«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Бірлікте” 700 үйдің құрылысы толық аяқталды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы “Бірлік” шағынауданында 700 үйдің құрылысы толық аяқталды.  Тасқыннан зардап шеккен отбасылардың соңғы легі, яғни, 173 шаңырақ жаңа баспанаға ие болды. Пәтер кілттерін салтанатты табыстау рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қатысты. Сондай-ақ, тұрғындарды жаңа қоныстарымен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен “Kaspi kz” директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким құттықтады.

“700 үйдің құрылысы кестеге сай аяқталды. Баспаналардың құрылысына “Қазақстан халқына” қоры, “Kaspi kz”, “Kazminerals Management” және “Kazakhmys” корпорациялары демеушілік көрсетті. Сондай-ақ, түріктің “YDA” компаниясы 20 үй салып берді. Петропавлдың картасында жаңа шағынаудан пайда болып, мұнда тұрғындарға жайлы өмір сүруге барлық жағдай жасалуда.

Көшелерге асфальт төселеді, қоғамдық көлік қатынасы орнады.  Бүгіндері балабақшаның құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ бұл ауданда 600 орындық жаңа мектеп салу жоспарланған”, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Жаңа баспанаға ие болғандардың бірі – Әлима Жаманкөзова. Ол су тасқынына дейін Ойқала шағынауданында тұрған. Баубақша егіп, мал өсіргенді жақсы көретін тұрғынға әкімдік өкілдері “Бірлік” шағынауданынан үй беріледі” дегенде қатты қуаныпты.

“Үйлері суға кеткен қаншама отбасына қуаныш сыйлаған жергілікті билік өкілдеріне алғысымды білдіремін. Құрылыс басында бел жазбай жұмыс істеген жігіттердің еңбектері ерен”, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны.

Ал Вадим Бедренцев – Заречный кентінің бұрынғы тұрғыны. Баспанасы суға кеткенде ол да басқалар сияқты шарасыз күй кешіпті.

“Тасқын су біздің үйімізді түгел шайып кетті.  Бүгін жаңа баспананың кілтін алдық. Шыны керек, алғашында үйсіз далада қалатын шығармыз деген күмән болды. Көмек көрсеткен барша жанға алғысым шексіз.  Үйлердің жобасы ұнады, іші жарық әрі кең”, – дейді Вадим Бедренцев.

Тасқыннан зардап шеккендерге 1400-ге жуық пәтер сатып алынды. Сондай-ақ, 1899 баспана күрделі жөндеуден өтті.

“Бүгінде 3893 отбасы жаңадан баспаналы болды. Тұрғындардың осы қуанышына себепкер болған, көмегін тигізген меценаттар мен кәсіпкерлерге ерекше алғыс білдіреміз. Енді, біздің алдымызда күн суытқанға дейін бөгеттердің құрылысын бітіру жұмысы тұр. Бұл апат ендігі жылы қайталанбауы тиіс. Бюджеттен қажетті қаражат бөлінді”, – деді Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев. 

Кейін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев “Бірлік” шағынауданында салынып жатқан 90 орынға шақталған балабақша құрылысын көрді. Шілде айында іргетасы қаланған нысан қазанда тапсырылады деп жоспарланып отыр.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp