«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛДА — АУҚЫМДЫ МІНДЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйек күні “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” деген тақырыпта кезекті Жолдауын жариялап, алдағы жұмыстың нақты бағыттарына тоқталды, дамудың жаңа бағдарын белгілеп берді. Елімізде экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін берілгенін, инфляция баяулағанын атап өтіп, осы қарқынды жоғалтпау, бұған дейін жасалған қолайлы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, жаңа инвестициялық кезеңді бастау міндетін қойды.

Президент тоқталып өткендей, экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдайлар жасау керек.  Сонда бизнес өкілдері де жауапкершілікпен жұмыс істейтін болады. Осы тұрғыдан алғанда, ауданда инвестициялық ахуалды орнықтыру тәжірибесі кең өріс алып келеді. Жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестиция мөлшері 11,3 млрд. теңгеге жетіп, кәсіпорындардың жеке қаржысы 95,6 пайызды құрады. Ал бюджет есебінен тартылған қаражат құрылыс, жолдарды қалпына келтіру және әлеуметтік салаларға бағытталды. Мемлекеттік саясаттың басты мақсаттарының бірі – халықтың әл-ауқатын жақсарту десек, алдымызда экономика саласына салынған тікелей инвестиция қарқынын бәсеңдетпеу, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде бірлескен озық жобаларды сапалы түрде жүзеге асыру міндеттері тұр. Тайыншада 100 млн. теңгеге күрес залының, Приречноеде 30 млн. теңгеге ипподромның, Келлеровкада дене шынықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде.      4 жолақты бассейннің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Шаруашылықтардың өндірісті кеңейтумен ғана шектелмей, әлеуметтік салаға де жете көңіл бөлуі құптарлық. 

Жолдауда салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру өзекті мәселе саналатыны, осыған орай бизнесті дамытуға нақты септігі тиетін жеңілдіктерді ғана қалдыру, өндірісті өркендетеміз деген инвесторға артықшылықтар, терең өңделген өнімді экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге жеңілдіктер беру мәселесі кеңінен сөз болды. Аудан әлеуетін жаңа өндіріс орындарын құруға бағыттайтын кәсіпорындар аз емес. Олардың қатарындағы астықты, майлы дақылдарды, ет, сүт өнімдерін тереңдеп өңдейтін, құрамажем өндіретін “BioOperations”, “Тайынша май, “Тайынша элеватор”, “MEMOLUX”, “EMC AGRO”, “Лера Норд”, “Петровка” секілді өндіріс орындарының қадамдары серпінді. Оған 6 айда өнеркәсіп өнімдері көлемінің 28,5 млрд. теңгені құрауы дәлел. Бүгінде 9 жоба мақұлданып, оларды іске асыруға 39,3  млрд. теңге қарастырылған. “BioOperations” ЖШС жобалық құны 0,5 млрд. теңге болатын түйіршіктелген жарма өндіретін цехтің құрылысын аяқтады.  “MEMOLUX” кәсіпорны 10,1 млрд. теңгенің 5 жобасын жүзеге асыруға қызу кіріскен. “GREEN GOLD ILYICHEVKA FACTORY” ЖШС 7 млрд.теңгеге құрамажем зауытын,  “Тайынша Май” ЖШС 1,3 млрд. теңгеге сұйық майға арналған пластикалық ыдыстар жасайтын, “Лера НОРД” ЖШС пастерленген сүт цехын іске қоспақ. Өсірілетін ірі қара малдың 47,4 пайызы әлеуетті агроқұрылымдардың үлесінде, оның ішінде 7 асылтұқымды репродуктор шаруашылыққа 11 мың Зеңгі баба түлігі тиесілі. “Шұғыла”, “Қаратомар” серіктестіктері асыл тұқымды шаруашылық мәртебесіне ие.

Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттің экономикадағы тікелей үлесі әлі де жоғары деңгейде қалып отырғанын, мұндай ахуал нарықтағы теңдік шарттарын бұзатынын, жеке бастамаларға тосқауыл болатынын орынды ескертті. Биыл 6 инвестициялық жобаға 12,5 млрд. теңгенің қаржылық қолдауы көрсетіліп,  “Асар” ЖШС 400 бас сиырға арналған тауарлы-сүт,  “AMANAT” ШҚ 5000 басқа шақталған асылтұқымды қой фермасын тұрғызбақ. “EMC AGRO” шошқа кешенін 200 мың, “Зеленые луга” ЖШС сүт кешенін 800 басқа дейін кеңейтпек. “Мастер Агро” ЖШС 150 гектар егістік алқабына тамшылатып суару технологиясын енгізбек.

Жолдауда агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тартудың маңыздылығы айтылып, саланы тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу, жерді ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі ретінде қарастыру, бос жатқан жерді оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтару, ал жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау талаптары қойылды. Қаңтар-маусым айлары аралығында 14,6 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Жеке және заңды тұлғалардың еңбекке құлшынысын ынталандыра отырып, кәсіпкерлік саласының өркендеуіне жол ашу басты мақсаттардың бірі болып қала береді.  Аудан аумағында ауданда 1889  шағын және орта бизнес субьектісі, 531 шаруа қожалығы тіркелген. Биылдың өзінде ғана 22 шағын кәсіп иесі дәмхана,  балалар ойын-сауық орталығын, шағын маркет ашып, өз істерін талапқа сай бастап кетті. Бүгінгі таңда 581 мың гектар алқапқа маңдай термен өсірілген ауыл шаруашылығы дақылдарын шашпай-төкпей жинап алудың барлық жолдары қарастырылған. Егіс танаптарын диферсификациялаудың, рентабельді дақылдарды аудандастырудың нәтижесінде биыл да егіннің шығымдылығы көңілдегідей. “Степноишим тәжірибе шаруашылығы”, “Агроном-Тайынша”, “Астық-STEM”, “Тамыз-агроинвест” ЖШС-лары агроқұрылымдарды өнгіштігі жоғары элиталы тұқыммен толық қамтамасыз ете білді. Тұқым, гербицид, минералды тыңайтқыш сатып алуға 2,8 млрд., 215 техникаға 4 млрд. теңге субсидия бөлінді. Биыл еліміз бойынша егіс науқанына екі есе көп қаражат қарастырылды. Агроөнерәсіпке жұмсалатын бүкіл ақшаның 70 пайызы – мемлекет қаржысы.  Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттары субсидиялауды жүргізіп келсе, енді банктер де осындай тәжірибені қолданатын болады. Мұның бәрі, Жолдауда атап көрсетілгендей, шаруаларды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайландыруға оң әсер етпек.

Жолдауда Үкімет пен әкімдерге экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аудару, еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндіктер беретін жаңа тетіктерді қарастыру, жұртшылықты толғандыратын проблемаларды жедел түрде шешу міндеттері жүктелді. Президент үлкен сынақтың бірі ретінде көктемгі алапат су тасқынын атап,  осы оқиғадан сабақ алу, кез келген қатерге әзір болу тиістілігін еске салды. Қарғын су аудандағы 23 үйді, 9 жол учаскесін шайып кетті. Зардап шеккендерге 8,5 млн. теңге әлеуметтік көмек беріліп, 9 млн. теңгеге баспаналар жөнделді. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің тікелей қолдауымен әкімдік резервінен бөлінген 188 млн. теңгеге су өткізгіш желілер қалпына келтірілді.

Ауданда өткір тұрған мәселелердің бірі – ауызсу. Бүгінде 39042  тұрғынның 71  пайызы немесе барлық елді мекендердің  49 пайызы ғана сапалы тіршілік көзімен қамтамасыз етілген. 17 ауылға (21 пайыз, бұларда 19657 адам тұрады) орталықтандырылған су жүйесі тартылған. Былтыр Ильич пен Ильичевкаға су желісі жеткізілді. Биыл 5 ауылды,  5287 адамды қамтитын 4 жоба іске асырылады. 21 ауылға су тазалайтын блок-модуль орнатылады.  Стратегиялық мәні айрықша автокөлік жолдарын жөндеуге де айрықша мән берілуде. Биыл 20 жоба шеңберінде 2,85 млрд. теңге қарастырылып, 250,5 шақырым ауданішілік жолдар жөнделеді. “Таза Қазақстан” жалпы республикалық акциясы аясында “Таза Тайынша” бағдарламасы қабылданып, түрлі экологиялық шараларға 4300-ден астам адам қатысты.

Президенттің 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауы, кәсіптік білім беру саласына реформа жасау өзекті мәселе ретінде айтылуы тектен тек емес. Өйткені, жоғары оқу орындарымен қатар, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің де еліміздің кадрлық әлеуетін жаңғыртудағы, білімді мамандармен толықтырудағы ықпалы зор. Тайыншадағы “Агробизнес” колледжінде ауыл шаруашылығын механикаландыру, слесарь-жөндеуші, ауыл шаруашылығы техникаларын жөндейтін шебер,  ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі, тамақ өндірісі ісін ұйымдастырушы, кондитер-аспаз, құрылыс шебері, жеке әрлеу шебері мамандықтарына даярланатын 150 студент үшін барлық жағдай жасалған. Ауданда мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге әркез көңіл бөлінеді. 26 орта, 15 негізгі,  7 бастауыш мектепке баратын 5622 оқушыға 1 мыңнан астам ұстаз сабақ береді. 2023 жылы Тайыншада 600, Вишневкада  120 орындық білім үйі пайдалануға берілсе, биылғы жаңа оқу жылында Драгомировкада 120 орындық ғимарат есігін айқара ашты. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша 3 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге 425 млн., мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңалауға 118 млн.теңге жұмсалды.

Алдымызда ауқымды жұмыстар тұр. Тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз етуге, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға үлес қосу маңызды міндетіміз болып қала береді.

Берік ӘЛЖАНОВ,                                                                                             

Тайынша ауданының  әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp