«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР КҮНДЕ ЕКІ АДАМ АЛДАНАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында “Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс”,– деп атап көрсетті.

Бұл биік мінберден айтылған жалпыұлтық ауқымдағы, бар­шаны толғандырып отырған өткір мәселе екендігінде ешкім­нің күмәні бола қоймас. Сөзіміз­ге дәлел ретінде облыстық по­лиция департаментінің қызмет­керлері ұсынған деректерді кел­тіруді жөн көрдік. Жыл ба­сынан бері облыс аумағын­да 528 интернет-алаяқтық оқи­ғасы тіркелген, оның көбі ға­ламтор­дың көмегімен біреудің қалта­сындағы қаржысын жым­қы­румен байланысты болған. Қыс­қаша айтқанда, Солтүстік Қа­зақстан облысында күн сайын интернеттің және ұялы бай­ланыс телефонының көмегімен жерлестерімізге қарсы кем дегенде екі алаяқтық қылмыс жа­салады екен.

Жоғарыда келтірілген де­рек­терге кірмеген бір-екі оқи­ғаға тоқтала кетейін. Оның бі­реуі жақсы араласатын жолда­сым­ның зайыбының басынан өт­кен. Алаяқтар ак­каун­тын бұ­зып кіріп, оның аты­нан “Whats­App” арқылы барлық таныс­та­ры­нан қарызға 220 мың теңге ау­даруды жалына өтініп­ті. Әйел­дің таныс адам­дары­ның ішінен бір құрбысы ғана оған телефон соқпай, мән-жай­ды анықтамас­тан, алаяқ көрсеткен шотқа сұ­ра­ған ақ­шаны аударып жібер­ген. Екінші жайтқа биылғы қыс­та алты жылдан бері бірге жұ­мыс істеп жүрген әріптесім тап болды. Ол өзінің аккаунтының бұзылғанын және алаяқтың оның атынан достарымен, та­ныс­тарымен, әріптестерімен ха­бар алмасып жатқанын сезген. Алайда олар­ды бұл алаяқтық туралы ес­кертіп үлгермепті. Со­ның сал­дарынан менің әріпте­сімнің атынан алаяқ көрсеткен шотқа үш танысының әрқайсы­сы жүз мың теңгеден аударып жіберіп­ті. Ал оның шотынан қылмыс­кер екі жүз мың теңгені шешіп алып үлгерген.

Бұл екі жағдай барысында танысым да, әріптесім де өзде­рі үшін беймәлім әрі таныс емес телефон қоңырауына жауап бе­ру арқылы қылмыскерлерге олар­дың арам ойларын жүзеге асыруына қолайлы жағдай жа­сап берген. Содан кейін ғана бармақтарын тістеп қалып отыр. Меніңше, біз телефон алаяқ­тары ту­ралы ха­барламаларды күн сайын дер­лік естісек те, оқы­сақ та оның байыбына бара бер­мейміз. Өзімізді олардың құры­ғына түспейтіндей бейғам сезін­гендіктен алаяқтар осы күнге де­йін әлі айылдарын жимай отыр, олар арам ойла­рын жүзеге асы­ру үшін неше түрлі құйтырқы әрекеттерге барып жатыр. Сон­дықтан ма­мандардың ақыл-ке­ңестеріне құлақ асқан артық болмайты­нына көзіміз жететін уақыт кел­ген іспетті.

Сізге қоңырау шалған теле­фон нөмірі таныс бол­маса яки күдікті көрінсе оған ешқашан жауап бермеңіз.

Алаяқтар өздерін теле­фон арқылы банк немесе құқық қор­ғау органда­ры­ның қызметкері ре­тінде таныстыруға тыры­сады.

Сізге жылдам әрі жақ­сы табыс табу үшін әлде­бір бағалы қағаздарға, акцияларға және т.б. ақша салу туралы ұсыныс­тар­­дан сақ болыңыз.

Ғаламторда жиі кездесетін жұмысқа қабылдау туралы ха­барландыруға сене беруге бол­майды. Онда қандай мамандық иесі қажет екені көрсетілмей, “жұмыс беруші” еңбек өтілінің жоқтығына қарамастан кез кел­ген адамды ресми емес қыз­метке орналастыруға уәдені үйіп-төгеді.

– Мұндай хабарландыру иесі алаяқтық пиғылға алдан­ған адамдардың ақшаларын өзінің банк картасына аударуға ты­рысады. Интернет-алаяқтар осылай “дропперлерді” қылмыс жолымен алынған ақшаны бас­қа елге аудару үшін қажет адамдарды тартады. Көбі­несе мұн­дай алаяқтар өздерін жазадан құтылып кетеміз деп ойлайды, алайда еліміздің қол­даныстағы заңнамаларына сәйкес олар азаматтық және қыл­мыстық жауапкершілікке тарты­лады, – дейді облыстық поли­ция депар­та­менті криминалдық полиция басқармасының бастығы, поли­ция полковнигі Иван Терзиди.

Дегенмен Қазақ­стандағы интернет-алаяқтық статис­ти­касы көңіл көншітпейді. Өткен жылы еліміздің аумағын­да осы тектес 45 мыңға жуық қылмыс тіркелген, соның салда­рынан қазақстандықтар 21 миллиард теңге зардап шеккен. Үстіміз­дегі жылдың алты айында құ­қық қорғау органда­рының қыз­меткерлері жаңадан ондаған мың алаяқтық факті­лерін тір­кеген, адамдардың миллиард­та­ған ақшасы қас­көйлердің қалтасын толтырған. Ал мұн­дай қылмыстарды ашу жұмыс­та­ры сын көтермейді.

Соңғы жылдары кең та­рап жатқан интернет алаяқтық та­лай алқа­лы жиындардың күн тәртібінен түспей жатқандығы оның жалпы­ұлттық сипатқа ие болғанын көрсетеді. Билік ба­сындағылар құқық қорғау ор­ган­дарынан тұр­ғындар арасын­да ақпа­раттық-талдамалық жұ­мыстарды жан­дандыруды, алаяқтық қылмыс­тың алдын алуды және оны бол­дырмауды талап етуде. Десек те бұл ба­ғыттағы жұмыстардың нәтижесі әлі де тұрғындардың көңілінен шығып отырған жоқ.

Бұл жерде біздің азамат­тардың өздерінің есеп айырысу шоттарында сақталған қар­жысын осындай алаяқтардан қорғауда екінші деңгейдегі банк­тердің қалай жұмыс іс­тей­тінін Ұлттық банк ерекше на­зар­да ұс­таса деген ой келеді. Жеке тұл­ғалардың (адамдарды бан­кир­лер осылай атайды) мүдде­ле­рін қорғау үшін олар­дың банк­тік карталарындағы ақша­ны басқа шотқа аударуды екі күн­нен кейін ғана жүзеге асыр­са барлық тараптар онда кри­ми­­нал жоқ екендігіне көз жет­кізер еді. Ресейде осындай ша­ра қолға алынды.

Ал ұялы телефон қызметін ұсынып отырған компаниялар­дың бұл істен сырт қалмауы тиіс. Олар миллиондаған клиент­­терінің қауіпсіздігін сақ­тау үшін не істеп жатыр? Бұл сұ­раққа толыққанды жауап алу мүмкін емес.

Құқық қорғау органдарының дерегіне сәйкес, тіркелген ки­бер-қылмыстардың, интер­нет-алаяқтардың жартысынан ас­та­мы шетелдерден, бірінші кезекте Ресей мен Украинадан жасалады екен. Сыртқы істер және Ішкі істер министрліктері, тиісті құзырлы органдар осы елдердегі әріптестерімен бір­лесіп трансшекаралық қыл­мыс­тың алдын алу бағытында жоспарлы жұмыстар істеуі тиіс.

Қазақстанның қолданыста­ғы заңнамаларына сәйкес ор­та­ша алаяқтық қылмыс жасаға­ны үшін төрт жыл бас бостан­дығынан айыру жазасы көздел­ген, ал сот оны ауыр қылмыс деп санаса, онда қылмыскер өмі­рінің жеті жылын темір тордың ар жағында өткізеді. Алаяқ­тық және кибер-қылмыс үшін бұдан да қатаң жаза қол­дану керек сияқты, өйткені олар осын­дай заңға қарсы әрекет­тері үшін жеңіл жауапкершілік­пен құтылып кететініне сенім­ді. Бұл нәубетпен бәріміз бірге күресетін уақыт келді.

Марат ШЫНТЕМІРОВ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp