Өңірде орақ науқаны қызу жүргізілуде. Бүгінге дейін 590 мың гектар жерден өнім жиналды. Жиналған астық көлемі бір миллион тоннадан асты. Орташа өнімділік гектарына 17,3 центнерден айналуда. Бүгінге дейін астықтың шамамен 17,8 пайызы орылды.
– Диқандар қолайлы ауа райын пайдаланып, орақ науқанын дер кезінде аяқтауға тырысуда. Шаруашылықтардағы техниканың бәрі алқаптарда жұмыс істеп жатыр. Мемлекет тарапынан күздік жұмыстарға арзандатылған жанармай берілген. Сонымен қатар жауын салдарынан ылғалдылығы жоғары дақылдарды кептіруге 20 мың тонна дизель отыны бөлінді. Элеваторлар мен астық қабылдау пункттеріне сұйытылған газ үлестірілуде. Қыркүйектің екінші онкүндігі шуақты болады деп болжанып отыр. Былтыр осы уақытта 1 млн. гектарға жуық алқаптың астығы жиналған еді. Биыл соның жартысы ғана орылды. Егер ауа райы кедергі келтірмесе, диқандар орақ науқанын дер кезінде аяқтауға тас-түйін дайын, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев.
Қоймаларға түскен 93 мың тонна бидайдың 48 пайызы – үшінші сұрыпты өнім. Күздің алғашқы жауынды күндері сапалы бидайдың үлесі төмен болса, бүгінде бұл көрсеткіш артқан.
Анастасия ХАРЛАМОВА,
облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы.