Әнсүйер қауымның арасында кең тараған “Жәнібек ән салады, Ақселеу тамсанады” дейтін сөз бар. Шынында да, бір кездері экран арқылы өнер туралы бір әңгімені екіншісіне жалғастырып, көрерменді ұйытып отыратын қос тұлға қазақтың дәстүрлі мәдениетін ұстаған, көкірегі қазынаға толы соңғы алыптар сияқты көрінетін. Сол бағдарламаларды Жәнібек Кәрменов салған әндерді, оған Ақселеу Сейдімбектің берген сипаттамаларды қағаз бетіне түсірсе, көлемді ғылыми еңбекке жүк боларлықтай дүниелер еді. Кеңестік кезеңнен енді есін жинап келе жатқан жұртшылық осы хабар арқылы өз бастауына қайта оралып, жоғалтқан қазынасын тапқандай болды. Екі алып кездескенде небір әңгіменің тиегі ағытылып, ән мен жыр бұлағының көзі ашылғандай еді. Жұртшылық кешегі халық әндерінен бастап, жыраулар поэзиясы, сал-серілер шығармашылығымен Жәнібек Кәрменов арқылы танысып жатты.
Өнер майталманының орындауында таспаға түсіп, бүгінде алтын қорымызға енген әндердің ішінде Шашубай Қошқарбайұлының “Ақ қайыңы” да бар. Дала толы орман-тоғайдың арасын мекен еткен қызылжарлық оқырманды аталған әннің тарихы қызықтырмай қоймасы анық.
Қазақ ағып тұрған өнерпаздарды бүгінгідей шабыты бар деп емес, арқасы бар деп көтермелеген. Өйткені сал-серілер ән айтқанда ерекше күйге еніп, айналасын думанға бөлеп, көздері от шашып, домбырамен біте қайнасып кеткендей әсер қалдырған. Кешегі халқымыздың театры да, концерті де, тіпті циркі де осы әнші-ақындар еді. Осындай өнер мектебінің үздік өкілдерінің бірі – Шашубай Қошқарбайұлы еді. Шашубай десе, қазақтың есіне әлі күнге дейін ұлтымыздың қасиетті өнері, айтысы, әні, жыры түседі. Дала дүлдүлінің ойнақы бейнесі, әртістік қабілеті, арқасы туралы әңгімелер көп.
Қазақ өнерінің сан-саласында із қалдырған ақынның ән мұрасы да біршама. Соның ішінде “Ақ қайың” әні осы күнге дейін айтылып, кең тараған. Профессор Серік Негимовтің бұл әнге: “Шашубайдың шығармашылық өнеріндегі “ақ қайың” деген бейнелі ұғым қазақ сахарасының көркем келбетін, сән-сәулетін, шексіз кеңістігін, өнерпаздық болмысын, мұрат-мақсатын, ой аңсарын, тұрмыс-тіршілік толқындарын бейнелейді. Күн нұрына жайқалып, сыланып өскен, соншалықты музыкалық және поэзиялық сырлары мен қасиеттері терең, қиял, көңіл құстарын шартарапқа таратқан қанатты образ ақынның жан дүниесінің ішкі иірімдерін, өлеңге, өнерге деген махаббатын жайып салады” – деп сипаттама беруі туындының құндылығын айқындай түседі.
Өнер зерттеушілерінің жазуынша, “Ақ қайың” әні 1913 жылы Романовтар әулетінің билік құрғанына үш ғасыр толуына орай Алматыда өткен жиында автордың өз аузынан жазылып алынған екен. Білетіндер бұл грамофон белгілі әнші Манарбек Ержановта болғанын айтады. Манарбек Ержанов өзі де бұл әнді үлкен жиындарда орындап жүрген. Тіпті айтыстардың біріндегі үзіліс арасында әнші туындыны автордың алдында айтыпты. Шашубай да арқасы бар жан ғой. Өзінің “Ақ қайыңы” естілгенде шыдай алмай айқайлап жіберіп, сахнаға атып шығыпты.
1949 жылы қазақ өнерінің қос алыбы Кенен Әзірбаев пен Шашубай Қошқарбаев соңғы рет кездеседі. Сонда болған шағын айтыста Кенен өзінің “Ақ қайың” әнін үйреніп өскен ізбасар екенін жырлайды:
…“Ақ қайың”, “Сырлы қайың” әндеріңді,
Үйреніп мендей інің елге жайды.
Ақында сізден үлкен енді кім бар,
Жамбыл мен үлгі етеміз ұлы Абайды.
Шашубайдың осы әні туралы Әбділда Тәжібаевтың естеліктерінде де айтылады. Соған қарағанда дала дарыны қайда жүрсе де, “Ақ қайыңын” аузынан тастамаған сияқты.
“Арқалы, бет-аузын бақсыша ойнататын Шашубай ақын қыза келе домбырасын лақтырып жіберіп, тепсініп жүріп айтады екен. Оның термелеп төккен жырына оң аяғының тап-тап қосылғаны әлдеқандай айбарлы ырғақ береді”, – дейді қаламгер. Әншінің қандай үлкен өнер иесі, шабытты, арқалы жан болғанын осыдан-ақ аңғара беріңіз.
Шашубайдың әкесі Қошқарбай кедей болған екен. Ақын әкесінен ерте айырылып, жасынан жалшылықта жүреді. Бірде еңбегінің ақысын бермеген Айтбек дейтін байға өлеңмен талабын жеткізіп, содан бері өнер қуған екен. Жас кезінде Біржан салмен кездесуі Шашубайдың жолын ашты десе де болады. Қоянды жәрмеңкесіне келген атақты салды Шашубай біраз уақыт сыртынан бағып жүріп ақыры кезігудің сәті түседі. Арқаның ақтаңгерімен жүздескен алғашқы сәтінде де Шашубай осы “Ақ қайыңын” шырқап, ағасының батасын алған екен.
“Ақ қайың” – өнер иесінің өмірлік бағдарламасы сияқты ғажайып туынды. Онда еркелік те, даналық да, тазалық та, өрлік те, өнерпазға тән сүйкімділік те бар. Мұндағы есте қалар сөздер әсерлі әуенмен қабысқанда жан-дүниені тебірентіп, өнер құдіретін ұқтыра түседі.
1952 жылдың төртінші мамырында сал-серілердің соңғы жұрнағы Шашубай Қошқарбайұлы дүниеден озды. Елі өз асылын арулап, түн ішінде жасырын жаназасын оқыды. Коммунистік жүйенің құрығы ұзын сәтте халқы өз перзентін соңғы сапарға осылай аттандырды. Діни жоралғылар басқаша қабылданатын жүйеде Шашубай Қошқарбайұлын жерлеу комиссиясы құрылады. Ел-жұрт ақынды өз аманаты бойынша жерлеу үшін Бектау-Атаға апарады. Топырақ салынғаннан кейін қабір басында тұрған жұрт не істерін білмей тұрып қалады. Салтымызда марқұмға жер қойнына тапсырылғаннан кейін құран оқылуы тиіс. Бірақ бұл әрекеті өзіне зиян болып тиерін білгендердің алақан жаюға батылы бармайды. Сол сәтте жерлеу комиссиясының төрағасы әрі өнерпаз Әлихан Жәңгіров жол тауып, “Ақ қайың” әнін айта бастайды. Сондағы жұрттың бәрі бұған қосылып, хормен шырқайды. Осылай туған халқы асыл перзентін ақтық сапарға әнмен шығарып салады. Шашубайдың бар ғұмырының айнасы сияқты туынды ол дүниеден өткеннен кейін де айтылып, атадан балаға аманат болып, бүгінге дейін қазақ даласын тербетіп келеді.
Әлия СЕҢКІБАЕВА,
“Мерей” өнер мектебінің директоры.
Қызылжар ауданы.