Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында атом электр стансасының салыну-салынбауына қатысты соңғы шешімді халық қабылдайтынын айтты. Осыған орай Қызылжар өңірінде де түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жұртшылықтың, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқан қоғамдық талқылаулардың мәні айрықша. Өйткені, келелі ұсыныстар осындай маңызды жиындарда ортаға салынып, талқыланатын мәселе бойынша нақты жауаптар беріледі.
Физика маманы ретінде айтарым, көкейдегі түйткілді тарқататын мәліметтер молырақ ұсынылса, соғұрлым АЭС-тің қауіпсіздігіне деген сенім беки түсері анық. Электр энергиясын тұтыну тапшылығы шешімін таппай, осылай жалғаса берсе, алдағы 10 жылда тығырыққа тірелуіміз әбден мүмкін. Елімізде электр энергиясын тарататын екі жүзден астам стансаның басым бөлігі ескірген. Соның салдарынан, энергия көзін көрші Ресейден алуға мәжбүрміз. Қиындықтың алдын алудың ең тиімді жолы – Франция, Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея сияқты қуат көзін өндірудің қолжетімді драйвері саналатын атом электр стансаларының ішкі зор әлеуеті мен мүмкіндіктерін қарастыру. Бір байқағаным, жиынға қатысушыларды АЭС құрылысы мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау, оған кепілдік беру, сондай-ақ озық технологияларды қолдану, тәжірибелі мамандармен, білікті кадрлармен қамтамасыз ету жайы қатты қызықтырады.
АЭС стратегиялық нысан болғандықтан, оны салуды мемлекет жеке-дара шешпейді. Біздің елімізде атом өнеркәсібінің толық кешенін қалыптастыруға толық негіз бар. МАГАТЭ сияқты халықаралық деңгейде мойындалған ұйым алдында 2050 жылға дейін ауаға шығаратын көмірқышқыл газын 2-3 есеге дейін азайту туралы міндеттеме қабылдағанын ескерсек, бұл тұрғыдан қарағанда, АЭС құрылысын жүргізу әлдеқайда тиімді. Өйткені, электр энергиясын өндіру балансында көмірдің үлесі 80 пайызға жуық. Осыдан-ақ экологиядық зардабының қаншалықты екенін шамалай беруге болады. Сондықтан АЭС құрылысына, жұмысына қойылатын стандарттар мен талаптар қатаң сақталса, ешқандай қорқыныш жоқ.
Жанаргүл ШАЙКЕНОВА,
Ә.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының физика пәнінің мұғалімі, техника ғылымдарының магистрі.