«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚИЯРДЫ ҚИЫРДАН ТАСЫМАЙМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті экономиканың негізгі драйверіне айналдыру басты міндеттердің бірі саналады. Өңірімізде осы саланы кәсібіне айналдырып,  отбасының несібесін молайтып жүрген жандар аз емес.  Мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, гранттарды иеленушілердің қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді.  Солардың бірі – заманауи жылыжай салу жобасын жүзеге асырып, өңірдің қияр өніміне деген сұранысының үштен бірін жауып отырған “Зеленый Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Былтыр күзде іске қосылып,  инновациялық жоба аясында жиналған алғашқы өнімнің сапа­сы көңілдегідей болды.  Облыс жұртшылығын азық-түлік өнім­дерімен жеткілікті түрде қам­тамасыз ету, сауда орындарын­да импор­т мөлшерін азайту,  осы­лайша бағаның шарықтап өсуіне жол бермеу мақсатын діттеген серіктестікке қарасты жылыжай­дың аумағы 3,7 гектарға жуық.  Қиярдың тұқымы Голландиядан әкелінген. Климаты қатал теріс­кейге жерсіндіру үшін ең өсімтал сорттар іріктеліп алыныпты. Жа­бық жерде өсірілетіндіктен, өсімдік ауруларына төзімділік сияқты талаптар да барынша ескерілген. “Rijk Zwaan” селек­ция­лық компания­сының жоғары өнімді партено­карпты (өздігінен тозаңданатын) орташа жемісті гибрид “Meva F1” және “Бьерн F1” сорттарына ба­сымдық беріл­ген.

Жылыжайдағы микрокли­мат бірнеше жүйелерге бөлін­ген. Әр жүйеге ылғалдылық па­раметр­лері орнатылған. Жоға­ры қысым арқылы берілетін су микротүтік-шелер арқылы жет­кізіліп, тұман­ға айналады. Күн­дізгі жарық жет­кіліксіз болған жағдайда авто­матты желі іске қосылады. Күн сәулесі артық болса, автоматты жылыту тіз­бегі өздігінен реттеліп отырады.

“Өнімдердің 80 пайызы дел­далсыз, тікелей сауда нүктелері арқылы жергілікті нарыққа, қалған бөлігі басқа өңірлерге  жөнелтіледі. Осы уақытқа дейін 2000 тонна қияр жиналса, ендігі меже жыл аяғына дейін өнім көлемін 4000 тоннаға дейін ұл­ғайту, – дейді кәсіпорын ди­ректоры Екатерина Асаенок.

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда елімізде жеміс-кө­көніс өсіру қолайлы жылыжай­лар Түркістан облысында шо­ғырланған. Өкінішке қарай, елдің басқа аймақтары шағын жылы­жай алаңдарымен ғана шектеліп отыр. Өйткені, қысы ұзаққа со­зылатындықтан жылу мен электр энергиясына шығын­дар өте көп жұмсалады. Жабық жер­де өсірудің де өзіндік қиын­дық­тары бар.

“Көзін тапқанға табыс көл-көсір” деген сөз текке айылма­ған. Оған қуатты  агрожобалар­ды дөңгелетіп отырған солтүс­тікқазақстандықтардың игі ізде­ністері дәлел. Жылыжайда 50-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылса, солардың бірі – Оль­га Михайлованы қияр өсірудің кәнігі маманы дерсің. Ол әріп­тестері­мен бірге көшеттерді күтіп-баптауға көмектеседі.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері баса ден қойып, жедел түрде қолға алып жатқан тың саланың ішкі нарықты жергілікті көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етудегі және им­порттық өнімдердің үлесін азай­тудағы мәні айрықша. Ека­те­рина Асаенок құрылысы екі жылға созылған жылыжай жо­басының құны 7,2 млрд. теңгені құраға­нын, 5,8 млрд. теңге “Солтүстік” ӘКК” АҚ арқылы же­ңілдік түрінде берілгенін жет­кізді.

“Солтүстік” ӘКК” АҚ кредит­теу және жобаларды басқару департаментінің жетекшісі Ол­жас Сағандықовтың айтуынша, “Агробизнес” әмбебап  несие бе­ру бағдарламасы шеңберінде жылыжай құрылысын қаржы­лан­дыру алдағы уақытта да жалға­сын таппақ. Келіп түскен өтініш­тер кредиттік процесс және жоба­ларды конкурстық іріктеу жұ­мыс­тарының бірнеше кезеңінен ірік­те­ліп, шешім қа­былданғанға дейін қарыз алушы­ның оны уақтылы және толық көлемде қайтару, сый­ақы төлеу қабілеті де  баға­ланады.

Конкурсқа қатысатын кәсіп­керлік субъектілеріне қойыла­тын біліктілік талаптары өте жоғары. Еліміз бойынша 2020 жылдан бастап осы бағдарлама аясында 16,7 млрд. теңгенің 51 гектар болатын 14 жылыжайы қаржыландырылған. Жабық то­пырақта көкөніс өндірудің рен­табельділігін арттыру өндірістік шығындардың өзіндік құнын төмендету есебінен ғана мүмкін болатыны ескеріліп, жылыжай шаруашылықтарын гектарлық субсидиялау тетігі қарастырыл­мақ. Агроном мамандар жы­лыжай кешенін салудың тиім­ділігіне талдау жа­сау арқылы көкөністі тұтыну көлемі халық санының өсуіне қарай үздіксіз өсіп отыратынын есептеп шығарған. Олардың сұранысты жабу үшін қысы суық және ұзақ солтүстік өңірлерде де өн­діріс­тік жылыжайлар көптеп салу қажет деген пайымдары қол­дау­ға тұ­рарлық.

Қысқа мерзім ішінде өзіндік бет-бедерін қалыптастырып үлгерген “Зеленый Север” ЖШС басшылығы заманауи ке­шен­дер­дің санын арттыруды, аума­ғын кеңейте отырып, сырт­қы на­рыққа бағдарлануды жос­парлап отыр.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp