Қыркүйек айының екінші жексенбісінде елімізде отбасы күні аталып өтілді. Отбасы – адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп ержететін, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болмасын отбасының адамзат ұрпағына ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды.
Отан отбасынан басталатындықтан, елдегі отбасы институтының рөлін күшейтіп, ұлттық тәрбиемізді нығайтуымыз керек. Жастарымыздың көргенді, сауатты, отаншыл болып өсуі үйдегі тәрбиеге байланысты.
Атаулы күнге орай С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Отбасы – бақыт мекені” атты іс-шара өтті. Шараға қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин, облыстық мәслихат депутаты Сәуле Сұрағанова, қалалық мәслихат депутаты, әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Елена Семидоцких және көпбалалы отбасы мүшелері қатысып, сөз сөйледі. Ал “Грация” би ансамблі өз өнерімен жиналғандардың қошеметіне ие болды.
– Елімізде жас отбасыларды қолдау мақсатында іске қосылған бағдарламалар бар. Соның ішінде “Бақытты отбасы”, “Мерейлі отбасы” жобаларын атап өтуге болады. Өсіп-өнген мерейлі жанұялардан жастардың үйренер тәлімі көп, – дейді Елена Семидоцких.
Биылғы жылдың сегіз айында елде 43 мың отбасы құрылып, 265 мың сәби дүниеге келген. Мамандар елдегі демографиялық ахуалдың оң сипатта екенін айтады. Өкінішке қарай, соңғы жылдары ажырасу көрсеткіші көңіл көншітпей тұр. Жыл басынан бері 13 мыңнан астам жұп дәм-тұзы жараспай екіге айырылған. Ал бала туу көрсеткіші бойынша өңіріміз ең соңғы орындардың бірінде тұр. Биылғы сегіз айда Қызылжарда 4313 туу туралы куәлік берілген.
Қайыржан МӘЛІКОВА,
С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкері.