«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әскерден қашатындар көп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл күзде облыстан 500-ге жуық жігіт әскер қатарына алы­нуы тиіс. Олардың алғашқы тобы бірер күнде Отан алдындағы бо­рышын өтеу үшін Алматыға ат­танады.

Облыстық қорғаныс істері жө­ніндегі департаменттің мерзімді әскери қызметке шақыру бөлімі­нің бастығы Әнуар Ибраевтың ай­туынша, қазіргі уақытта облыста 14 мыңнан астам жігіт әскерге ша­қырылушы ретінде есепке алын­ған. Биыл көктемде өңірден 478 жігіт әскерге алынуы тиіс болса, соның 436-сы әскери бөлімдерге жіберілген, жоспар 91 пайызға орындалыпты.

“2 қыркүйектен бастап еліміз­де күзгі әскерге шақыру науқаны басталды, ол желтоқсанға дейін жалғасады. Өңірден әскер қата­рына алынған жігіттер еліміздің бар­лық дерлік өңірлерінде мер­зім­ді әскери қызмет атқарады.  Ал­ғашқы 10 адам 13 қыркүйек күні Алматы облысына аттанады. Олар шекара қызметінде әс­кери борышын өтейді. “Әскери қызмет және әскери қызметші­лердің мәртебесі туралы” Заң­ның 30-бабының негізінде шақы­ру қағазын алған азамат көрсе­тілген күні жергілікті әскери басқару органына келуге міндетті. Себебі ол әскери есепте тұр. Әскерге шақырылушы меди­циналық комиссиядан өтіп, әске­ри қызметке жарамдылық дәре­жесін анықтағаннан кейін мерзім­ді әскери қызметке шақыру тура­лы шешім қабылданады. Кейін­нен әскери топ құру үшін облыс­тық жиын пунктіне жеткізіледі”, – дейді Әнуар Ибраев.

Маманның айтуынша, қазіргі уақытта өңірде 743 адам әскерге барудан қашып жүр. Оларға іздеу жарияланған.

“Біз учаскелік полицейлердің көмегімен олардың жүрген жерін анықтаймыз. Жалпы әскерге ба­рудан қашқандарға қылмыстық және әкімшілік жаза қарастырыл­ғанын еске салғым келеді. Белгі­ленген күні келмесе 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал медици­налық тексерістен өтуге бармаса ескерту алады немесе 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Заңдық негізсіз әскерге барудан қашса,   1 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе 400 сағатқа қоғамдық жұ­мысқа тартылады. Сондай-ақ  1 жыл­ға дейін бас бостандығы шек­телуі немесе осы аралыққа бас бостандығынан айырылуы мүмкін”, – дейді Әнуар Ибраев.

Әскерге баруды ынталанды­ру мақсатында елімізде “Әскери міндетті 2.0” жобасы жүзеге асып жатыр. Ол бойынша сарбаздарға бірқатар жеңілдік қарастырыл­ған.

Қорғаныс министрлігі мен Қар­жы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әскерге шақырылған не­ме­се әскери қызмет өткеріп жат­қан қарыз алушыларға банктік не­сиелер мен шағын несиелер бойынша төлемдерді кейінге қал­дыру бойынша іс-шаралар алго­рит­мін әзірледі. Ол арқылы әске­ри борышын өтеушілер қарызын өтеуден уақытша босатылады. Сондай-ақ 2022 жылы Қорғаныс министрлігі еліміздің 70-тен ас­там жоғары оқу орнымен ын­тымақтастық туралы келісімге қол қойды. Білім беру ұйымдары мерзімді әскери борышын өтеген азаматтарды тегін оқытады.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp