Ертеректе бір әйелдің күйеуі, баласы және бауыры бір үлкен қылмыс жасап, ханның қаһарына ілігіп, тұтқынға түсіпті. Ханнан дат сұрап, қара жамылып кешірім сұрап жылап келген әйелге хан: “Сен үшін бір-ақ адамға кешірім беремін, өзің барып босатып ал”, – деген екен. Әйел ойланбастан барып дар ағашының алдында тұрған үшеуінің арасынан бауырын босатып алыпты. Сонда хан: “Талай жыл отасып, өмірдің ыстық-суығын бірге кешкен, мәңгілік бірге болуға сөз байласқан күйеуіңді немесе бауыр етің балаңды неге құтқармадың? Көздері жаутаңдап саған қарап тұрды ғой”, – дегенде әйел: “Басым аман болса күйеу табылар, күйеу табылса балам болар, ал бірге туған бауырымды қайдан табамын”, – деген екен. Әйелдің ақылдылығына риза болған хан үшеуін де босатыпты дейді халық аңызында. Иә, бауырдан асқан жанашыр, қамқор адам жоқ шығар. Өмірде бауырдың қадірін білгенге не жетсін!?
Қазақта “бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ екен” деген сөз бар. Қайда жүрсем де бауырларымды ойлап, олардың жағдайына алаңдап отырамын. Менің де бес бауырым бар еді. Алайда екі апам мен інім о дүниелік болды. Бүгінде жасым ұлғайып, өзім ата болсам да сол бауырларыма деген жүректе сағыныш, қимастық сезім бар. Әлі де жақындарыммен қауышатындай алаңдап тұрамын. Әттең, өмір жалған деген осы екен.
Соңымнан ерген інім Ерғали осыдан 4 жыл бұрын келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанды. Бауырым қайтыс болғанда қанатым қырқылғандай күй кештім. Еңбекқор, өткір, адамға деген ізеті де сондай керемет еді. “Жақсы адамның артында жақсы сөз қалады” дегендей қазір енді оның өнегелі өмірін, еңбекқорлығын көпке үлгі етуден басқа амал жоқ.
Ерғали Әуелбеков 1959 жылы 9 мамырда Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Жаңасу ауылында дүниеге келді. Жастайынан еңбекке араласып, ата-анамызға қолғабыс етті. Бұғанасы қатпаған бозбала жасында кеңшардың малын бақты. Кеңшілік те, кемшілік те көп кеңес заманында мал бағудың азабын айтып жеткізу мүмкін емес. Күні-түні кеңшар жұмысына жегілген Ерғали қандай қиын шаруа тапсырылса да, ешқашан бас тартпады. Аттың құлағында ойнады. Жүген-құрық тимеген асауды тақымдауда алдына жан салмайтын. 18 жасқа толғанда механизатор болуды ұйғарып, жүргізуші курсын бітірді. Бұл жұмысты да ұршықша иірген бауырым табан аудармастан 35 жыл механизатор болды. Түрлі техникаларды тізгіндеп, алдынғы қатардағы білікті маман ретінде көпшіліктің құрметіне бөленді. “Шарық” кеңшарында еңбекпен есейген азамат бейнетінің зейнетін көретін жасқа таяп қалғанда жалған дүниемен қоштасып кете барды.
Тосыннан келген ажалға араша тұра алмадық. Ауыр бейнет салдарынан денсаулығы сыр берген екен. Артында ұл-қыздары қалды. Сол бала-шағаны жеткізу үшін бауырым жанын салды. Келінім Рақиза екеуі екі қыз, төрт ұлды қатарынан қалдырмай тәрбиеледі. Қолдарынан келгенше білім алуларына жағдай жасады. Бірақ өмірдің қызығын бірге кешіп келе жатқан жарынан айрылу кез келген ер-азаматқа оңай емес. Ол сынақты да Ерғали жеңе білді. Балаларын құтты орындарына қондырды
Ұл-қызының рақатын көріп, немере-жиен сүйіп, бақытқа бөленгені сол еді сұм ажал арамыздан оны да жұлып алды. Бүгінде артында қалған бес баласы әке атына кір келтірмей, ел қатарлы түтін түтетуде. Барлығы да оқыған, білімді азаматтар. Олармен үнемі хабарласып, қал-жағдайларын біліп тұрамын. Балаларын көргенде, бауырымды көргендей боламын. Десе де Ерғалидың орны ойсырап тұр. Жақыныңның орнын ешкім де баса алмайды. Қайтейін қолдан келер дәрмен жоқ. Ендігі жерде қолдан келері жарқын бейнесін еске алып, рухына құран бағыштау ғана. Сондықтан бауырды барында құрметтеп, қадірін білу қажет екенін айтқым келеді. Ешкім мәңгі жасамайды. Мүмкіндік барда жақындарымызға көңіл бөліп, қолдан келгенше қамқор болайық!
Сабырғали ӘУЕЛБЕКОВ,
зейнеткер.