«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ел үмітін ақтаған

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Орманды тауларымен, айдын көлдерімен көздің жауын ала­тын Имантау мен Шалқар­дың сұлу табиғатын бетке ұстаған жеңіл көлік көсіле шапқан сәйгүліктей жүйткіп келеді. Көркіне көз той­майтын бұл өлке Қызылжар өңіріне қарағанымен, “Көк­шетау” мем­лекеттік ұлттық табиғи саябағының орман ша­руашылық­тарына тиесілі. Әңгіменің қызуымен жолдың қалай қысқар­ғанын да байқамай қалыппыз. Асфальт аяқталып, тас жолмен солға бұрылғанымызда тың игеру жылдары салынған Тах­таброд элеваторының мұржалары “менмұндалап” көрінді.

Жол серігіміз Ақан Тәттібай­ұлының айтуына қарағанда, Ко­выльное ауылына дейінгі жеті ша­қырымдық жолды биыл қал­пына келтіруге қаржы бөлінгені­мен, су тасқынына байланысты келесі жылға қалдырылыпты. Электр сым­ымен қоршалған ұзындығы 20 шақырымдық жайы­лымда сиыр­лар жайылып жүр. Әрірек семіз қойдың сүбе­сіндей теңкиіп жат­қан орама шөптерді көзіміз шал­ды. Көкше­таудан арнайы сапар­лап келген ел ағалары мен мәр­тебелі мей­мандарды серіктестік директоры Серік Малаев ата сал­тымен ауылға кіреберісте қарсы алды. Әкесімен де, өзімен де қыз­мет­тес болғандықтан, тез шүйір­ке­лесіп кеттік. Мұнда келген мақсатымызға орай атқарылып жат­қан игілікті істермен жақынырақ танысу үшін өндірістік учаскелерді аралауды жөн көрдік.

Серік Тәттібайұлы негізін қа­лаған “Ақселеу” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – бұрынғы Чис­тополь ауданына қарасты “Ко­выльное” кеңшарының заңды мұ­рагері. Бүгінде ел-жұртқа, ауыл-аймаққа іскер азамат, тәжірибелі басшы, ел ағасы ретінде таныл­ған азаматтың шаруашылық тізгі­нін ұстағанына – тұп-тура 37 жыл. Ақан-Бұрлық өзені­нің жаға­ла­­у­ында 1849 жылы қоныстанған Ковыльное елді ме­кенінің кәрі-жасы Секеңді өзде­рінің қамқоршы­сындай ерекше құрметтейтінін се­зіндік. Алды­мен фермаға ат ба­сын тіредік. Шөп қоймасында бір­жарым жыл­дық қордың жасал­ғаны байқалады. Шарбақ ішінде жүрген бұқа­лардың ерекше күті­мін дене тұрқына қарап-ақ баға­лауға бола­ды. Түрлі көрмелерде сан мәр­те жүлде алған асыл тұ­қымды малдарға Орал, Ақтөбе, Қара­ғанды өңірлерінен сұраныс көп екен. Ферма меңгерушісі Ок­сана Гришинаның айтуына қара­ған­да, герефорд асыл тұқымды бұ­қалармен будандастыру арқы­лы алынған Зеңгі баба түліктері ерекше күтім талғамайды. Жыл бойы аумағы 1200 гектар жайы­лым­да бағылады. Қысы-жазғы кү­тіміне бес адам жауапты. Қолдан ұрықтандырылып, әр сиырға чип тағылады. Мониторинг автомат­тандырылған жүйе бойынша ат­қарылады. Бір сөзбен айтқанда, мұндағы әр операция қатаң ба­қылауға алынған.

Ауыл шаруашылығы өндірі­сінде маңызды бағыттардың бірі – егіншілік. Егіс танабы мен қыр­ман, элеватор мен зертхана, сон­дай-ақ машина-трактор шебер­ха­насы – бір-бірімен жалғасып жатқан буындық құрылым тәріз­ді. Табысқа жетелейтін бастау жол негізі нақ осы жерден қала­нып, одан әрі молшылықтың те­легей теңізіне ұласатындай әсер­ге бөлендік. 15500 гектар ал­қапқа астық өсіру, талапқа сай бап­тап, жо­ғары өнім алу айтуға ғана оңай. Оның астарында қан­шама тынымсыз еңбек, маңдай тер жатыр. Аудандастырылған дәнді дақылдардың өнгіштігі мен сапа­сы зертханада тексеріліп, ком­пьютер экранында алақанға сал­ғандай көрінеді. Гектар түсімі 15 центнерден төмендеп көр­меп­ті. Жалпы сыйымдылығы 10 мың тон­налық шағын элеватор­да са­ғатына 50 тонна астық өң­деліп, кеп­ті­рі­леді. Астық төгетін ашық алаңның аумағы – 23 мың шар­шы метр. Негізінен “Тобыл”, “Қор­ған”, “Орал” сұрыпты дәнді да­қыл­дар егіліп, ауыспалы егіс жүйесі қатаң сақталады. Пайда­лы­лығы жоғары зығырдың тұқы­мы Омбыдан арнайы тапсырыс­пен алдыртылыпты. Тұқымды то­пы­раққа себерде серіктестіктің өзінде дайындалатын ерітінді­мен қоректендіріледі. Мұнда та­быс көзі болып табылатын май­лы дақылдарды молынан себуге баса мән беріліп, ішкі-сыртқы на­рықты қамтамасыз етеді. Ресей­ден, Украинадан, алыс шетел­дерден жеткізілген заманауи қон­дырғылардың көмегімен халық­аралық стандарттарға сәйкес жар­ма өнімдері шығарылады. Нау­байханада 12 түрлі нан өнім­дері пісіріліп, ауыл тұрғындары­на қол­жетімді бағамен саты­лады.

Машина-трактор шеберха­на­сы ауласындағы жинақылық пен жабық ғимарат ішіндегі тазалық­қа қатты сүйсіндік. Шетелдік ком­байндар, жаткалар, басқа да қо­салқы техникалар рет-ретімен қойылған. Жеке қоймалар сөре­леріне орналастырылған 20 мың­дай қосалқы бөлшектер мен сай­мандарды штрих код арқылы лез­де табуға болады. Штрих код жа­сау үшін біржарым жылдай уақыт жұмсалыпты. Бір “әттеген-айы”, шетелдік комбайндарға қажетті саймандарға тапсырыс кемі 3-4 ай бұрын берілуі шарт. Кей кезде осы жағы қолбайлау болатын сияқты. Машина-трак­тор шебер­ха­насында алған жақ­сы әсеріміз орталық бу қазан­дығында жал­ғас­ты. Бу қазандық­тары екі саты­лы жүйеге көшкелі айлық шығын 320 мың теңгеге дейін қысқа­рыпты. Мұндағы тағы бір ерекшелік, көмірдің орнына зығыр дақылы­ның сабаны жағы­лады. Одан дайындалатын 5 мың­нан астам орам бір қысқа то­лығымен жете­тін көрінеді. Серік­тестік аумағын­да су скважинасы болмағандық­тан, 10 шақырым қашықтықтан қуатты насос арқы­лы сыйымды­лы­ғы 80 текше метр ыдыс үзбей толтырылып тұра­ды. Үнемдеу, ысырапшылдыққа жол бермеу мақсатымен өндірістік учаске­лерге, әлеуметтік нысандарға, тұр­ғын үйлерге бері­летін су есептегіш құралдары арқылы бақы­ла­на­ды. Осындай тәртіп мұнай ба­засына да енгі­зілген. Жанар-жағармай тек ар­найы кәртішкемен босатылады.

Шалғайда орналасқан елді мекен үшін кадрларды тұрақтан­дыруда, сырттан адам күшін тар­туда баспанамен қамтамасыз ету өте маңызды. Серіктестік жыл сайын 4-5 үй салуды бе­рік дәстүрге айналдырған. Ерте­ректе пайдалануға берілген 26 тұрғын үйге тұрмысы төмен және аз қамтылған отбастар қоныста­ныпты. Құрылыс учаскесінің шебері Александр Курындин келесі жылы Молодежная көшесінің бо­йында тұрғызылатын мәдениет ор­талығы мен хоккей қорапшасының жо­басымен таныстырды. Соңғы жеті жылда әлеуметтік салаға 574 миллион теңге инвес­тиция жұм­салған. Мәселен, Ко­выль­ное орта мектебіне күрделі жөн­­деу жүргізіліп, жабдықтар мен жиhаздар түгел жаңартыл­ған. Аула талғампаздықпен абат­тан­ды­рылған. Білім ордасының ди­рек­то­ры Күнсұлу Болатқызы өт­­кен ғасырдың тоқсаныншы жыл­­да­рын­дағы экономикалық қиын­шы­лықтар кезінде 9-10 сы­нып мұға­лімдеріне жалақының кәсіп­орын есебінен төленгенін, бұл шара кадрлардың тұрақта­нуына елеу­лі септігін тигізгенін айтты. Мек­теп жанындағы “Бәй­шешек” ша­ғын тобында тәрбие­ле­нетін 25 бүлдіршіннің 12-сі қазақ сы­ныбы­на барған. Оларды ынта­ландыру үшін 10 мың теңге­ден сыйақы та­ғайындалыпты. Мек­теп түлектері 20 мың теңге­ден, ал үздік баға­мен бітірген­дерге 15 мың теңге­ден беріледі. Екі оқу­шы грант же­ңіп алса, үш оқушы Назарбаев зияткерлік мек­тебіне қабылда­ныпты. Бұл – 83 шә­кірті бар ауыл мектебі үшін жақсы көр­сеткіш. Мектеп ұжы­мы­на көрсеті­летін кө­мек мұны­мен шектел­мейді. 1-4 сы­нып оқу­шылары мемлекет, ал 5-10 сы­нып шәкірт­тері серіктестік есе­бінен тегін та­мақтандырыла­ды. Елді мекен тарихына арнал­ған мұрағаттан туған өлке мен оның жасампаз адамдары жайлы көптеген мағ­лұматтар алуға бо­ла­ды. Оқушылардан құралған во­калды-аспаптық ансамблі – кез келген жиын-кештің көркі.

“Құрмет” орденінің иегері Се­рік Малаев бастаған ұжымның ты­нымсыз ізденісінің арқасында шап-шағын ауыл отыз жылдың ішінде озық агроқұрылымдар қа­тарына қосылған. Ел үмітін абы­роймен ақтай білген азаматтың әкесі Тәттібай Сәбижанов 1961 жылы жаңадан құрылған “Айсары” кеңшарына бас агрономдыққа партком хатшылығынан ауыс­қан. Кейін оған үлкен сенім арты­лып, №1 бөлімше басқарушы­ның міндеті жүктелген. Одан ауылдық кеңестің төрағалығына жоғары­латылған. Екінші дүние­жүзілік со­ғыс­тың қанды шайқас­тарын бас­тан кешірген майдангер саяси-бұқаралық жұмыстар­ды ұтымды жүргізудің хас шебері атанған. Текті әулеттің перзенті Айсары өңірінің тарихына да ерекше мән беріп, дарынды жас­тарға жан-жақ­ты қолдау көрсет­кен. Жалпы Айсары жайлауы төрт түлік өсі­руге қолайлы. 1978 жылы мұнда 42 мың бас қой болыпты дегенге біреу сенер, біреу сенбес. Ауыл маңындағы карьердегі ақ тас пен жасыл бал­шық – құрылыс үшін тап­тыр­майтын арзан шикізат.

1951 жылы туған Серік Тәтті­байұлы Омбы ауыл шаруашы­лығы инс­титутының механика факультетін бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын “Айсары” кеңшарында ин­женерлік қызметтен бастайды. Зе­ренді ауданындағы Шағалалы техникумында оқытушы, Көкшетау мемлекеттік тәжірибе станса­сында жұмыс­шылар комитетінің төрағасы, Қа­зақстанның 40 жыл­дығы кеңша­рында партком хат­шы­сы бола­ды. Басшылық қыз­мет­те азды-көпті тәжірибе жинақ­таған соң 1987 жылы “Ковыль­ное” кеңшары­на директорлыққа та­ғайын­далады. Куйбышев, Чис­то­­поль, Рузаев аудандары бірікті­­ріліп, Ғабит Мүсірепов атында­ғы ау­дан шаңырақ көтергенде “Ақсе­леу” жауапкершілігі шектеу­лі серіктестігін құрады. Содан бері басшылықта. Аяулы жары Мафруза Талғапқызы зейнет де­ма­лысына шықса да, экономист ма­маны ретінде шаруашы­лық­тың есеп-қисап жұмыстырын жүргі­зеді. Ата-ананың қамқорлы­ғы­мен өсіп, жетілген қыздары Гүл­нар мен Гауһар өмірден өз орын­дарын тапқан. Президенттік бас­қару орталығындағы мәрте­белі қызметін тастап, серіктес­тікті өркендетуге ниеттенген ұлы Нұр­ланның да талабы оңынан оңға­рылды.

“Бір құрсақтан өсіп-өнген ініқарындастарым – Қайыр, Бақыт, Ақан, Сәрсенбай, Марат, Қанат, Айкүміс өздерінің алғырлығы­мен, білімге құштарлығымен ата-ана үмітін ақтай білді. Қазіргі таң­да өзіммен қоян-қолтық жұмыс істеп жүрген Ақан інімнің елгезек­тігіне, тиянақтылығына дән риза­мын”, – дейді Секең ағынан жа­ры­лып.

Ағайын арасындағы сыйлас­тықтары жарасқан әулет жайлы айтқанымызда теріскей жұртшы­лығының да көзайымына айналған тума талант Олжас Ақанұлы­ның ән әлемін бағын­дырған же­тістіктерін айтпау мүм­кін емес. Көкшетаудағы балалар шығар­машылығы үйінің “Жұл­дыздар” вокалдық студиясында тоғыз жасынан тәлім-тәрбие алған Ол­жас республикалық “Әнші балапан”, халықаралық “Бозтор­ғай” конкурстарында лауреат атан­ған, Юрмаладағы халықара­лық конкурста гран-приді иелен­ген. 2004 жылы Испанияның Льорет-де-Мар қаласында өткен “Солнечные пути” сайысында “Ал­тын дауыс” бас жүлдесін же­ңіп алған. Олжас Ақанұлы қазір Сыртқы істер министрлігінің бел­ді қызметкері, сонда да сахнадан қол үзген жоқ.

Сексен үйлі Ковыльное ауы­лын осы заманғы ғылыми озық технологияға сай өркендетіп, барлық әлеуметтік нысандардың үздіксіз жұмыс істеп тұруына, тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына зор ықпал етіп келе жатқан Серік Малаев сияқты ұлтжанды азаматтар қандай да марапатқа әбден лайық!

Сансызбай АЛПЫСБАЕВ,

Тайынша ауданының құрметті азаматы.

Балталы СӘРСЕНБАЕВ,

ақпарат саласының үздігі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp