Медицина бір орында тұрған жоқ, жыл сайын дамып келеді. Қолданысқа заманауи технологиялар, озық тәжірибелер енгізіліп, емдеу ісі алға басуда. Әлемдік тәжірибедегі медициналық құрал-жабдықтар да сатылып алынуда. Бұл бағытта біздің облыста да ілгерілеушілік бар. Десе де медицина саласын әлі де жетілдіру қажет. Әсіресе, ауылдардағы денсаулық сақтау ұйымдарының әлеуетін арттыру кезек күттірмейтін мәселе.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауының үшінші бағдарында ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция мәселесін қозғады. “Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды”, – дей келе Президентіміз денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілгенімен, оның жағдайы әлі де мәз емес екенін жеткізді. Мемлекет басшысы аталмыш салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналғанын, соның кесірінен, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отырғанын баса айтты. Бүгінгідей жаһандық даму кезеңінде ауыл тұрғындарының сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен толық қамтамасыз етілмеуі алаңдатады. Келесі жылдан бастап ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған ұлттық жобаның жүзеге асырылатыны көңілге демеу.
Қазіргі таңда еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Алдағы екі жылда бұл ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіліп, бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасалмақ. Ұлттық жоба негізінде 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналмақ, онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдерін ашу жоспарлануда. Емдеу мекемесі жоқ елді мекендер біздің облыста да бар.
Облыстық статистика департаментінің мәліметі бойынша, 2024 жылдың тамыз айындағы дерекке сәйкес өңір тұрғындарының саны – 527,741 мың адам. Қалада – 222, ауылда – 269 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Ауыл халқының үлесі басым болса да елді мекен тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы қаламен салыстыруға келмейді. Жол, ауызсу, жарық мәселесі өз алдына ауылдықтар сапалы медициналық көмекке тиісті деңгейде қол жетізе алмауда.
– Мен облыс орталығынан шалғайда орналасқан Уәлиханов ауданында тұрамын. Басым ауырып, балтырым сыздаған кей кездері Көкшетаудағы ақылы медициналық мекемелердің қызметіне жүгінемін. Аудандық ауруханада кейбір қымбат тұратын диагностикалық зерттеулер жүргізілмейді. Петропавлға қатынай алмаймыз. “Шын жыласа, соқыр көзден жас шығар” демекші, шыбын жан шүберекке түйілсе, адам не істемейді? Егер біздің ауданымызда сапалы медициналық көмек қолжетімді болса, ел-жерді аралаудың не қажеті бар?, – дейді Уәлиханов ауданының тұрғыны Азамат Омаров. Өкінішке қарай бүгінде өңірдегі әр ауданда бұл мәселе өзекті.
Елді мекендердегі медициналық көмектің сапасына ескірген материалдық-техникалық база, медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігі, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілмеу, дәрі-дәрмек тапшылығы мен басқа да қордаланған мәселелер әсер етеді. Ауыл тұрғындарының арасында қан айналым жүйесі, қатерлі ісік сынды ауруларды дер кезінде анықтауда медициналық көмек қолжетімді болуы тиіс. Ал елді мекендерде динамикалық бақылау сапасының төмендігі, консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімсіздігі байқалады. Тағы бір айтып өтерлігі, қала тұрғындарына қарағанда ауылдағы созылмалы аурулары бар науқастарды қымбат дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету көрсеткіші төмен. Өйткені кейбір ауылда дәріхана пункті жоқ. Дәріхана былай тұрсын, кейбір медициналық нысандар жалға алынған, екіншілері бейімделген ғимараттарда орналасқан. Мысалы, Айыртау ауданындағы Құмтөккен ауылындағы медициналық пункт дүкеннің бір бөлігінде орналасса, Қарақамыс ауылының тұрғындары дәрігерлік бекеттің не екенін де білмейді. Жамбыл ауданындағы Айтуар ауылында да дәл осы көрініс. Сондықтан шалғай ауыл тұрғындарын сапалы көмекпен қамтамасыз ету үшін жылжымалы медициналық емханалар жұмыс істесе жақсы болар еді. “Саламатты Қазақстан” медициналық пойызы өңірге жылына бірнеше мәрте келгенімен, бұл ауыл тұрғындарының мәселесін толық шеше алмайды.
– Ақжар ауданындағы барлық ауылда медициналық қосын бар. Онда дәріханалар да ұйымдастырылған. Сонымен қатар әр апта сайын дәрігерлер бригадасы ауылдарды аралап, тұрғындарды қабылдайды. Түрлі скринингтер мен диспансерлік есеп жүргізеді. Бригада құрамында терапевт, педиатр, акушер-гинеколог, зертханашы, рентген-лаборант пен ультрадыбыстық зерттеу жүргізетін өзге де медициналық қызметкерлер бар. Жылжымалы медициналық кешен рентген, УДЗ, талдау жүргізуге арналған аппараттармен қамтылған. Арнайы кесте бойынша ауыл тұрғындары жылжымалы флюорография кешені арқылы тексеруден өтеді, – дей келе Ақжар аудандық ауруханасының бас дәрігері Шолпан Сәбитова өзге де диагностикалық зерттеулер қажет болса, адамдар аудан, облыс орталығындағы медициналық ұйымдардың көмегіне жүгіне алатынын жеткізді.
Ресми деректерде елімізде медицина саласына 2023-2025 жылдарға шамамен 2 триллион 646 миллиард теңге қаражат көзделгені айтылды. Бұл аз қаржы емес. Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының ресми сайтында көрсетілгендей, біздің өңірде медициналық инфрақұрылым 77,46 пайызға тозғанын ескерсек, жыртығымыз бірер жылда жамала қоймасы анық.
Өңірдегі медициналық ұйымдар санына қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасына сұрау салған болатынбыз. Аталмыш басқарма өкілдері жолдаған ресми хатта өңірдегі 29 медициналық ұйымның 13-і ауылдық жерлерде орналасқаны көрсетілген. Алайда, жауапты мамандар ауылдардағы медициналық және фельдшерлік – амбулаториялық пункттерді санатқа қосуды ұмытып кеткен сыңайлы. Осыдан-ақ ауыл медицинасына көзқарас қандай екенін шамалай беріңіз. Десе де елімізде ауылда медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған “адамға немесе пациентке бағдарланған тәсіл” медициналық-санитарлық алғашқы көмектің озық тәжірибелерінің жобалары енгізіліп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Мысалы, науқастарды қолдау қызметі, ақпараттандырылған қоғамдық мониторинг және халыққа кері байланыс механизмі, инфекциялық емес ауруларды ерте анықтау, ауруларды басқару бағдарламалары, дұрыс тамақтануды, өмір салтын үйрету, әмбебап прогрессивті патронаж үлгісі, отбасын жоспарлау, ер адамдардың денсаулығын жақсарту, баланы дамыту орталықтары іске қосылуда.
2022 жылы ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын жақсартуға арналған “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” жобасы әзірленді. Соның негізінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарын салу мен қайта жөндеу, барлық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, профилактикалық қарап-тексерулердің, скрингтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ ауруларды ерте анықтау және науқасқа қашықтан қызмет көрсету, сауықтыру, қалпына келтіру және медициналық оңалту, үйде қарап тексеруге бағдарланған жаңа тәсілдерді енгізу қарастырылған. Аталмыш жоба аясында Лобаново, Якорь, Прибрежное, Қарақоға, Возвышенка, Тахтаброд ауылдарында дәрігерлік амбулатория мен Привольноеде фельдшерлік-акушерлік қосын, Кладбинкада медициналық пункт салынды. Үстіміздегі жылы 38 нысанның құрылысы жүргізілуде. Биыл өңірдегі 14 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізуге 1,5 миллиард теңге бөлінгенін де айта кету қажет. Басқарма өкілдері бүгінде 7 жоба бойынша жұмыс аяқталғанын жеткізді.
Ауылдағы денсаулық сақтау саласының деңгейі қаламен салыстырғанда әлдеқайда артта қалып отырғаны баршаға мәлім. Кейбір ауылда медициналық қызмет көрсету сапасы сын көтермейді. “Кадр бәрін шешеді” дегендей, саланың сапалы дамуы кәсіби мамандарға байланысты. Бұл орайда кадр тапшылығын да жоққа шығара алмаймыз. Өңірге білікті мамандарды тарту бойынша Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Астана Қарағанды, Семей қалаларындағы медициналық жоғары оқу орындарында кездесулер өткізілген. Соның нәтижесінде биыл 24 жас маман Қызылжарға ат басын бұрып, жұмысқа орналасқан. Қазір облыста 144 дәрігер жетіспейді. Соның ішінде ауылға 73 маман қажет. Өзге өңірлермен салыстырғанда біздің облысқа жұмыс істеуге келетін мамандарға берілетін көтермеақы мөлшері әлдеқайда жоғары екенін тілге тиек еткен жөн. Кадр тапшылығы мәселесенің таяу арада шешіле қоймайтынын басқарма мамандары да бажайлап отыр. Ал ауыл адамдарын сапалы медициналық көмекпен қамту кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін “Жедел жәрдем”, авиация қызметтерін жоғары деңгейде жетілдіру маңызды.
Цифрлық технологиялар дамыған қазіргі заманда науқастар жоғары мамандандырылған медициналық көмек алуы үшін ауылдарда телемедицина жобасын жүзеге асырса нұр үстіне нұр болар еді. Телемедицина ауылдық жерлердегі дәрігерлерге консультациялық көмек көрсетуге мүмкіндік берер еді. Ол үшін елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету талап етіледі.
Бүгінгі таңда барлық жұмыскер міндетті медициналық сақтандыру жүйесі қорына жарна төлеуі тиіс. Алайда ауыл шаруашылығындағы еңбек жағдайларының ерекшелігіне, жұмыстың маусымдылығына байланысты кейбір тұрғындар міндетті медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отырғанын да айтпай кетуге болмайды. Екі қолға бір күрек таба алмай отырған ауылдықтардың дені МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Бұл мәселе де дер кезінде шешуді қажет етеді.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.