Айман Асанова – Тимирязев аудандық мәслихатының төрайымы, аудандық мәслихаттың депутаты.
НЕ ҮШІН ДЕПУТАТ БОЛДЫМ?
Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының соңғы сайлауы “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының шеңберінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы тепе-теңдік қарым-қатынастың беки түсуіне үлкен серпін беріп, түрлі диалог алаңдарының жаңа моделін қалыптастырды. Халықтың сұранысы мен талап-тілегін нақты біліп отыру жүйесі кеңейіп, сайланбалы және мемлекеттік органдар тарапынан шешімін табатын өтініш-тілектерге көбірек назар аударыла бастауы мені де бейжай қалдырмады, содан өз бағымды сынап көруді ұйғардым. Оның үстіне екі рет облыстық мәслихат депутаты болып сайланғаным бар. Бұдан бөлек, аудандық мұрағат бөліміне, қазақ мектеп интернатына жетекшілік еткен, “Amanat” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған жұмыс тәжірибеме сүйендім. 2021 жылы жерлестерім үлкен сенім артып, депутаттық мандатқа ие болып, аудандық мәслихаттың хатшылығына сайландым. Былтыр сегізінші шақырылған аудандық мәслихаттың бірінші ұйымдастыру сессиясында әріптестерім аудандық мәслихаттың төрайымы лауазымына бекітті.
САЙЛАУШЫЛАРҒА ҚАНДАЙ УӘДЕ БЕРДІМ?
Мемлекет басшысының “Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” Жолдауының басты талабы – мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу, бәріміздің адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз. Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтта орыс тілі және әдебиеті пәндері бойынша жоғары білім алған соң еңбек жолымды Тимирязев ауданында бастап, он жылға жуық білім беру саласында қызмет еттім. Сонда көкейге бір түйгенім, қай жерде жүрсең де, кәсіби шеберліктің, ұйымдастырушылық қарым-қабілеттің, жоғары жауапкершілік пен айқын мақсаткерліктің ауадай қажеттілігі. Сайланбалы органды басқара отырып, мәслихат аппараты қызметін ортақ міндетке бағдарлаудың, үйлесімділік пен құзыреттіліктің жоғары деңгейін орнықтырудың мен ойлағаннан да әлдеқайда күрделі екенін ұғындым. Осыған орай, мәслихат тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердегі халықтың еркін білдіретін және жалпы мемлекеттік мүдделерді жете ескеретін жергілікті өкілді орган екенін терең сезініп, алға қойған міндеттерді жүзеге асырудың тиісті шараларын айқындап алуға, өткенге үңіліп, бұрын сайланған депутаттардың іс-тәжірибесін зерделеуге тура келді.
Сегізінші шақырылымдағы аудандық мәслихат құрамына енген 10 депутаттың төртеуі – бірінші рет, алтауы қайта сайланды. Олардың қатарында мен де алғашқы қадамнан-ақ сайлаушылардың сенімін ақтауға, кәсіби және жинақталған тәжірибелерімді елдік мүдделермен ұштастыруға, міндеттерді нақты бағалауға және проблемаларды шешу жолдарын анықтауға үлкен құлшыныспен кірістім. Мен тұрғындармен кездескенде көшелерді жарықтандыру, елді мекендерді абаттандыру, жолдарды күтіп-ұстау, мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру салаларына жеткілікті мөлшерде қаржы бөлдіру, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру мәселелерін жиі көтеруге тырысамын. Аудан бюджетіне 27 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жергілікті қазынаны нақтылау мәселесіне бірнеше рет бастамашылық жасадым. Бұл ретте, Бюджет кодексіне сәйкес бюджет тоқсанына бір рет нақтыланатынын, оны депутаттардың бастамасы бойынша нақтылау мүмкіндігі ерекше жағдайларда ғана болжанатыны ескеріліп, аудан орталығының қазандығы жылыту маусымына дайын болмауына байланысты жағдайды түзету үшін шұғыл түрде қосымша қаржыландырылды. Бұл да халыққа берген уәдеміздің бір парасы. Одан өзге мәслихат шешімімен бекітілген әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау мәселелеріне қатысты айтылған уәделерім де жауапсыз қалмады. Атаулы күндер мен мереке күндері (Ауғанстан аумағынан әскерлерді шығару; Чернобыль атом электр стансасындағы апатты еске алу; Отан қорғаушы, Жеңіс, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу және т.б.) 272 адам 8 млн. 453 мың теңгенің әлеуметтік көмегін алды. 27 адамға 3 млн. 83 мың теңге мөлшерінде біржолғы көмек берілді.
ҚАЙ УӘДЕМДІ ОРЫНДАДЫМ?
Сессия мен тұрақты комиссиялар отырыстарында лауазымды тұлғалардың есептерін тыңдау дәстүрі орныққан. Оларда сайлауалды бағдарламаларда белгіленген уәделердің орындалу барысы сарапқа салынып, тиісті шешімдер алынып отырады. 2023 жылғы аудандық бюджеттің атқарылуы туралы аудан әкімі Е.Жаров өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы баяндама жасап, ең өзекті әлеуметтік маңызы бар мәселелер талқыланып, бірлесіп, шешу жолдары ұсынылды. М.Уваисов және С.Соболевскаяның төрағалығымен өткен тұрақты комиссияларда менің ұсынысыммен жылумен жабдықтау объектілерін қысқа дайындау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша атқарушы органдардың жұмысы, әлеуметтік қызмет көрсетудің қолжетімділігі және мүгедек адамдарды тұрғын үймен, оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету жайы мұқият зерделенді. Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырыстарында барлығы 11 мәселе талқыланса, 6-ы шешімін тапты.
Депутаттарымыз белсенді. Мемлекеттік бағдарламаларды, әлеуметтік жобаларды іске асырудың оңтайлы жолдарын үнемі іздестіріп, сайлаушылар алдындағы аманаттарының абыроймен іске асуына асық. Мен де жыл басынан бері әлеуметтік жағынан өте маңызды сумен қамтамасыз ету, білім беру, мәдениет және спорт, жолдар, абаттандыру нысандарын салу және жөндеу сапасына мониторинг жүргізу бойынша депутаттық топтардың тұрақты тексерулерін ұйымдастыруға, олқылықтарды жою үшін ұсыным хаттар жолдауға, сұраулар салуға мүдделілік танытып отырамын. Оң нәтижелер, тиісті қорытындылар аз емес. Докучаево ауылындағы бес шақырым кентішілік жолға орташа жөндеу және аудан орталығында ұзындығы 6,7 шақырымға асфальт-бетон төсеу аяқталды. Орталық алаңды қайта жаңарту жүргізіліп, бағдаршамдар орнатылды. Көшелер жарықтандырылып, саябақ, заманауи балалар спорт алаңы ашылды. Облыстық бюджет есебінен Комсомол және Москворец мектептерінің ғимараттары, Тимирязевода “Жастар” стадионы қалпына келтірілді, футбол алаңына жасанды газон төселді. Шаңғы-ролл трассасы ашылып, онда 80-нен астам бала жаттығуда. Ақсуат және Құртай ауылдық округтерінде мәдени-сауықтыру орталықтарының құрылысы басталды.
Мәслихат депутаттарының қызметі сан қилы. Негізгі жұмыстан тыс уақыт тауып, атқарушы билікпен бірлесіп, мемлекеттік бағдарламаларды, әлеуметтік жобаларды, соған қатысты міндеттерді іске асыруға атсалысамыз. Оның ішінде сайлау округтеріндегі шаралар ерекше орын алады. Әрбір депутат міндетті түрде мәслихат сайтында алдын ала жарияланатын жеке кесте бойынша азаматтарды қабылдап, жылына бір рет жергілікті қоғамдастық жиынында есеп береді. Бір сөзбен айтқанда, ауыл тұрғындары өздерінің проблемалары мен қажеттіліктерін жеткізу үшін халық қалаулысына жүгінуге мүмкіндік алып, оларға құқықтарына, міндеттері мен өкілеттіктеріне сәйкес көмектер көрсетіледі. Мен өзім Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске сәйкес, азаматтарды жеке мәселелер бойынша қабылдауды апта сайын дүйсенбі және жұма күндері ұйымдастырамын, есепті кезеңде 11 қабылдау өткіздім. Ауылдық округтерде болғанымда Жолдаудың негізгі талаптарын түсіндіріп, азаматтарды қабылдау барысында 60 сұрақққа жауап бердім. Олардың ішінде өтініштердің ең көбі жеке аулалардағы жер пайлары мен мал азығына, су тарату желілеріне, жолдарды жөндеуге, интернеттің қолжетімсіздігіне қатысты болды. Әртүрлі мазмұндағы 7 жазбаша өтініш тіркеліп, белгіленген мерзімде қаралды.
ХАЛЫҚ МАҒАН
СЕНЕ МЕ?
Кез келген деңгейдегі депутат жұмысының табыстылығының, ісінің алға басуының, сайлаушылар алдындағы жауапкершілігінің мәні айрықша. Көпшіліктің сенімінен шығу – менің де басты мақсатым. Өз-өзімді жетілдіруге, басшылық әдіс-тәсілдерді үздіксіз жаңғыртып отыруға, толғақты проблемалардың көзін тауып, ретке келтіруге үнемі ұмтылып отырамын. Аудандық мәслихаттың кезекті бір сессиясы ауылдық округтердің бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесіне арналды. Онда аудан әкімінің міндетін атқарушы Р.Рамазанов бюджетті нақтылау кезінде қаралған барлық жобалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және өзекті проблемаларды шешуге бағытталғанын атап өтті. Депуттардың қаражатты басым қажеттіліктерге қайта бөлу жөніндегі ұсынысы қолдау тапты. Сөйтіп, 16 ауылдық округ бюджеттерін бекітуге байланысты туындаған мәселелер өзгерістер енгізу арқылы нақтыланды. Мәслихаттың құзыретіне бюджеттің атқарылуын бақылау функциясы енетіндіктен, кейде бірнеше рет талқылауға тура келеді. 2024-2025 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану туралы жоспар бекіді. Өзім төтенше жағдайлар мекемесі, саяси және қоғамдық ұйымдар өкілдерімен бірге ауылдық округтерді аралап, су тасқынына қарсы іс-шараларды жүзеге асыру жағдайымен таныстым. Суды сорғымен шығару, су бұру каналдарын қазу бойынша көптеген жедел жұмыстар атқарылды. Мотопомпалар тәулік бойы толас тапқан жоқ. Мұндай қатерлі сындар – өз мүмкіндігіңді іштей саралау, халық сенімін ақтау жолында ізденістерге толы кезең, қажырлы еңбектің бір үлгісі деген сөз.
Дайындаған
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltustik Qazaqstan”.