Облыстық полиция департаменті қызметкерлерінің назарына 36 жастағы Астана қаласының тұрғыны мен 46 жастағы қарағандылық түскен. Олар Петропавлға синтетикалық есірткі тарату мақсатында келген.
Қызметтік іссапар барысында солтүстікқазақстандық жедел уәкілдер күдіктілердің синтетикалық есірткі өндіретін есірткі зертханасын ұйымдастыруға қажетті жабдықтар мен 90 килограмм прекурсорлар жеткізілген Алматы облысындағы жалдамалы үйлерінің орналасқан жерін анықтады.
– Алдын ала мәліметтер бойынша зертханада 18 килограмға жуық есірткі өнімін шығармақ болған. Күдіктілер Петропавл қаласына жеткізіліп, қамауға алынды. Қазіргі уақытта іс материалдары аса ірі мөлшерде есірткіні заңсыз пайдаланған деген айып бойынша сотқа берілді. Күдіктілер 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – дейді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.
Әсет ҚАНАФИН.