Біз – жақсыға жақын жүретін, олардың тәлімді тәрбиесін көріп, үлгі тұтып өсетін халықтың ұрпағымыз. Даналарымыздың “кісі болар кісінің, кісіменен ісі бар” деген сөзі текке айтылмаған болар. Жақсы адамдарға жанаса жүріп өне бойына азаматтықтың, қайраткерліктің өшпес өнегелерін сіңірген жандардың бірі Аманжол Қошанов болатын.
Аманжол аға – қазақ ғана емес әлемдік ғылымдағы жарқын, биік тұлғалардың бірі. Оның өз қолымен, мінезімен сомдаған кісілік келбеті, азаматтық болмысы, жарқын тұлғасы әр адамға үлгі. Жұртымыздың жүрегінде, халқымыздың ой санасында академик Аманжол Қошанов өрісі кең, өресі биік, білімпаз ғалым, қамқоршы ұстаз, жетелі жетекші, халқының қамын ойлайтын, сол үшін аянбай тер төгетін абзал азамат, ардақты ел ағасы ретінде сақталған. Жалпы Қошановтар әулетінің елдік, адамгершілік мұраттары өте ертеден қалыптасқан. Бұл әулеттің тамыры сонау 17-18 ғасырларда өмір сүрген Құлеке батыр мен Шал ақыннан бастау алады. Есілдің жағасындағы Аютас деген жерде академиктің арғы аталары ғұмыр кешкен. Орыс қоныстанушылары бұларды Есілдің оң жағасына, қалың орманды жерге ығыстырады, бұл Атығай руының Құдайберді-Бейімбет бөлімшелерінің ежелден бергі қонысы, қыстауы болған.
Бейімбеттен ағамыздың Жаңабатыр-Дәулетай аталары тарайды. Жаңабатыр – техника ғылымдарының докторы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, академик Ебіней Бөкетовтің бабасы. Дәулетайдан – Құлеке батыр, Шал ақын туады. Шал ақын – Аманжол ағамыздың бесінші атасы. Құлеке батыр ХVІІІ ғасырда жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте Атығай руының қолбасшысы болған. Кейін Абылай ханның жанында жүріп, Троицк қамалына елшілікке барады.
Ал Шал ақын туралы алғашқы сөзді Шоқан Уәлиханов айтқан. Шоқан Шығыс елдеріне тән ақындық дәстүрді айта келе, “қазақ халқының шежіресін эпос етіп жариялаған ақындық өнердің атақты өкілі Шал ақын еді”, дейді. Аманжол Қошановты дүйім қазаққа аты белгілі тұлғалардың жұрнағы, болаттай тұяғы десек, қателеспейміз.
Аманжол ағамызды елден ерекшелеп, ірі тұлға деңгейіне көтерген қасиеттері жетерлік. Ең әуелі ол кісінің көзі тірісінде адал әрі әділ, кішіпейіл болғанын айтуымыз керек. Аталар дәстүрін өз заманына сай жалғастырып, өмір баспалдақтарын нық басып, аспай-саспай, төгілмей-шашылмай сөйлегеніне қарап тамсанатынбыз. Ағамыздың ұйымдастырушылық қабілеті, жоғары мәдениеттілігі, сондай-ақ өзгеге де, өзіне де талап қойғыштық қасиеттері оны ірі тұлға деңгейіне көтерді. Өте қарапайым еді, озбырлыққа, дөрекілікке жаны қас, өктемдік, қаскөйлік, кеудемсоқтыққа мүлдем жолаған емес.
Орта мектепті алтын медальмен бітірген албырт жасты ғылымға деген іңкәрлігі Мәскеудің М.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетінің экономика факультетіне алып келді. Университетте студент А.Қошанов сол заманның атақты экономист-ғалымдар, академиктер К.В.Островитянов, А.И.Пашков, профессорлар Я.А.Кронрод, Н.Г.Блюмин, С.К.Татурлардан сабақ алады. Жоғары білімді жас маман жолдамамен туған еліне оралады. Аманжол алғашында экономикадан сабақ береді де, одан кейінгі бар ғылыми өмірін еліміздің аяулы азаматы, академик Қаныш Сәтбаев құрған ғылым ордасы – Ғылым академиясының қабырғасында өткізеді.
Академиктің сан қырлы ғылыми және ұйымдастырушылық қызметі осы Ғылым академиясының Экономика институтымен тікелей байланысты. Әуелі осы институттың аспирантурасын тамамдайды, содан кейін білім ошағының барлық қызмет баспалдағынан өтеді: кіші және аға ғылыми қызметкер, институттың ғылыми хатшысы, сектор, бөлім меңгерушісі, институт директорының орынбасары, содан кейін директор болады. Ғылымның талантты ұйымдастырушысы ретінде ол өзінің бойындағы бар ғылыми әлеуеті мен ұйымдастырушылық қабілетін экономика ғылымын қайта құруға, институттың ғылыми қызметін нарыққа көшірудің көкейкесті мәселелерін шешу ісіне жұмылдырды. Оның тікелей басқаруымен нарықтық реформаларды ғылыми жағынан қамтамасыз етуге бағытталған институттың құрылымы мен негізгі бағыттарын түпкілікті өзгерту, іргелі де қолданбалы бағдарламалар мен тақырыптарды іздестіруді жаңа тұрғыдан ұштастыру мәселелері жүзеге асырылды. Сөйтіп, республика дамуының келешекке арналған негізгі бағыттарын анықтайтын маңызды, көлемді жұмыстар күн тәртібінен орын алды. Арнайы мемлекеттік коммисиялардың мүшесі ретінде ол халықтың бірлігі мен ұлт тарихы, ұрпақтар сабақтастығы, саяси репрессия құрбандарын еске алу, ұлттық мәдениетті қолдау жылдарын жариялау жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес кең ауқымды ғылыми шараларды ұйымдастырудағы жетекші тұлғалардың бірі саналады. “Отандық тарих тағылымдары және Қазақстан қоғамының қайта өркендеуі”, “Әуезов ХХ ғасырдың ұлы гуманист, жазушысы”, “Абай – қазақ әдебиетінің негізін салушы және философ-ойшыл” сияқты ауқымды шаралары оның ұйымдастырушы-ғалым ретіндегі мәртебесін биіктете түсті. “Еуразияшылдықтың проблемалары мен келешегі”, “Кенесары – колониализмге қарсы ұлт-азаттық қозғалысының аса көрнекті қайраткері” деген тақырыптарда өткен ірі халықаралық конференцияларды ұйымдастырып, басшылық етуде табандылық пен белсенділік танытты.
Ғалым-экономист ретінде ол Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті жан-жақты, ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, “кемелденіп, кемелден аз-ақ аспай тұрмыз” деген ұшқары саяси-лепірме тұжырымдардың метадологиялық тұрақсыздығын айқындады, нақтылы теңдікке жету жолдарына терең үңілді. Бұл – ғылыми жолдағы соны ізденіс еді. Ғылыми тұжырымдарды сабақтай өрбіту негізінде ол республикалар мен аймақтардың әлеуметтік-экономикалық жағынан теңестіру проблемасын одақ деңгейінде көтеріп, осы жүйедегі елдердің даму үрдісіне бірден-бір ықпал етіп, келешегіміздің мақсат-мағынасын айқындайтынын баса көрсетті. Бұл сол “тоқырау” кезеңінде батыл айтылып, туған елге қажетті шараларды нысанаға алып, нақтылы өмір тәжірібесінде қарастырған тұңғыш еңбектер еді. Бұның өзі А.Қ.Қошановтың ғылымда сара жол салғанын көрсетті.
Аманжол Қошановтың зерттеулерінің ішінен 80-ші жылдары кең тараған “Кемелденген социализм тұсындағы Қазақстанның индустриялық дамуы” (1979 ж.) атты монографиясын ерекше атауға болады. Сыни көзқарас тұрғысынан жазылған бұл монографиясы өзінің ғылыми-практикалық құндылығымен ерекшеленді. Бұл монографиясы үшін ғалым Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері атанды.
Қайта құру мен одан кейінгі нарыққа көшу жылдары академик А.Қ.Қошановтың шығармашылық және ұйымдастырушылық өмірінде өзгеше, жаңа бір кезең басталды. Нарықтық экономиканың теориясы мен әдіснамасын тыңғылықты зерттеуші ретінде ол нарықтық экономиканы біртіндеп қалыптастыру мен Қазақстанның экономикалық дербестігін нығайтудың теориялық негіздерін жүйелі зерттеу сияқты жаңа ғылыми бағыттың негізін қалады. Оның жаһандану және өңірлік бірігу жағдайында түбегейлі экономикалық реформа, меншік қарым-қатынасын қайту құру, кәсіпкерлікті одан әрі дамыту, ұлттық экономикалық және экономикалық қауіпсіздік жүйесі мәселелеріне арналған еңбектері елімізге де, шетелге де кеңінен танымал.
Академик А.Қошанов осы кезде өзінің ғылымға негізделген принциптеріне сәйкес нарықтық экономиканы қалыптастыру үшін республиканың даму деңгейі мен ерекшеліктерін ескеру деген қағиданы ұстанды. Ғалымның ғылыми жетекшілігімен жарық көрген “Қазақстан Республикасындағы меншікті мемлекет игілігінен алу мен жекешелендірудің экономикалық негіздері және саясаты” (1993 ж.), “Қазақстан Республикасында акционерлік қатынастар жүйесін қалыптастыру” (1995 ж.), “Нарыққа көшу жағдайында жеке кәсіпкерлікті қалыптастыру” (1995 ж.) атты монографияларына ғылыми жұртшылық, билік пен шаруашылық өкілдері аса қызығушылық танытты. Ғалымның бұл еңбектері, ең алдымен, мазмұнының тереңдігімен және айтар ойының ашықтығымен ерекшеленетіндігін әріптестері де, шәкірттері де құрметпен айтады.
Академик ірі ғалым-экономист ретінде отандық экономика ғылымының дамуына және ғылыми әдістемелерді халық шаруашылығына енгізуге үлкен үлес қосты. Аманжол ағамыздың ғылыми еңбектері практикалық бағыттылығымен құнды. Оның жетекшілігімен және тікелей қатысуымен Ұлттық Ғылым академиясының өзінде-ақ 200 ғылыми баяндама, республика экономикасын нарықтық қайта құрудың басты мәселелеріне қатысты ұсыныстар дайындалып, директивтик органдарға табыс етілді. Ғалымның ғылыми ұйымдастырушылық және баспагерлік қызметі де сан салалы. Ол ғылым мен білімнің халықаралық дәрежеде жаһандануына байланысты Қазақстанның экономика ғылымының беделді өкілі ретінде АҚШ пен Еуропа және Азияның бірқатар елдеріндегі ғылыми орталықтармен тығыз байланыста, көлемді және жемісті ғылыми жұмыстар атқарды. Ол экономика тарихы жөніндегі V Дүниежүзілік конгресте (1970 ж.,Ленинград), Халықаралық экономикалық қауымдастықтың VII Дүниежүзілік конгресінде (1993 ж.,Мәскеу) және Жапония, ГФР, Финляндия, Венгрия, Грекия, Қытай, ҚХДР (делегация жетекшісі), Израиль (үкімет делегациясының мүшесі), Англия, Франция, Малайзияда, Польшада өткен халықаралық конференциялар мен симпозиумдарда баяндамалар жасап, 1974 жылы Будапешт қаласында экономистердің IV Дүниежүзілік конгресі мен тағы баска да конгрестер жұмыстарына қатысты. Ғылыми жарияланымдары Англия, Жапония, Қытай, АҚШ, Швеция сынды өркениетті елдердің беделді журналдарында жарық көрді.
Ғылыми және қоғамдық қызметте сіңірген айтулы енбегі және экономика ғылымын дамытудағы үлкен үлесі үшін Аманжол Қошанов Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен “Парасат”, “Барыс” (III дәрежелі) ордендерімен, “Еңбекте үздік шыққаны үшін”,“Еңбектегі ерлігі үшін” медальдарымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылдың 3 жетоқсанындағы Жарлығымен академик Ааманжол Қошанов ғылымдағы ерекше жетістіктері үшін, Қазақстан экономикасының түбегейлі нарық негізінде қайта құрудағы еңбегі үшін әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.
Академик бойындағы бар зияткерлік қуат-күшін, қажыр-қайратын, жаңа ойлары мен идеяларын тәуелсіз еліміздің игілігіне, өркендеуіне жұмсай білді. Ол үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсеткен жаны жайсаң, рухы биік, абыз ғалым, дара тұлға еді. Оның ерлік пен еңбекті кейінгіге мұра етіп қалдырған қарапайым өмір жолы өнегеге толы.
Раушанбек ӘБСАТТАРОВ,
Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор.