V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жарыс жолына аузымен құс тістеген жүйріктер шықты. Соның ішінде құнан бәйгеге Қазақстан, Қырғызстан мен Моңғолиядан 15 сәйгүлік қатысты. 11 шақырымға созылған додада жерлесіміз Біржан Шаймерденовтің “Қамысқұлағы” мәреге оқ бойы озық келді.
Жарыс басталысымен Қырғызстаннан келген тұлпар суырылып алға шыққан. Ал “Қамысқұлақты” тізгіндеген Әмір Серік болса соңғы екі айналым қалғанға дейін тізгінді тартып отырды. Тек ақырғы шақырымдарда ғана қамшы басты. Нәтижесінде жеңіс солтүстікқазақстандық спортшыға бұйырды. “Қамысқұлақтың” екпініне ешкім ілесе алмады. Құнан бәйгенің күмісі де, қоласы да отандастарымыздың еншісінде. Екінші орынға “Айшуақты” тізгіндеген Аңсар Арыстанбек көтерілсе, үшінші жүлделі орынды “Бақторы” атты тұлпарымен Ділнұр Нұрмұқаш иеленді.
Бұған дейін “бес асықтан” солтүстікқазақстандық спортшы Сәния Әскер жеңіс тұғырының ең биігіне көтерілгенін айта кеткен жөн. Жерлесіміз командалық сында топ жарды. Бес асықтан ұлттық құрама “А” тобында қарсылас шақ келтірмей, алғашқы орынмен ақтық сынға жолдама алған. Финалда қазақ қыздары Ресеймен бақ сынасты. “Алау” мұз айдыны кешенінде өткен ойында отандық спортшылар қарсыластарын 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Көшпенділер ойындарында “Қызылжар арландары” клубының мүшесі Мейіржан Берекетов қазақша күрестен 60 келі салмақта бірінші орын алғанын бұған дейін жазған болатынбыз.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.