Сәуірдің басында 22 жастағы петропавлдық жеңіл ақша табу үшін есірткі сатумен айналысатын интернет-дүкенде жұмыс істей бастаған. Бір айға жетер-жетпес уақытта оның бұл “жұмысы” 40 мың теңге табыс әкеліпті. Алайда көп ұзамай полиция қызметкерлері жас жігітті осындай кезекті әрекетін іске асырып жатқанда қолға түсірді.
Тінту кезінде одан синтетикалық есірткі салынған түйіншектер табылды. Кейін жауап алу нәтижесінде қаланың шеткері аудандарында және саяжай қоғамдастықтарының бірінде есірткі жасырған орындар анықталды. Жалпы салмағы 14,92 грамм “α-PvP” есірткісі және 22,15 грамм мефедрон тәркіленген.
– Сот жігітті кінәлі деп тауып, он жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енді. Жыл басынан бері облыста есірткі өткізгені үшін 25 жасқа дейінгі 25 адам сотталды. Олардың қылмыстық әрекеті орташа есеппен алғанда үш айдан аспайды, – дейді облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.
Игорь МЕРЦАЛОВ,
облыстық полиция департаменті ақпараттық саясат бөлімінің жетекші маманы.