Өңір тұрғыны Мейрамжан Кәшкеұлының негізгі мамандығы – дәрігер, омарташылыққа зейнет демалысына шыққалы мықтап ден қойған. Ол қазіргі уақытта қазақ арасында кенже қалған бұл кәсіптің қыр-сырымен бөлісіп, шәкірт тәрбиелеп жүр.
Мейрамжан Кәшкеұлымен телефон арқылы тілдесіп, кейін Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылының маңында орналасқан омартасында кездестік. Ауыл тұрғыны күздің жылы күндерін пайдаланып, араларының бабын жасап жүр екен. Көзімізге үйреншікті ағаштан жасалғандарынан бөлек, сары омарта оттай басылды.
“Мамандар соңғы уақытта ара шаруашылығында жаңа материалдарды қолданатын болған. Бұлар тасуға ыңғайлы, жеңіл келеді”, – деп түсіндірді Мейрамжан Кәшкеұлы.
Омарташы араларын қысқа дайындауға кірісіп кетіпті. Оның айтуынша, біздің өңірдегі омар-ташылардың дені карника, карпатка, немістің бакфаст деген асыл тұқымды араларын өсіреді.
“Бұл аралар момын келеді, шақпайды әрі Қызылжардың алты айға созылатын қысына төзімді. Тек бакфастты шыдамды деп айта алмаймын. Орталық орыс арасы деген бар, ол балды өте көп жинайды, еңбекқор, бір ұя екі-үш фляга өнім беруі мүмкін. Бірақ жанына барсаң, жабылып, адам, мал демей шағады”, – дейді омарташы.
Қызылжардағы омарташылар жыл сайын араны ауыстырып отырады, өйткені қыс қатал, тоңған аналық ара келер жылы дұрыс жұмыртқаламауы мүмкін. Тәжірибелі омарташылар қысқа алдын ала дайындалады. Мысалы ағаштан жасалған ұяда 12 кассета болады, заманауи ұяларға 10 рама сыятын көрінеді. “Қысқа соның тек 7-8-ін ғана қалдырамыз. Өйткені барлық кассетада ара толық отыруы тиіс, сонда іші жылы болып тұрады. Мұндай ұяда қыста температура +25 болғаны жөн”, – дейді омарташы.
Мейрамжан Кәшкеұлы Петропавлға өткен ғасырдың сексенінші жылдары Семей өңірінен қоныс аударыпты. Облыстық туберкулезге қарсы диспансерде біраз жыл зертхана меңгерушісі, туберкулезден облыс бойынша үйлестіруші болып еңбек еткен. Қазір зейнет демалысында. Тоқсаныншы жылдары орыстың Валерий Кондрахин атты жігітімен танысады. Кейіпкеріміз омарташылықты сол кісіден үйреніпті.
Араның адамға пайдасы – көлкөсір. Омарташының айтуынша, иммундық жүйе жұмысын жақсартып, ағзаға вирус-бактериялармен күресуге көмектеседі. Сондықтан да тұмауратқанда, суық тигенде бал жеудің пайдасы зор, бірақ қайнаған сумен араластырса, ол қасиетін жоғалтады екен.
“Қазір араның ызыңын естігім, жанында болғым келіп тұрады. Аралардың адамға пайдалы биоток бөлетінін кейін білдім. Өмір болғасын кейде ренжіп, ашуланатын кездер болады. Сол кезде омартаға келсең, жаның жадырап, емделесің. Екіншіден, қақпағын ашқан кезде стерильденген ауа шығады, мұның өзі – дәрі. Араның желімі – прополис, оның өзі – өте керемет антибиотик. Ара өнімінде қалдық қалмайды, балы, балауызы – бәрі ем. Сондай-ақ өліп қалған арадан да дәрі жасауға болады. Балдың түрлері көп, оның әрқайсысының өз қасиеті бар. Күнбағыс балының асқазанға пайдасы зор. Қарақұмық балы жүрек жұмысын жақсартады”, – дейді Мейрамжан аға.
Омарташының сөзінше, бұл жәндік өте кірпияз. Екіншіден, үсті-басың таза болуы тиіс. Арақты, темекіні, жаман иісті, тіпті парфюмерияны жек көреді, ұнамаса шағады.
Мейрамжан Кәшкеұлы араның аталығының жалқау болатынын айтты. Олар тіпті гүлге қонып, бал жинамайды екен. Ал аналығын патшамен салыстыруға болады. Барлық ара соған бағынады. Оның өз күзетшілері, жұмысшылары бар. Аналық ара ешқашан ұядан шықпайды. Аналық араның бір ғана міндеті бар, ол – жұмыртқа салу. Сосын өзінен қош иіс – ферромон бөледі, сол арқылы бүкіл араларды ұстап тұрады. Жас аналықтың ұясы үлкен болады, қартайған сайын кішірейе береді. Тағы бір ерекшелігі – бір ұяға екі аналық иелік ете алмайды.
Кейіпкеріміздің ара шаруашылығы жайлы білімі, көрген-білгені көп. Ол жанға жайлы, табыс әкелетін бұл шаруашылықпен жастардың айналысқанын қалайды. Сондықтан болар, үйренемін деген жастарды жатсынған емес. “Әзірге екі шәкіртім бар. Біреуін үйреткеніме үш жыл болды, қазір ол өз кәсібін ұлғайтып, бизнеске айналдыруда. Өз омартасы бар”, – дейді ол.
Бұл кәсіппен егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге қосымша шұғылдануға болады. Мейрамжан аға сөз арасында саудагерлердің қандай бал сатып жатқанына күмәнмен қарайтынын айтты. Еуропа елдерінде өнімді сатуға шығармас бұрын сапасы тексерілетінін жеткізді. Біздің елде де саудагерлерге қатаң талаптар қойылса, жалған бал сататындар саны азаяр еді.
Омарташыларды алаңдататын мәселелер аз емес. Солардың бірі – гүлді алқаптардың аздығы. “Кез келген адам өзінің кәсібін, мамандығын жақсы көруі керек. Араларға да күтім керек. Қыста тоңбасын дейсің, көктемде уақытымен тамағын беріп, өсіру қажет, ал жазда 5-6 адам жиналып, өзімізше бригада құрып, сосын егістерді, гүлді алқаптарды іздейміз. Мәселен, егіншілікпен айналысатын кәсіпкерлердің көпшілігі біз сияқты омарташыларды жанына жақындатпайды, сол себепті бұл мәселе де заң жүзінде шешілсе екен деген тілек бар”, – дейді омарташы.
Мейрамжан Кәшкеұлы мектеп оқушыларының балды жиі тұтынғанын қолдайды. Былтыр аудандағы екі мектепке арнайы барып, балалар жесін деген мақсатпен бал апарып беріпті. Өйткені, бал жеп өскен баланың білімді әрі зерек болатынын ғалымдар дәлелдеген.
Өңір омарташылары қауымдастығының мәліметінше, қазір облыста бір мыңға жуық адам кәсіптің осы түрімен айналысады. Жаз айларында шамамен 400 тоннаға дейін бал өндіріледі.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.