«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛ ЖЕГЕН БАЛА БІЛІМДІ БОЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір тұрғыны Мейрамжан Кәшкеұлының негізгі маманды­ғы – дәрігер, омарташылыққа зей­нет демалысына шыққалы мық­тап ден қойған. Ол қазіргі уа­қытта қазақ арасында кенже қал­ған бұл кәсіптің қыр-сырымен бө­лісіп, шәкірт тәрбиелеп жүр.

Мейрамжан Кәшкеұлымен телефон арқылы тілдесіп, кейін Қы­зылжар ауданы Бәйтерек ауы­лының маңында орналасқан омар­тасында кездестік. Ауыл тұр­ғыны күздің жылы күндерін пайдаланып, араларының ба­бын жасап жүр екен. Көзімізге үй­реншікті ағаштан жасалғандарынан бө­лек, сары омарта оттай ба­сылды.

“Мамандар соңғы уақытта ара шаруашылығында жаңа ма­те­риалдарды қолданатын бол­ған. Бұлар тасуға ыңғайлы, же­ңіл келеді”, – деп түсіндірді Мей­рамжан Кәшкеұлы.

Омарташы араларын қыс­қа дайындауға кірісіп кетіпті. Оның айтуынша, біздің өңірдегі омар-ташылардың дені карника, карпатка, не­містің бакфаст деген асыл тұ­қым­ды араларын өсіреді.

“Бұл аралар момын ке­леді, шақпайды әрі Қызылжар­дың алты айға созылатын қысы­на төзімді. Тек бакфастты шыдамды деп айта алмаймын. Орталық орыс арасы деген бар, ол балды өте көп жинайды, еңбекқор, бір ұя екі-үш фляга өнім беруі мүм­кін. Бірақ жанына барсаң, жабылып, адам, мал демей­ шағады”, – дейді омарташы.

Қызылжардағы омарташы­лар жыл сайын араны ауысты­рып отырады, өйткені қыс қатал, тоң­ған аналық ара келер жылы дұ­рыс жұмыртқаламауы мүмкін. Тә­жірибелі омарташылар қысқа алдын ала дайындалады. Мыса­лы ағаштан жасалған ұяда 12 кассета болады, зама­науи ұя­лар­ға 10 рама сыятын кө­рінеді. “Қысқа соның тек 7-8-ін ғана қал­дырамыз. Өйткені барлық кассетада ара толық отыруы тиіс, сон­да іші жылы болып тұрады. Мұн­дай ұяда қыста температура +25 болғаны жөн”, – дейді омарташы.

Мейрамжан Кәшкеұлы Пет­ропавлға өткен ғасырдың сексе­нінші жылдары Семей өңірінен қо­ныс аударыпты. Облыстық ту­беркулезге қарсы диспансерде біраз жыл зертхана меңгерушісі, туберкулезден облыс бойынша үйлестіруші болып еңбек еткен. Қазір зейнет демалысында. Тоқ­са­ныншы жылдары орыстың Ва­лерий Кондрахин атты жігітімен танысады. Кейіпкеріміз омарта­шылықты сол кісіден үйреніпті.

Араның адамға пайдасы – көлкөсір. Омарташының айтуынша, иммундық жүйе жұмысын жақ­сартып, ағзаға вирус-бактериялармен күресуге көмектеседі. Сон­дықтан да тұмауратқанда, суық тигенде бал жеудің пайдасы зор, бірақ қайнаған сумен араластырса, ол қасиетін жоғалтады екен.

“Қазір араның ызыңын есті­гім, жанында болғым келіп тұ­рады. Аралардың адамға пай­далы биоток бөлетінін кейін біл­дім. Өмір болғасын кейде рен­жіп, ашуланатын кездер болады. Сол кезде омартаға келсең, жаның жадырап, емделесің. Екіншіден, қақпағын ашқан кезде сте­рильденген ауа шығады, мұның өзі – дәрі. Араның желімі – пропо­­лис, оның өзі – өте керемет ан­тибиотик. Ара өнімінде қалдық қалмайды, балы, балауызы – бәрі ем. Сондай-ақ өліп қалған арадан да дәрі жасауға бо­лады. Балдың түрлері көп, оның әрқай­сысының өз қасиеті бар. Күнба­ғыс балының асқазанға пайдасы зор. Қарақұмық балы жү­рек жұ­мысын жақсартады”, – дейді Мей­рамжан аға.

Омарташының сөзінше, бұл жәндік өте кірпияз. Екіншіден, үсті-басың таза болуы тиіс. Арақ­ты, темекіні, жаман иісті, тіпті парфюмерияны жек көреді, ұна­маса шағады.

Мейрамжан Кәшкеұлы ара­ның аталығының жалқау бола­ты­нын айтты. Олар тіпті гүлге қо­нып, бал жина­май­ды екен. Ал ана­лығын пат­ша­мен салысты­руға болады. Бар­лық ара соған бағынады. Оның өз күзетшілері, жұмысшы­лары бар. Аналық ара ешқашан ұядан шықпайды. Ана­лық ара­ның бір ғана міндеті бар, ол – жұ­мыртқа салу. Сосын өзі­нен қош иіс – ферромон бөледі, сол ар­қы­лы бүкіл араларды ұс­тап тұра­ды. Жас аналықтың ұясы үлкен бо­лады, қартайған сайын кі­ші­рейе береді. Тағы бір ерекше­лігі – бір ұяға екі аналық иелік ете алмайды.

Кейіпкеріміздің ара шаруа­шылығы жайлы білімі, көрген-білгені көп. Ол жанға жайлы, табыс әкелетін бұл шаруашы­лықпен жастардың айналысқанын қалайды. Сондықтан болар, үйренемін деген жастарды жат­сын­ған емес. “Әзірге екі шәкіртім бар. Біреуін үйреткеніме үш жыл болды, қазір ол өз кәсібін ұл­ғайтып, бизнеске айналдыруда. Өз омартасы бар”, – дейді ол.

Бұл кәсіппен егіншілікпен, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге қосымша шұғылдануға болады. Мейрамжан аға сөз арасында саудагерлердің қандай бал сатып жат­қанына күмәнмен қарайтынын айтты. Еуропа елдерінде өнімді сатуға шығармас бұрын сапасы тексерілетінін жеткізді. Біздің елде де саудагерлерге қатаң талаптар қойылса, жалған бал сататындар саны азаяр еді.

Омарташыларды алаңдата­тын мәселелер аз емес. Солар­дың бірі – гүлді алқаптардың аз­дығы. “Кез келген адам өзінің кә­сібін, мамандығын жақсы көруі ке­рек. Араларға да күтім керек. Қыста тоңбасын дейсің, көктемде уақытымен тамағын беріп, өсі­ру қажет, ал жазда 5-6 адам жи­налып, өзімізше бригада құрып, сосын егістерді, гүлді алқаптар­ды іздейміз. Мәселен, егіншілікпен айналысатын кәсіпкерлердің көпшілігі біз сияқты омарташыларды жанына жақындатпай­ды, сол себепті бұл мәселе де заң жүзінде шешілсе екен деген тілек бар”, – дейді омарташы.

Мейрамжан Кәшкеұлы мек­теп оқушыларының балды жиі тұтынғанын қолдайды. Былтыр аудандағы екі мектепке арнайы барып, балалар жесін деген мақ­сатпен бал апарып беріпті. Өйткені, бал жеп өскен баланың білімді әрі зерек болатынын ғалымдар дәлелдеген.

Өңір омарташылары қауым­дастығының мәліметінше, қазір облыста бір мыңға жуық адам кәсіптің осы түрімен айналы­сады. Жаз айла­рында шамамен 400 тоннаға дейін бал өндіріледі.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp