Футболдан ел біріншілігінің 20-шы турында жергілікті “Қызылжар” сырт алаңда елордалық “Астана” командасына қарсы ойын өткізді. Матч Алматы қаласында ұйымдастырылды.
Кездесу басталысымен “Астана” аяқдопшылары ойын тізгінін өз қолдарына алды. Астаналықтар жерлестеріміздің қақпасына екі гол салғанымен, VAR көмегіне жүгінген төреші қос нәтижелі соққыны есепке алмады. Бірінші таймның соңына қарай, елордалықтар дегеніне жетті. Тағайындалған он бір метрлік айып добын орындауға келген Джеффри Чинеду мүлт кетпеді. Қосымша берілген уақытта қызылжарлықтар таразы басын теңестіре алды.
Екінші таймда қос команда да жеңіс үшін барын салды. Алайда “Астана” клубының жолы болып, кездесудің нүктесін Джеффри Чинеду қойды. Осылайша, жерлестеріміз жеңілістің ащы дәмін татты.
Ел біріншілігінің турнир кестесінде көш басында “Ақтөбе” командасы тұрса, жерлестеріміз 10-шы орында.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.