Қазақ музыка өнерінде Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жүсіпбек Елебековтің орны ерекше. Ол – дәстүрлі кәсіби ән мектебінің негізін қалағандардың бірі. Дара дарын иесінің тағылымды өмір жолы өзгелерге өнеге. Қазақтың классикалық ән өнерін насихаттауға зор үлес қосқан дара тұлғаның туғанына биыл 120 жыл толып отыр.
Сан ғасырдан бері қазаққа құтты қоныс болған, Алашқа айбын берген Сарыарқада аузын айға білеген батырлар, көмейіне бұлбұл құс ұя салған небір әншілер мен танымал тұлғалар дүниеге келген. Ән мен жыр толассыз кернеген мекенде Жүсіпбектей тума таланттың дүниеге келмеуі мүмкін емес еді. Бұрынғы Қаратау, қазіргі Нығмет Нұрмақов атын иеленген (Бұл ауылда мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақов дүниеге келген) ауылдан сексен шақырым шамасында, Мыржық, Абыралы тауларына қарай ұмсына созыла түсіп жатқан Қойтас атты жыпырлаған ұсақ, адыр төбелі, бұйратты, беткейлі жатаған таудың бауырындағы шикі кірпіш пен таудың кесек тасынан соғылған көне қыстау үйде 1904 жылы болашақ ұлы әнші Жүсіпбек Елебеков дүние есігін ашты. Қазір бұл мекен әкімшілік жер бөлінісі бойынша Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының аумағы болып саналады.
Жүсіпбектің үлкен өнерпаз болатындығын сәби шағынан, дәлірек айтсақ, бес жас шамасында байқап, оған алғаш ән үйреткен ағасы Жақыпбек болды. Туыстық жағынан Жақыпбек Жүсіпбектің немере ағасы болып келеді. Ол өзінің өнерімен Қарқаралы уезін аузына қаратып, жастайынан қолына домбыра ұстап, ән салған. Жақыпбек ауыл-аймағының ойын-тойының гүлі болғанға ұқсайды. Ол әкесі Балғабайдан тараған аға-інілеріне ұстаздық етіп, үнемі ән үйрететін. Олардың ішінде қияға көз тастап, талпына қанат қаққалы отырған жігерлі жас Жүсіпбек те бар еді. Әкесі Елебек шағын шаруалы адам болған. Жас кезінде ән салып, күй де тартқан, бірақ тұрмыстың нашарлығынан өнер қумаған.
Жүсіпбек он төрт жасқа жаңа толған кезінде оның ұстазы, әрі арқа сүйер ағасы Жақыпбек мезгілсіз қайтыс болады. Бұл жағдай Жүсіпбекке оңай тиген жоқ. Сөйтсе де жалынды жігер, дарынды өнер оны жасыта алмады. Жүсіпбек 1922 жылы 17 жасында Семей қаласына барып, ат айдаушы болып жұмысқа орналасады. Семейде әнші ретінде таныла бастайды. Бір күні театрда болатын концертке шақырылады. Театр сахнасында әйгілі Біржанның “Жамбас сипар” әнін шырқайды.
Ауылдан келген жас әнші Жүсіпбек жібектей созылған, мөлдір судай тұнық, кіршіксіз таза сыңғырлаған сұлу даусымен отырған жұртты өзіне қаратады. Әнсүйер қауым қайта-қайта қол соғып, оны сахнадан жібермей қойған. Көпшіліктің сұрауы бойынша Балуан Шолақтың “Ғалия”, Ақан серінің “Құлагер”, Жаяу Мұсаның “Көкаршын” сияқты әндерін айтып, тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырады. “Жүргенге жөргем ілінеді” дегендей, Жүсіпбек осы сапарында атақты әнші Әміре Қашаубаевпен танысып, одан қазақтың күлдіргі әні “Ағаш аяқты” үйренеді. Сондай-ақ Абай ауылының әншісі Әлмағанбетпен кездесіп, бұрын өзі шала білетін “Сегіз аяқ”, “Бойы бұлғаң”, “Көзімнің қарасы”, “Татьяна” әндерінің дұрыс нұсқасын меңгеріп алады.
Арқа жақта жыл сайын өтіп тұратын Қоянды жәрмеңкесінде көп жерлерден жиналған талай талант иелерімен танысады. Солардың ішінде атақты әншілер – Қали Байжанов, Ғаббас Айтпаев, Майра Уәлиева, Қуан Лекеров, көркемсөз шебері Қалыбек Қуанышбаев сияқты сан алуан өнерпаздармен бірге болып, шығармашылық пікір алмасқан. Жыл сайын әншілік өнері өрістей бастаған Жүсіпбектің аты ауылдан ауданға, ауданнан облысқа жетеді. Соның нәтижесінде ол 1931 жылы 27 жасында Алматыдағы республикалық музыкалық қазақ драма театрына шақырылады. Онда Күләш Байсейітова, Қалыбек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Құрманбек Жандарбеков сияқты өңшең өнер қайраткерлерімен иық түйісе қызмет етті.
Жүсіпбек келген бетте театрда өтетін концерттерге қатысып жүрді де, кейін сол кезде қойылған Мұхтар Әуезовтің “Еңлік-Кебек” пьесасындағы Жапалдың рөлін, “Айман-Шолпан” қойылымындағы Әлібектің рөлін ойдағыдай сомдайды.
1931-1935 жылдары әнші Қазақ радиосының әуе толқынынан тікелей концерт берген. Ол кезде үнтаспа болмаған. Театрда 4-5 жыл қызмет істегеннен кейін 1935 жылы жаңадан ашылған Қазақ мемлекеттік филармониясына ауысады. Жүсіпбек Елебековтің өмірлік есінде сақталатын қызықты сапарының бірі – 1936 жылы мамыр айында Мәскеуде өткен Қазақстанның әдебиеті мен көркемөнерінің онкүндігіне барып, үлкен театр сахнасында берілген концертте жұртшылықтан жақсы баға алуы.
Жүсіпбектің көркемөнер саласындағы еңбектерінің бірі әрі маңыздысы – Отан соғысы кезінде майдан шебіне барып, жауынгерлер алдында концерт беруі. Осы сапарында жауынгер композитор Рамазан Елебаевтың “Жас қазақ” әнін тұңғыш орындап, халыққа кеңінен насихаттады.
1960 жылы Қазақконцерттің әншісі болды. 1967 жылдан Қазақ эстрадалық студиясында ұстаздық қызметпен айналысты. Жүсіпбектің аты тек Қазақстанда ғана емес, басқа туысқан республикаларда да зор құрметпен аталады. Өйткені ол Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан республикаларында болып, көптеген концерттер берді. 1958 жылы жаз айында Қарақалпақстанға барып, екі ай концерт қойды. Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне (1936-1958ж.) қатысты. Гастрольдік сапармен Қытайда, Моңғолияда, Үндістанда болды.
Жүсіпбек Абай әндерін жақсы көріп, үлкен шеберлікпен орындаған. “Сегіз аяқ”, “Қор болды жаным”, “Көзімнің қарасы”, “Бойы бұлғаң”, “Айттым сәлем, Қаламқас” әндерін басқа ешбір әншінің әуеніне келмейтіндей орындайды. Жүсіпбектің репертуарында “Қарға”, “Көгершін”, “Сұржекей”, “Ардақ”, “Құлагер”, “Айтбай”, “Жанбас сипар”, “Ағаш аяқ”, “Жиырма бес” сияқты көптеген ән бар. Ол Қазақстан композиторларының да туындыларын нақышына келтіре шырқайды. Соның ішінде композиторлар Мұқан Төлебаев, Бақытжан Байқадамов, Қапан Мусин, Сыдық Мұхамеджановтың, Әбілахат Еспаевтың және Садық Кәрімбаевтың талай тамаша әндері бар.
Ж.Елебековтің орындауындағы жүздеген ән үлгілері этнографиялық музыка жинақтарына еніп, ғылыми зерттеулерге арқау болды. А.В.Затаевич әншінің айтуы бойынша “Ғалия”, “Арарай”, “Сұржекей”, “Екі жирен”, “Балқурай” әндерін нотаға түсірген.
Ол 1977 жылы Алматы қаласында дүниеден өтті. Қазақстанның халық әртісі атағына 1942 жылы ие болды. Ленин, “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталған. Жүсіпбек көптеген талантты жастарды әншілік өнерге баулыды. Арқа ән өнерін насихаттады. Республика бойынша оның шәкірттері өте көп. Солардың ішінде Қазақстанның халық әртістері Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов пен тағы басқаларын атап өтуге болады. Біздің облыстан шыққан дәстүрлі әнші, Мәдениет саласының үздігі Таңат Бейсенбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева, әнші, термеші Кәмила Әлібаева да Жүсіпбек Елебековтің алдын көрген.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.