Жақында күрес түрлерінен Испанияның Понтеведре қаласында 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионаты өткен болатын. Байрақты бәсекеге ұлттық құрама сапында балуан Ислам Евлоев қатысты. Ел намысын қолдан бермеген ол жеңімпаз атанды. Чемпионнан алған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Ислам, сен қазір М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде білім алып жүрсің. Бірақ ата-анаң Көкшетау қаласында тұрады. Өзге өңірдің тумасы бола тұра халықаралық додаларға теріскейлік команда атынан қатысуыңның себебі неде?
– Иә, менің туып-өскен жерім – Көкшетау қаласы. Арқаның кербез сұлу өңірінде кіндік қаным тамса да, жұлдызым Қызылжар қаласында жанды. Білім қуып, осы облысқа келген соң теріскей атынан қатысып жүрмін. Қазақстан – бір ел, сондықтан ұлттық құрама сапына алынған спортшылар арасында аймаққа бөліну о бастан жоқ. Барлығы бір отбасының баласындай, бір-бірін сыйлайды. Жүлдегер болып оралған кезде сен басқа облыстың атынан шығып, жеңімпаз атандың деп шеттетпейді. Себебі бәрі еліміздің намысы үшін күреседі ғой. Мен Көкшетауға барсам, ол жақта да қолдайды. “Туған жеріңе қайта орал” деген сөзді де естіген емеспін.
– Әлем біріншілігіне дейін бірнеше жарысқа қатысқаның белгілі. Спортта жеткен басты жетістіктеріңе тоқталып өтсең.
– Грек-рим күресімен 14 жасымнан бастап айналысамын. Бұл спорт түрін таңдағаныма өкінбеймін. Ағам да – балуан. Ол мені кішкентайымнан үйірмеге әкеліп, білгенін үйретті. Бірақ мен күресті тастап, бокспен және жеңіл атлетикамен айналыстым. Онда жолым болмады. Сондықтан күреске қайта оралдым.
Алдымен өңірлік турнирлерде бақ сынадым. Жүлдегерлер қатарынан көрініп, халықаралық жарыстарға қатыстым. 2018 жылы Иранда жасөспірімдер арасында Азия біріншілігінде күміс медальға қол жеткіздім. Сол жылы кадеттер арасында ел біріншілігінде топ жардым.
2018 жыл мен үшін сәтті болды. Ұлттық құрама сапына алынып, 23 жасқа дейінгі балуандар қатарында өнер көрсетуге мүмкіндік алдым. Менен жасы үлкен спортшылармен белдестім
2022 жылы Парижде гимназиада болды. Онда мен чемпион атандым. Сол жылы жастар арасында Азияның басты бәсекесінде бақ сынап, екінші орыннан көріндім. Бұл жарыста 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында өтті.
– Биыл қандай асуларды бағындырдың?
– Осы жылы ел біріншілігінде жүлдегерлер қатарынан көріндім. Ұлттық құрамаға алынып, Испанияның Мадрид қаласына аттандым. Бірақ бұл жорығым сәтсіз болды. Кейін Хорватиядағы турнирде бағым жанды. Жастар арасындағы сайыста алтыннан алқа тағындым. Бұл жеңісім әлем біріншілігіне баруға жол ашты деуге болады.
– Әлем біріншілігіне дайындық қалай өтті?
– Елімізде төрт оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Әрқайсысында қателіктермен жұмыс істедім. Жеке бапкерім Қонысбек Түкенов ақыл-кеңесін аяған жоқ.
– Әлем чемпионаты сен үшін сәтті өтті. Қарсыластарың мен жарыс жайлы айта кеткең.
– Мен бес белдесу өткіздім. Германия, Чехия, Қытай, Ресей және Түркия елдерінің спортшыларымен белдестім. Финалға дейінгі қарсыластарымды мерзімінен бұрын жеңсем, ақтық сында өте мықты балуан жолықты. Әлемнің, Еуропаның екі дүркін чемпионы, Түркия елінің өкілі Альперен Белбер дүниежүзілік рейтингте 7-ші орында тұр. Сондықтаан менің жеңісімді сенсация деуге болады. Барша жанкүйерлер түркиялық балуан жеңіске жетеді деп ойлаған. Бірақ мен намысты қолдан бермей, 9:3 есебімен басым түстім.
Бұл жолғы чемпионатта грек-рим балуандары еліміздің қоржынына бір алтын, бір күміс және үш қола медаль салды. Көк байрағымызды көкке көтергеніме қуаныштымын. Алдағы мақсатым – Олимпиадаға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көріну. Әлі талай шыңдарды бағындырамын деп ойлаймын.
– Әңгімеңе рақмет!
Сұхбаттасқан
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.