Қазақстан халқы үлкен таңдау алдында тұр. Ол – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” атты Жолдауында атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты белгіленген 6-қазанда өтетін жалпыұлттық референдум.
Президент бұған дейін де АЭС құрылысына орай өз ойын ашық білдіріп: “Еліміздің энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шұғыл шешуіміз керек. Таза атом энергиясы болмаса, біз инвестицияларды былай қойғанда бүкіл экономикамызды жоғалтамыз. Бізге электр энергиясы, соның ішінде таза атом энергиясы ауадай қажет. Экономикалық мәселелерді білмейтін популистердің жетегінде кетпеу керек. Кәсіби тұрғыда атом энергетикасының пайдасын түсіндірген жөн”, – деп атап көрсеткен болатын. Бұл жолғы тарихи құжатта әлемде энергия тапшылығының күшейіп бара жатқанына үлкен алаңдаушылық білдіріліп, Қазақстанға сенімді және экологиялық таза қуат көздеріне деген сұраныстың өсе түскені қадап айтылды. Сондықтан болар, еліміздің өзіне тән ерекшелігі, сондай-ақ ұлттық мүдделеріміз ескеріліп, ұзақ мерзімге арналған әрі кемел болашаққа бағдарланған байыпты бастама қазірдің өзінде қоғамда кең қолдау тауып отыр.
Халқымыз “кеңесіп пішкен тон келте болмас” деп текке айтпаған. Азаматтарымыздың маңызды мәселе бойынша жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына уақыт бар. Осы мәселе Энергетика министрлігі атом және энергетикалық бақылау және қадағалау комитетіне қарасты облыстық департаментке тікелей қатысты болғандықтан, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру, қауіпті өндірістік объектілердегі авариялар, оқыс оқиғалар кезінде туындайтын өндірістік факторлардың зиянды әсерінің алдын алу, мемлекеттік қадағалауды қамтамасыз ету құзыреті шегінде Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер аясында ұсынылған мемлекеттік шешімдер мен стратегиялық жоспарлар жөнінде ой бөлісуді жөн көрді. Көпшілікті АЭС-тің өнеркәсіптік қауіпсіздігі мен қоршаған ортаға және адам денсаулығына ықтимал зияны толғандырады. Кез келген өндірістік нысанды салмас бұрын сараптан өткізу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең басты міндеттердің бірі болып табылады. Сараптама белгіленген нормалар мен талаптарға сәйкестігін тексеру және растау үшін жүргізіледі. Тұрғындарға, қоршаған ортаға зиянды әсер ету қаупі бар нысандар міндетті декларациялауға жатады. Өнеркәсіптік қауіпсіздіктің негізгі мақсаты – апаттардың салдарын болдырмау, барынша азайту. Мұның болашақта тұрғызылатын АЭС-терге де тікелей қатысы бар.
Қазақстан уран өндіру саласында әлемдік көшбасшылар қатарында бола отырып, көміртегісіз базалық қуаттардың көмегімен таза энергетикаға көшуді басты бағыт ретінде жоспарлағанына әжептәуір мерзім өтті. Оған негіз жоқ емес. Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталық жұмыс істейді. Сала білікті мамандармен қамтамасыз етілген. Оған құрылғанына 60 жылдан асқан Ядролық физика институтын, “Қазатомөнеркәсіп” компаниясын қоссақ, әлеуетіміздің қаншалықты екенін бағамдай беруге болады. Бұлардың барлық қызметі МАГАТЭ-нің тікелей бақылауында. Халықаралық тексерушілер АЭС салынатын орынды мұқият бақылайды, құжаттарды әзірлеу кезеңінен бастап қатаң қадағалауға алады. Содан кейін ғана АЭС құрылысын жүргізуге келісім береді. Бүгінде дүниежүзінде жұмыс істеп тұрған 415 реактордың жартысына жуығы – су немесе қысымдағы су реакторлары. Уран ядролық энергия өндіруге қабілетті болғанға дейін өндіріс пен өңдеудің бірнеше кезеңдерінен өтеді. Бұдан былай да уран өндіру ядролық-отын циклінің ең экономикалық тартымды сегменті болып қала берері сөзсіз. Қазіргі уақытта әлемдік уранның төрттен бір бөлігі “Қазатомөнеркәсіптің” еншілес кәсіпорындарына тиесілі. Үкімет бұл бағыттағы басымдықтарды БҰҰ-ның Жаhандық шартының қағидаттары мен 2030 жылға дейінгі аралықты қамтитын халықаралық стандарттарға сәйкес басшылыққа алып отырады. Көміртекті бейтараптылыққа жеткізу және декарбонизациялау стратегиясы шеңберінде парникті газдар шығарындылары жүйелі түрде төмендетіледі. Кәсіпорындар уранды жерасты ұңғымалық шаймалау әдісімен өндіруді жүзеге асырады. Демек, қоршаған ортаға, биоалуантүрлілікке, су ресурстарына және халықтың денсаулығына зиянды әсерлер барынша азайтылады деген сөз. Әлеуметтік даму саласында және келешек ұрпақтың өмір сүру деңгейін арттыру мақсатында өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының тұрақты өсуіне ықпал етеді. Қазірдің өзінде республика бойынша АЭС-ке арналған ядролық отын өндіру жөніндегі инновациялық жобалардың кешенді түрде қолға алынуы уран өнімдерінің желісін кеңейтумен қатар әртараптандыруға да зор мүмкіндіктер береді. Елімізге қандай реакторлық технология орнатқан дұрыс деген мәселе де егжей-тегжейлі талқылануда. Мамандар бұл қадамдарды елдің энергетикалық тәуелсіздігі жолындағы елеулі өзгеріс ретінде бағалап отыр.
Алысқа бармайық, ТМД тәжірибелеріне сүйенсек, 2023 жылдың қарашасында пайдалануға берілген Беларусь АЭС-нің №2 блогі электр энергиясына деген қажеттіліктің 40 пайызын қамтамасыз ете алды. Нәтижесінде, 2 үлкен ГРЭС-тегі ескі және тиімділігі төмен бу энергоблоктары пайдаланудан шығарылды. Ал Ресейден импортталатын табиғи газ көлемі 5,6 млрд. текше метрге дейін қысқарды. Оның газбен жылытуды электрмен жылытуға ішінара ауыстырудағы ықпалы да айтарлықтай.
Атом өнеркәсібінің қызметі тек электр энергиясын өндірумен ғана шектелмейді. Ол әртүрлі саладағы технологиялық дербестікке қол жеткізудің қозғаушы күші ретінде де қарастырылады. Экономиканы әртараптандыруға, өнеркәсіптік өндіріс пен өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, кадрлық әлеуетті дамытуға және аралас салаларда материалдармен, құрылыс жабдықтарымен қамтамасыз ету, коммуналдық және басқа қызметтерді көрсету үшін бизнесті өрістетуге кең жол ашады. Соған орай бірақ бүкіл әлемде белсенді дамып келе жатқан ядролық медицина және басқа да технологиялық секторлар үшін жоғары білікті кадрлар даярлау басты назарда болады.
Жұртшылық тарапынан “ядролық отын энергия бағасын тұрақтандыра ала ма?” деген сауал жиі қойылады. Басқа энергия көздерімен салыстырғанда, электр энергиясының қалыпты құнында ядролық отынның үлесі өте аз және шамамен 10 пайызға жуық. Жанармай құю стансаларында отынның үлесі – 60, дизельдік зауыттарда – 85 пайыз. Сондықтан жаңа ядролық отынның бағасы нарықтық ауытқуларға өте аз ұшырайды.
Көптеген зерттеулер мен сарапшылардың пікірлері атомдық энергияның көмір немесе мұнайға қарағанда әлдеқайда қауіпсіз екенін айғақтайды. Көмір өнеркәсібі – адам өлімі ең көп тіркелетін өндіріс саласы. Мұнай мен биоотынның залалы да аз емес. Қалыпты жұмыс кезінде АЭС онда қызмет ететін мамандарға, халыққа және қоршаған ортаға қауіп төндірмейді. Десек те, “сақтықта қорлық жоқ” демекші, АЭС-терде оқыс оқиғалар мен апаттардың алдын алу және олар орын алған жағдайда залалдың азаюы кешенді түрде қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл ретте АЭС-тің қауіпсіздік жүйелері маңызды рөл атқарады. Ең бастысы, АЭС-те электр энергиясын өндіру кезінде оттегі шығыны және көмірқышқыл газы ғана емес, сонымен қатар басқа “парниктік” ластаушы заттардың, улы және канцерогендік заттардың шығарындылары болмайды.
Соңғы жылдары әлемде атом энергетикасына бетбұрыс жасаған мемлекетттердің қатары өсіп келеді. Солардың бірі – Қазақстан. Былтыр Дубайда өткен COP-28 конференциясында жетекші елдер бірауыздан климаттың өзгеруімен күресу үшін әлемнің ядролық қуаты 2050 жылға қарай үш есе артуы керек деген мәлімдеме жасады. ХЭА-ның болжамдарына сәйкес, ядролық генерацияның қуаты 2022 жылғы 417 ГВт-тан 2050 жылы 620 ГВт-қа дейін артпақ. Жел мен күн энергетикалық тепе-теңдіктің қажетті элементтері екені рас. Бірақ олар тәулік бойы тұрақты электр энергиясын өндіруді қамтамасыз ете алмайтыны шындық.
Николай БОРЗИЛОВ,
Энергетика министрлігі атом және энергетикалық бақылау және қадағалау комитеті облыстық департаментінің басшысы.