Парламент Сенатының жалпы отырысында халық қалаулылары Нұртөре Жүсіп, Ольга Перепечина мен Әсем Рахметова Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған болатын. Сенаторлар еліміздегі демографияға қатысты проблемалық мәселелерді көтеріп, Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақтың классик жазушылары Ғабит Мүсіреповтің, Сәбит Мұқановтың, Сафуан Шаймерденовтің кіндік қандары тамған ауылдарда қалыптасқан мүшкіл ахуалға алаңдаушылық білдірді, теріскей өңірлерде әлеуметтік және экономикалық даму бағдарламаларын дереу қолға алу, аймақтарға жастарды тарту, инфрақұрылымды дамыту, миграцияны басқару, зейнетақы және әлеуметтік қызметтерді жақсарту бойынша мәселелерді жедел пысықтап, нақты шешімдер қабылдауды сұрады. Сенаторлардың Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалын газет оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көрдік.
“Қазақстан
Республикасының
Премьер-Министрі
О.А. БЕКТЕНОВКЕ
Құрметті Олжас Абайұлы!
Сенат өткен сессияда “Демографиялық өсу – ұлттың стратегиялық артықшылықтарының негізі” тақырыбында Үкімет сағатын өткізген болатын. Сенат Үкімет пен тиісті мемлекеттік органдарға бірқатар ұсынымдар жолдады. Осыған байланысты Үкімет берген жауапта көтерілген проблемалық мәселелердің басым бөлігі шешімін таппаған күйі қалып отыр. Мәселен, Үкіметке демография мәселелері бойынша мемлекеттік орган құру мәселесін зерделеу ұсынылды. Ұлттық экономика министрлігі мұндай мемлекеттік органды құру іс жүзінде мүмкін емес депті. Бұл қалай сонда? Бәрі керек те, демография керек емес пе?
Енді қараңыз: Елімізде демографиялық саясат саласындағы уәкілетті орган анықталмаған. Демографиялық зерттеулер жүйесін болжау да құрылмаған. Демографиялық саясат мәселелерінде мемлекеттің нақты ұстанымы жоқ. Соның салдарынан бүгінгі таңда тек статистикамен шектеліп отырмыз.
Сенат өткізген Үкімет сағатында ұзақ мерзімді және орта мерзімді перспективада форсайт-сессиялар өткізу, сондай-ақ демография бойынша ұлттық баяндама дайындау ұсынылды. Осыған қатысты Үкімет өз жауабында барлық салалық министрліктердің өзара іс-қимылын үйлестіруді қамтамасыз ету туралы жалпы ақпаратты ғана ұсынып отыр. Сондай-ақ Үкімет сағаты ұсынымдарының бірінде Қазақстан Республикасының тұрақты демографиялық дамуының ұзақ мерзімді бағдарламасын әзірлеу мәселесі де көтерілді. Бұл ұсынысты да Үкімет орынсыз деп санап отыр.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жер учаскелерін 10-15 жылдан кейін жекеменшікке беру құқығымен жалға беру мүмкіндігін зерделеу, салық жеңілдіктерін жасау, техника, мал сатып алуға, үй салуға төмен пайыздық кредит-несие беру, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысындағы жұмыскерлерге климаттық үстеме жалақы тағайындау мүмкіндігін зерделеу туралы нақты ұсыныс берілген еді.
Еңбек министрлігінің жауабында бұл мәселелерге қатысты нақты шешімдер көрсетілмеген. Өңірлік әкімдіктердің жауаптарында “Дипломмен – ауылға!” және қандастарды “Оңтүстіктен – Солтүстікке” көшіру бағдарламалары шеңберінде жастар үшін шекаралық аудандарда жаңа тұрғын үй салу субсидиялауға бөлінетін қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты тиімсіз деп көрсетілген.
Сенаттың демография саясатына қатысты көтерген өзекті мәселелерінің бәрін Үкімет елемейтін болса, сырғытпа жауаптармен ғана құтылса Үкімет сағатын не үшін өткіздік сонда? Бұның бәрін кімге арналған екенін білмей отырып, елдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуының қандай әсері туралы айтып отырмыз?
Бір сөзбен айтқанда, Үкімет берген жауап көңілімізді көншітпейді. Демографиялық сын-қатерлер, халықтың қартаюы, бақыланбайтын урбанизация және көші-қон, халықтың шамадан тыс өлімі жүйелі және шұғыл шешімдерді қажет етеді. Демографиялық процестер үшін Үкімет тарапынан нақты жауапкершіліктің болмауы, мониторингтің жоқтығы жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформалардың тиімділігінің төмендеуіне әкелетінін тағы да назарыңызға салғым келеді.
Соңғы жылдары солтүстік-шығыс өңірлерде халықтың азаю тенденциясы қатты байқалуда. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша Солтүстік Қазақстан облысындағы көші-қон сальдосы 2024 жылғы 1 шілдеге теріс және – 3396 адамды құрады. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша табиғи өсім 1000 адамға шаққанда – 1,94 теріс сальдоны құрап отыр. Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай және Павлодар облыстарында дүниеге келген адам саны жылдан-жылға азайып келеді.
Құрметті Олжас Абайұлы! Өңірлерге жұмыс сапарлары кезінде халықпен кездесулер өткізіп келдік. Демографияға қатысты сұрақтар тағы да алдымыздан шықты. Солтүстік Қазақстан облысында Сәбит ауылы жабылуға жақын. Халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтің ауылы жабылған. Еңбек Ері, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов туған Жаңажол ауылының тағдыры да қыл үстінде тұр.
Сондықтан Сенат ұсынымдарын қайта қарауды, солтүстік өңірлерде әлеуметтік және экономикалық даму бағдарламаларын дереу қолға алу, аймақтарға жастарды тарту, инфрақұрылымды дамыту, миграцияны басқару, зейнетақы және әлеуметтік қызметтерді жақсарту бойынша мәселелерді жедел пысықтап, нақты шешімдер қабылдау қажет деп есептейміз.
“Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы” Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша толық жазбаша жауап беруді сұраймыз” – делінген депуттаттық сауалда.