Петропавлда 21-22 қыркүйек күндері су беру тоқтатылады. “Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы аралықта техникалық жұмыс жүргізіп, су құбырларын қысқа әзірлемек.
“Қызылжар су” кәсіпорны баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда су беру 21 қыркүйек күні сағат 00:00-де тоқтатылып, 22 қыркүйек күні сағат 18.00-де қосылады. Осы аралықта сумен жабдықтау желілерін жуу және дезинфекциялау бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілмек.
Мамандардың айтуынша, бұл жұмыс тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту үшін қажет. Уақыт өте келе құбырларда тұнба пайда болып, патогенді микроағзалармен ластануы мүмкін.
1,5 тәулік бойы судың болмауына байланысты тұрғындар мен қала қонақтары ауызсу қорын жасағаны дұрыс. Өйткені желілерді профилактикалық жуу кезінде краннан немесе колонкалардан су ішуге және тамақ дайындауға пайдалануға тыйым салынады. Бұл суды тек тұрмыстық мақсатта – үй жинап, кір жууға ғана қолдануға болады.
“Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Петропавл тұрғындары арасында 95 259 абоненті бар. Бұдан бөлек қаладағы барлық 3790 кәсіпорын осы компанияның қызметіне жүгінеді. Халық айына 4931 мың текше метр су тұтынады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.