлі-зайыптылық) – ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді туғызатын, отбасын құру мақсатында Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімімен жасалған еркек пен әйел арасындағы тең құқықты одақ”, – деп көрсетілген. Шын мәнінде бұл елімізде ЛГБТ өкілдерінің заңды некеге тұруына рұқсат берілмейді деген сөз.
Бағила Балтабаеваның петициясын қолдаушылар саны аз уақыт ішінде 50 мың адамнан асты. Осыған орай, Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі: “E-Petition.kz” ресми порталындағы “Біз ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсымыз” петициясы ресми қаралуы үшін қажетті қолды жинады. ҚР ӘРПК-нің 90-4-бабына сәйкес 50 000 қол жиналғаннан кейін Мәдениет және ақпарат министрлігі өтінішті қарауға қабылдады. ҚР ӘРПК-нің 90-5-бабына сәйкес петицияны қарау мерзімі – оны тіркеген сәттен бастап 40 жұмыс күніне дейінгі уақыт аралығын қамтиды. Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі тараптардың, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен құрылған жұмыс тобының қызметін ұйымдастырады. Өтінішті қарау үдерісі заңнама талаптарына сәйкес жүргізілетін болады”, – деп хабарлады.
Бір назар аударарлығы – аталған петицияда елімізде ЛГБТ-ға тыйым салу туралы сөз қозғалған жоқ. Тек оны ашық және жасырын түрде насихаттауға тыйым салу сұралып отыр. Бұл – өскелең ұрпақ қамын, ұлт тағдырын ойлаған азаматтардың талабы деп білеміз.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
журналист.