“Ауыл аманаты” – Президенттің сайлауалды бағдарламасына енгізілген бірегей жоба. Оның басты мәні ауылдықтардың әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін жедел шешу. Қасым-Жомарт Тоқаев: “Алдағы үш жыл ауылдық аумақтарды барынша дамытуға арналады. Ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Игерілмей жатқан бос жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстарын тың қарқынмен жалғастырамыз. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Жеке қосалқы шаруашылықтардың тең жартысы соның құрамына кіреді. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалады”, – деп атап көрсеткен болатын. Осыған орай Үкімет “AMANAT” партиясымен бірлесіп, Мемлекет басшысының “Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы” Жарлығы шеңберінде нақты шараларды тиянақтылықпен жүзеге асырып келеді. Екі жылдың ішінде оның алғашқы нәтижелері байқала бастады. Ең бастысы, мемлекет тарапынан өміршең жобаны қаржылық қолдау шаралары толық шешіліп, барлық мүдделі органдар мен әкімдіктер, саяси ұйымдар сапалы жүзеге асыруға бел шеше кірісіп кеткен. Бүгінде еліміз бойынша 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 14,4 мың шағын несие 90,7 млрд. теңге беріліп, қаражаттың 80 пайызы мал шаруашылығына бағытталды. Бағдарлама шеңберінде салық түсімдерінің сомасы 13 млрд. теңгені құрап, 16 мың жаңа жұмыс орны ашылды.
Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғындары да “Ауыл аманаты” бағдарламасы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға көмектесетін, айтарлықтай қозғау салатын, еңбек етуге, өнім өндіруге айқара жол ашатын серпінді жоба екенін жақсы сезінуде. Өйткені бағдарламада микрокредиттеудің ақпараттық жүйесіне электронды өтінім беру сияқты жеңілдіктер енгізілген. Ауыл шаруашылығы копперациясын ілгерілетуге де айрықша көңіл бөлінген. Мұның бәрі бағдарламаның қолжетімділігін арттырып, жеке кәсіпті нәсіп еткен ауылдықтардың қаржылық мүмкіндіктерін еселей түсуге, асылтұқымды мал сатып алып, субсидия рәсімдеуге, табыстан түскен қаржыны өзге салаларды кеңейтуге ықпалы айтарлықтай.
“AMANAT” партиясы аудандық филиалының кезекті отырысында “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында мал шаруашылығы саласына қатысты жасаған баяндамамда тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, өмір сүру сапасын жақсарту басым бағыттар болып табылатынына тоқталып, нақты міндеттер шеңберінде саланың бір жүйеге қойылғанын баяндадым. Бүгінге дейін 25 әлеуетті жобаны іске асыруға 185 млн. теңге рәсімделіп, 20 өтінішті қанағаттандыруға 143 млн. теңге бөлінді. Оның 45 млн. теңгесі мал шаруашылығына тиесілі. Машина-трактор паркін жаңалауға 81,2 млн. теңге жұмсалды. Мен сөз арасында кеңес мүшелерінің назарын жекелеген кәсіп иелері атқарып жатқан игілікті істерге аудардым. Мәселен, “Нұрышев” шаруа қожалығына жетекшілік ететін Руслан Рамазанұлы “Ауыл аманаты” бағдарламасына қатыса отырып, 7 млн. теңгеге 9 бас ірі қара сатып алса, қазір олардың санын 12 басқа жеткізді. Полтавка ауылында еңбек ететін Ерболат Әлдікеновтің де аяқ алысы жақсы. Бағдарламаның белсенді қатысушысы ретінде 8,6 млн. теңгеге 18 бас жылқы сатып алған. Ерболат Сексімбаев болса жеңілдікті қаражатқа сатып алған 40 бас қойды 3 есеге дейін көбейтті.
Ауылдың өмір сүру деңгейін көтеру мал шаруашылығымен ғана шектелмесі анық. Өтінімдерді қарау барысында тың салаларды жаңғыртуға деген құлшыныстар да ескеріледі. Мәселен, Ербол Тұрсынбетов пен Марат Әбдірахмановтың 8 млн. теңгеге “Газельтермо” автокөлігін иеленуі бірауыздан қолдау тапты. Әрсен Қалиев пен Рустам Хасенов болса, бірі 5 млн. теңгеге “Toyota Camry” екіншісі 8,6 млн. теңгеге “КамАЗ” автокөлігін сатып алып, жолаушылар тасымалдау ісімен айналысып жүр. Дінмұхаммед Айткенов 8 млн. теңгеге комбайн алып, иелігіндегі шағын егістік алқабынының өнімін жинауға қызу кірісіп кеткен.
Дәуіт СҮЛЕЙМЕНОВ,
“AMANAT” партиясы аудандық филиалының фракция мүшесі.
Мағжан Жұмабаев ауданы.