«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Гүлмира МҰХАМЕДЖАНОВА: “Қазақ тілінің ғылым тіліне айналуға әлеуеті жетеді”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Гүлмира Тастемірқызы, көзді ашып-жұмғанша қыркүйектің алғашқы апталары да өте шықты. Биылғы оқу жы­лын қандай өзгерістермен бас­тап отырсыздар?

– 2024-2025 оқу жылында “қа­зақ тілі мен әдебиеті” білім беру бағ­дарламасы бойынша дуалды оқытуды қолға ала бастадық. Бұл дегеніміз колледжді тамамдаған студенттер бірден университет­тің үшінші курсына оқуға қабыл­данып, әрі өз мамандығы бойынша жұмыс істей береді деген сөз. Жоғары білім алғысы келетін колледж түлектері университетке әңгімелесуден өту арқылы қа­былданады. Кейін өңір мектепте­рінде жұмыс істеп, бізден теория­лық білім, жұмыстан тәжірибе жи­найды. Мұны орта арнаулы білімі бар жастар үшін таптырмас мүм­кіндік деп санаймын.

Ал университет туралы айтар болсам, алда Аризона универ­ситетімен бірлескен серіктестікті нығайту мақсаты тұр. Жаңадан ашылған білім беру бағдар­ла­маларының ішінде инклюзия бар. Бүгінде бұл салада кадр тапшы­лығы салдарынан инклюзивті оқы­ту артта қалып отыр. Универ­си­тетімізде аталған сала бойынша маман даярлау инклюзивті қоғам құруға оң әсер етеді деп ойлай­мын.

– Сіздің Абай атындағы қа­зақ ұлттық педагогикалық уни­верситетінің докторантурасын тамамдағаныңызды білеміз. Ғы­лыми дәреже алу үшін қай тақырыпты зерттеп, нендей жа­ңашылықтар аштыңыз?

– Мен еңбек өтілімді 2006 жылы жергілікті университетте бастадым. Шешендік сөздер мор­фологиясына арналған магистрлік диссертациямды белгілі ға­лым Мырзатай Серғалиевтың же­текшілігімен қорғадым. 2013 жылы барлық іріктеу сатысынан өтіп, қазақ тілі мен әдебиеті ма­мандығы бойынша докторанту­раға оқуға қабылдандым. Жетек­шім, қазақ тілінің зерттеушісі – Ай­ман Алдашевамен ойымыз бір жерден шығып “Қазақ тіліндегі кө­ріктеуіш тілдік құралдардың линг­вомәдени сипаты және оларды оқыту әдістемесі” тақырыбында зерт­теу жүргіздім. Бұл тақырыпқа тоқтауыма мектеп оқушылары­ның оқу барысында біздің ұлттық мәдениетімізге тән қазақтың байырғы төл сөздерін түсіне бер­мейтіні себеп болды. Жалпы лингвомәдениеттану ұлттың мә­де­ниеті мен тілінің байланысын, мәдениеттің тілде көрініс табуын зерттейтін тіл білімінің саласы. Мәселен, “асығы алшысынан түс­ті” деген тіркесті түсіну үшін адам қазақтың асық ойынынан хабар­дар болуы керек. Қазақта “ашар­шылықтың ащы шеңгеліндей” деген тіркес бар. Мұндағы шеңгел дегеніміз бүркіттің соңғы тырна­ғы. Аңға түскенде құс шеңгелін ұс­таған аңына қатты батырады екен. Тілдегі осындай ерекшелік­терді білу оқушыға оқу материа­лын жақсы түсінуге мүмкіндік бе­ре­ді. Сабақ кезінде тіл арқылы мәдениетті, мәдениет арқылы тілді оқытуға болады. Мен зерт­теу аясында осының жолдарын қарастырдым.

– Қазіргі тіл білімінде жаңа көз­қарастар орнығып, батыл қа­дамдар жасалып жатқанына куә болып отырмыз. Тілге тек қарым-қатынас құралы деп қа­райтын бұрынғы таптаурын тү­сінік ескірген сияқты. Заманауи ғылымның көкжиегі қай бағытта кеңейіп келеді?

– Соңғы бірнеше ғасырда тіл білімі үш парадигма бойынша да­мыды. Бүгінгі ғылымда антропо­центристік парадигма өзекті. Мұндағы “антропо” – адам. Өткен ға­сырдың ортасынан бүгінгі күнге дейін зерттеушілер тілдің жеке құ­рылымын, басқа тілдермен бай­ла­нысынан гөрі оның адаммен арақатынасын зерттеуге басым­дық беріп келеді. Яғни тіл тек ком­муникация құралы емес, адам болмысының айнасы ретінде қа­растырылады. Тіл арқылы адам­ның бар болмысын, дүниетаны­мын, мәдениетін тіпті жүйке жүйесін де сипаттауға болады. Осы­ның әсерінен лингвистиканың әлеуметтану, мәдениеттану, психологиямен байланысты жаңа са­лалары қалыптасып, дамып ке­ле­ді. Алайда қазіргі тіл білімінің бағытына сыни көзқарастағы ға­лым­дар да бар. Өзім бұл сала қар­қынды дамып жатыр деп санай­мын. Болашақта ғылым жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін.

– Дін өкілдерінің “қазақ ті­лін­­дегі сөздердің басым бөлігі басқа тілдерден енген” деген пі­кірі қо­ғамның қызу талқысына түсіп, ха­лықтың наразылығын тудырды. Онсыз да тіл мәсе­лесі күн тәрті­бінен түспей тұр­ған уақытта бұл да отқа май құй­ғандай болған жоқ па?

– Өкінішке қарай ғылымнан тыс адамдар ешқандай салмақты зерттеу, пайымдаусыз өз пікірін ашық айта беретін болды ғой. Бұл ретте өз мойнындағы жауапкершілікті се­зін­бейді. Сөздік қорымыздың 70 пайызы арабтан енген деген қо­рытынды шығару үшін бұрынғы жи­нақтарды, кешегі қазақ тілінің 15 томдық сөздігін алып, ондағы барлық сөздердің этимологиясын талдап, жүйелі зерттеу жүргізу ке­рек. Ғалымдардың қазақ тілтанымы туралы еңбектерінің ешқайсы­сында мұндай дерек жоқ. Ке­рісінше қазақ тілінің әлемдегі сөз­дік қоры бай 6 мемлекет тілінің қатарына енгені дәлелденген. Бұл – баяғыда зерттеліп, нүктесі қойы­лып, ғылыми қауымдастықта ше­шімін тапқан сұрақ. Мәдени бай­ланыстар болғандықтан, тілде кір­ме сөздердің болуы заңдылық. Алайда оның үлесі анау айтқан­дай көп емес. Сол сияқты басқа тілдерге енген қазақ сөздері баршылық.

– Қазақ тілі ғылым тіліне ай­налсын деген бастама көтері­ліп келе жатқалы көп болды. Алайда әлі күнге тіліміздің нақ­ты және техникалық ғылымдар саласында кең қолданылуына әлеуеті жетпейді дейтіндер бар. Сіз келісесіз бе?

– Тіліміздің барлық ғылым са­ласындағы өзгерістерді сипаттауға мүмкіндігі бар. Қазақ тілінің ғы­лым тіліне айналуға әлеуеті жете­ді. Алайда осы бағытта жүргізілуі тиіс жұмыстар кешеуілдеп қалды. Нақты ғылымдардың беті енді бері қарап келе жатқандай көріне­ді. Меніңше, біздегі аудармада да мәселе бар сияқты. Әлемде қан­дай ғылыми жаңалық ашылса да, оның атауы бірден қазақшаға ау­да­рылып отыруы керек. Елде мұ­нымен айналысатын арнайы ме­кеме бар. Мысалы қытай тілінде аударылмайтын сөз жоқ екен. Кез келген нәрсенің атауын қытайша сөйлетуге болады. Сонда тілдің ғы­лымдағы үлесі артады. Біз қа­зақ тілінің жанашыры болуымыз керек. Осы ойды студенттеріме үне­мі айтып келемін. Тілге деген сұраныс тудыруды әр адам өзі­нен бастауы керек. Қай жерде бол­сын мемлекеттік тілде қызмет сұ­рау қажет.

– Күні кеше Түркі акаде­миясы бауырлас елдерге ортақ ла­тын әліпбиінің негізін бекітті. Алайда жаңа әліпбиге көшуге қарсы қауымның да айтар уәжі бар. Сіздіңше латын графикасына көшудің қандай қажеттілігі бар?

– Кеңестік кезеңнен қалған ма­сылдық санадан арылмағандарды күнде кездестіреміз. Жаңағыдай қорқыныштар біздің өткенге қарайлап, жаңа заманға бейімде­ле алмағаныздан туып отыр. Ла­тын графикасын өткен ғасырда да қолдандық. Қарапайым адамдарға біліне бермеуі мүмкін, алай­да қазіргі әліпбиде қазақтың төл дыбыстарын, ерекше белгі­лерін жазуда қиындықтар бар. Ал латын әліпбиі табиғатымызға жа­қын. Көбі бұл өзгеріс тілге әсер ете ме деп ойлайды. Бірақ латын графикасының біздің жазуымызды жүйелегені болсама, бұрынғы­дай сөйлей береміз. Ендігі ретте ғалымдар “Аққу, шортан һәм шаян” сияқты сан саққа тартпай ортақ шешімге келуі керек. Бұл өз­герістің кешеуілдеп жатуының саяси себептері де бар сияқты. Дегенмен түбі осыған тоқтайты­нымыз анық.

– Осыдан бірнеше жыл бұ­рын өз жобаңызды ұсынып, грант иегері атандыңыз. Мем­лекеттік қолдау болған соң зерттеуіңіз де өнімді болған шы­ғар.

– Жыл сайын Ғылым және жоғары білім министрлігі ғалымдардың жобаларын қолдау үшін гранттық қаржыландыру байқау­ла­рын ұйымдастырады. Мен бай­қауға “Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында тілдік құ­ралдарды оқытудың әдістемелік негіздері” тақырыбын ұсындым. Са­рапшылардың қорытындысы негізінде грант иелендім. Одан әрі осындағы Назарбаев зияткер­лік мектебінің мұғалімдерімен бір­лесіп мектеп мұғаліміне арналған әдіс-тәсілдер ұсынымын жаса­дық. Зерттеу қорытындысы ретін­де халықаралық монография жа­рық көрді. Халықаралық “Scopus” деректер базасына енетін басы­лымда мақала жарияланды. Аталған тізімге әлемдегі ең ық­палды ғылыми журналдар енген. Онда зерттеу жариялау халық­аралық қауымдастықта өзіңді көр­сетудің жолы саналады.

Бізге бөлінген 38 млн. теңге осы жобаны жүзеге асыру үшін жұмсалды. Менің тобымда 5 ға­лым жұмыс істеді. Грант есебінен олардың жалақысына үстеме тө­леніп отырды. Зерттеу жұмысына шетелдік ғалымдар жұмылды­рылды. Ғалымдар тобы Түркия­дағы Гази университетінде тағы­лымдамадан өтті. Гранттық қар­жыландыруға бөлінген ақша то­лық игерілді.

– Отандық зерттеушілер үшін шетелде тәжірибе жи­нау­дың қандай мүмкіндіктері бар?

– “Болашақ” халықаралық бағ­дарламалар орталығы жыл сайын 500 ғалымды шетелге ғы­лы­ми тағылымдамаға жіберу бағ­дарламасын жүзеге асырып келе­ді. Жолдама тек барлық талапқа сай келіп, тестілеуден жоғары нә­тиже көрсеткен, өз әлеуетін көр­сете білген, шет тілін жоғары деңгейде білетін қатысушыларға ғана беріледі. Мен АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы Джордж Ва­шингтон университетінде 9 айлық ғылыми тағылымдамадан өттім. Онда зерттеудің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеру, сондағы оқытушы­лар­дың жұмыстарымен танысу, он­лайн курс өткізу жолдарын үй­рену үшін бардым. Оқу жоспары­на сай сол университеттегі төрт курсты сәтті аяқтап шықтым. Со­ның ішінде дизайн курсының бе­рері мол. Бүгінгі оқытушылар са­бақты жоспарлау, өткізудің за­манауи жолдарын білуі керек. Шетелде өз саласында курс дайындап, сол арқылы қаржы та­батын ғалымдар көп. Жуырда мен де академиялық жазылым негіздері туралы курс әзірлеуді қолға алдым.

АҚШ-қа үй-ішімізбен бірге бар­дық. Балаларым сондағы ағылшын тіліндегі мектепте білім алды. Америкада зерттеушілер үшін жасалған жағдайды көріп таңғалдық. Оқу орнының әр ау­диториясы керек-жарақтың бәрі­мен жабдықталған. АҚШ астана­сындағы 5 қабатты үлкен кітапха­нада жұмыс істедік. Онда да ізде­немін деген адамға қажетті нәр­сенің бәрі бар. Шетелде көрген-білгенімді өңірде іске асырып, отандық ғылымның дамуына үлес қосқым келеді.

– Ғылыммен айнаса­тын адамның күні бойы кітап­ханада отырмайтыны белгілі. Оның сыртында оқытушылық, құжаттама, ғылыми басылым­дарға мақала жазу, түрлі жоба­ларға жетекшілік ету бар. Осы­ның бәріне қалай үлгеріп жүр­сіз?

– Бүгінде қазақ тілі мен әде­биеті кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарудамын. Басшы­лық қызметтегі адам сол лауазымға қай жағынан болсын лайық болуы керек. Кафедра жұмы­сының ілгерілеуіне, оқытушылар­дың кәсіби деңгейінің өсуіне жауаптымын. Бұдан бөлек сабақ беріп, жобаларға жетекшілік ете­мін. Халықаралық басылымдарға да материал дайындауым керек. Кейде отбасыма да уақыт таба ал­майтын кездер болады.

Күндізгі уақыт күнделікті жұ­мыстарға кетіп қалады. Қалған нәр­сенің бәрін түнде атқаруға тура келеді. Түннің бір уағына дейін көз майымды тауысып, қа­ғазға шұқшиып отыратын кездерім көп. Ғылым күн сайын алға адымдап келеді. Кешегі жаңалық бүгіннің талабына сай келмеуі мүмкін. Сондықтан да ғалым адам әлемдегі үдерістерге сергек қарап, өзгерістерге тез бейімделіп, заман көшінің алдында жүруі керек.

– Ашық әңгімеңіз үшін рақ­мет!

Сұхбаттасқан

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Оймақтай ой

Қазақ тілінің ғылым тіліне айналуға әлеуеті жетеді. Алайда осы бағытта жүргізілуі тиіс жұмыстар кешеуілдеп қалды. Нақты ғылымдардың беті енді бері қарап келе жатқандай көрінеді. Меніңше, біздегі аудармада да мәселе бар сияқты. Әлемде қандай ғылыми жаңалық ашылса да, оның атауы бірден қазақшаға аударылып отыруы керек. Елде мұнымен айналысатын арнайы мекеме бар. Мысалы қытай тілінде аударылмайтын сөз жоқ екен. Кез келген нәрсенің атауын қытайша сөйлетуге болады. Сонда тілдің ғылымдағы үлесі артады. Біз қазақ тілінің жанашыры болуымыз керек. Осы ойды студенттеріме үнемі айтып келемін. Тілге деген сұраныс тудыруды әр адам өзінен бастауы керек. Қай жерде болсын мемлекеттік тілде қызмет сұрау қажет.

Өмірдерек

Туған жылы: 1982 жылғы 13 қаңтар.

Туған жері: Жамбыл ауданы, Майбалық ауылы

Қызметі: М.Қозыбаев атындағы СҚУ қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, PhD.

Марапаттары: “Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл” мерекелік медалінің, “Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін” төсбелгісінің иегері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp