«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шын бақыттың мекені

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қыркүйек айының екінші жексенбісінде елімізде отбасы күні аталып өтілді. Отбасы – адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп ержететін, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болмасын отбасының адамзат ұрпағына ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды.

Отан отбасынан басталатын­дықтан, елдегі отбасы институты­ның рөлін күшейтіп, ұлттық тәр­биемізді нығайтуымыз керек. Жастарымыздың көргенді, сауат­ты, отаншыл болып өсуі үй­дегі тәрбиеге байланысты.

Атаулы күнге орай С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Отбасы – ба­қыт мекені” атты іс-шара өтті. Ша­раға қалалық ардагерлер кеңе­сінің төрағасы Жангелді Тәжин, облыстық мәсли­хат депутаты Сәуле Сұрағанова, қалалық мәслихат депутаты, әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Елена Семидоцких және көп­балалы отбасы мүшелері қаты­сып, сөз сөйледі. Ал “Грация” би ансамблі өз өнерімен жинал­ғандардың қошеметіне ие бол­ды.

– Елімізде жас отбасыларды қолдау мақсатында іске қосыл­ған бағдарламалар бар. Соның ішінде “Бақытты отбасы”, “Ме­рейлі отбасы” жобаларын атап өтуге болады. Өсіп-өнген ме­рей­лі жанұялардан жастардың үй­ренер тәлімі көп, – дейді Елена Се­мидоцких.

Биылғы жылдың сегіз айын­да елде 43 мың отбасы құрылып, 265 мың сәби дү­ниеге келген. Ма­мандар елдегі демографиялық ахуалдың оң сипатта екенін ай­тады. Өкінішке қарай, соңғы жыл­дары ажырасу көрсеткіші көңіл көншітпей тұр. Жыл басынан бері 13 мыңнан ас­там жұп дәм-тұзы жараспай екіге айырылған. Ал бала туу көр­сет­кіші бойынша өңіріміз ең соңғы орындардың бірінде тұр. Биылғы сегіз айда Қызылжарда 4313 туу туралы куәлік берілген.

Қайыржан МӘЛІКОВА,

С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp