«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кемел ойлы кемеңгер

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біз – жақсыға жақын жүретін, олардың тәлімді тәрбиесін көріп, үлгі тұтып өсетін халықтың ұрпағымыз. Даналарымыздың “кісі болар кісінің, кісіменен ісі бар” деген сөзі текке айтылмаған болар. Жақсы адамдарға жанаса жүріп өне бойына азаматтықтың, қайраткерліктің өшпес өнегелерін сіңірген жандардың бірі Аманжол Қошанов болатын.

Аманжол аға – қазақ ғана емес әлемдік ғылымдағы жар­қын, биік тұлғалардың бірі. Оның өз қолымен, мінезімен сомдаған кісілік келбеті, азаматтық болмы­сы, жарқын тұлғасы әр адамға үлгі. Жұртымыздың жүрегінде, халқымыздың ой санасында ака­демик Аманжол Қошанов өрісі кең, өресі биік, білімпаз ға­лым, қамқоршы ұстаз, жетелі жетекші, халқының қамын ойлайтын, сол үшін аянбай тер төгетін абзал азамат, ардақты ел ағасы ретін­де сақталған. Жалпы Қошановтар әулетінің елдік, адамгершілік мұраттары өте ертеден қалып­тасқан. Бұл әулеттің тамыры со­нау 17-18 ғасырларда өмір сүр­ген Құлеке батыр мен Шал ақын­нан бастау алады. Есілдің жаға­сындағы Аютас деген жерде ака­демиктің арғы аталары ғұмыр кешкен. Орыс қоныстанушыла­ры бұларды Есілдің оң жағасы­на, қалың орманды жерге ығыс­тырады, бұл Атығай руының Құ­дайберді-Бейімбет бөлімшелері­нің ежелден бергі қонысы, қыс­тауы болған.

Бейімбеттен ағамыздың Жа­ңабатыр-Дәулетай аталары та­райды. Жаңабатыр – техника ғы­лымдарының докторы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иеге­рі, академик Ебіней Бөкетовтің бабасы. Дәулетайдан – Құлеке батыр, Шал ақын туады. Шал ақын – Аманжол ағамыздың бе­сінші атасы. Құлеке батыр ХVІІІ ғасырда жоңғар шапқыншылы­ғына қарсы күресте Атығай руы­ның қолбасшысы болған. Кейін Абылай ханның жанында жүріп, Троицк қамалына елшілікке барады.

Ал Шал ақын туралы ал­ғашқы сөзді Шоқан Уәлиханов айтқан. Шоқан Шығыс елдеріне тән ақындық дәстүрді айта келе, “қазақ халқының шежіресін эпос етіп жариялаған ақындық өнердің атақты өкілі Шал ақын еді”, дейді. Аманжол Қошановты дүйім қазаққа аты белгілі тұлғалардың жұрнағы, болаттай тұяғы десек, қателеспейміз.

Аманжол ағамызды елден ерек­шелеп, ірі тұлға деңгейіне көтерген қасиеттері жетерлік. Ең әуелі ол кісінің көзі тірісінде адал әрі әділ, кішіпейіл болғанын ай­туымыз керек. Аталар дәстүрін өз заманына сай жалғастырып, өмір баспалдақтарын нық басып, аспай-саспай, төгілмей-шашылмай сөйлегеніне қарап тамса­натынбыз. Ағамыздың ұйымдас­тырушылық қабілеті, жоғары мә­дениеттілігі, сондай-ақ өзгеге де, өзіне де талап қойғыштық қа­сиеттері оны ірі тұлға деңгейіне көтерді. Өте қарапайым еді, оз­бырлыққа, дөрекілікке жаны қас, өктемдік, қаскөйлік, кеудем­соқ­тыққа мүлдем жолаған емес.

Орта мектепті алтын медаль­мен бітірген албырт жасты ғылымға деген іңкәрлігі Мәскеудің М.Ломоносов атындағы мемле­кеттік университетінің экономика факультетіне алып келді. Уни­верситетте студент А.Қошанов сол заманның атақты экономист-ғалымдар, академиктер К.В.Островитянов, А.И.Пашков, профессорлар Я.А.Кронрод, Н.Г.Блюмин, С.К.Татурлардан сабақ алады. Жоғары білімді жас маман жолдамамен туған еліне оралады. Аманжол алғашында экономикадан сабақ береді де, одан кейінгі бар ғылыми өмірін еліміздің аяулы азаматы, ака­демик Қаныш Сәтбаев құрған ғы­лым ордасы – Ғылым акаде­мия­сының қабырғасында өткізеді.

Академиктің сан қырлы ғы­лыми және ұйымдастырушылық қызметі осы Ғылым академия­сының Экономика институтымен тікелей байланысты. Әуелі осы институттың аспирантурасын та­мамдайды, содан кейін білім ошағының барлық қызмет бас­палдағынан өтеді: кіші және аға ғылыми қызметкер, институттың ғылыми хатшысы, сектор, бөлім меңгерушісі, институт директо­рының орынбасары, содан кейін директор болады. Ғылымның та­лантты ұйымдастырушысы ре­тін­де ол өзінің бойындағы бар ғылыми әлеуеті мен ұйымдас­тырушылық қабілетін экономика ғылымын қайта құруға, институттың ғылыми қызметін нарыққа көшірудің көкейкесті мәсе­лелерін шешу ісіне жұмылдырды. Оның тікелей басқаруымен нарықтық реформаларды ғылы­ми жағынан қамтамасыз етуге бағытталған институттың құры­лымы мен негізгі бағыттарын түп­кілікті өзгерту, іргелі де қол­дан­балы бағдарламалар мен тақы­рыптарды іздестіруді жаңа тұр­ғыдан ұштастыру мәселелері жү­зеге асырылды. Сөйтіп, респуб­лика дамуының келешекке ар­налған негізгі бағыттарын анықтайтын маңызды, көлемді жұ­мыстар күн тәртібінен орын алды. Арнайы мемлекеттік коммисиялардың мүшесі ретінде ол халықтың бірлігі мен ұлт тарихы, ұрпақтар сабақтастығы, саяси репрессия құрбандарын еске алу, ұлттық мәдениетті қолдау жылдарын жариялау жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес кең ауқымды ғылыми шараларды ұйымдастырудағы жетекші тұл­ғалардың бірі саналады. “Отан­дық тарих тағылымдары және Қазақстан қоғамының қайта өркендеуі”, “Әуезов ХХ ғасырдың ұлы гуманист, жазушысы”, “Абай – қазақ әдебиетінің негізін са­лушы және философ-ойшыл” сияқты ауқымды шаралары оның ұйымдастырушы-ғалым ре­тіндегі мәртебесін биіктете түсті. “Еуразияшылдықтың пробле­ма­лары мен келешегі”, “Кенесары – колониализмге қарсы ұлт-азаттық қозғалысының аса көрнекті қайраткері” деген тақырыптарда өткен ірі халықаралық конфе­ренцияларды ұйымдастырып, басшылық етуде табандылық пен белсенділік танытты.

Ғалым-экономист ретінде ол Қазақстанда әлеуметтік-эконо­микалық теңсіздікті жан-жақты, ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, “ке­мелденіп, кемелден аз-ақ аспай тұрмыз” деген ұшқары саяси-лепірме тұжырымдардың мета­дологиялық тұрақсыздығын ай­қындады, нақтылы теңдікке жету жолдарына терең үңілді. Бұл – ғылыми жолдағы соны ізденіс еді. Ғылыми тұжырымдарды сабақтай өрбіту негізінде ол рес­публикалар мен аймақтардың әлеуметтік-экономикалық жағы­нан теңестіру проблемасын одақ деңгейінде көтеріп, осы жүйедегі елдердің даму үрдісіне бірден-бір ықпал етіп, келешегіміздің мақсат-мағынасын айқындайты­нын баса көрсетті. Бұл сол “то­қырау” кезеңінде батыл айты­лып, туған елге қажетті шара­ларды нысанаға алып, нақтылы өмір тәжірібесінде қарастырған тұңғыш еңбектер еді. Бұның өзі А.Қ.Қошановтың ғылымда сара жол салғанын көрсетті.

Аманжол Қошановтың зерттеулерінің ішінен 80-ші жылдары кең тараған “Кемелденген со­циализм тұсындағы Қазақс­танның индустриялық дамуы” (1979 ж.) атты монографиясын ерекше атауға болады. Сыни көзқарас тұрғысынан жазылған бұл монографиясы өзінің ғылы­ми-практикалық құндылығымен ерекшеленді. Бұл моногра­фиясы үшін ғалым Шоқан Уә­ли­ханов атындағы сыйлықтың ие­гері атанды.

Қайта құру мен одан кейінгі нарыққа көшу жылдары академик А.Қ.Қошановтың шығарма­шылық және ұйымдастырушы­лық өмірінде өзгеше, жаңа бір кезең басталды. Нарықтық эко­номиканың теориясы мен әдіс­намасын тыңғылықты зерттеуші ретінде ол нарықтық эконо­миканы біртіндеп қалыптастыру мен Қазақстанның экономикалық дербестігін нығайтудың тео­риялық негіздерін жүйелі зерттеу сияқты жаңа ғылыми бағыттың негізін қалады. Оның жаһандану және өңірлік бірігу жағдайында түбегейлі экономикалық рефор­ма, меншік қарым-қатынасын қайту құру, кәсіпкерлікті одан әрі дамыту, ұлттық экономикалық және экономикалық қауіпсіздік жүйесі мәселелеріне арналған еңбектері елімізге де, шетелге де кеңінен танымал.

Академик А.Қошанов осы кез­де өзінің ғылымға негізделген прин­циптеріне сәйкес нарықтық экономиканы қалыптастыру үшін республиканың даму дең­гейі мен ерекшеліктерін ескеру деген қағиданы ұстанды. Ға­лымның ғылыми жетекшілігімен жарық көрген “Қазақстан Рес­публикасындағы меншікті мем­лекет игілігінен алу мен жекешелендірудің экономикалық не­гіздері және саясаты” (1993 ж.), “Қазақстан Республикасында акционерлік қатынастар жүйесін қалыптастыру” (1995 ж.), “На­рыққа көшу жағдайында жеке кә­сіпкерлікті қалыптастыру” (1995 ж.) атты монографияларына ғы­лыми жұртшылық, билік пен ша­руашылық өкілдері аса қызығу­шылық танытты. Ғалымның бұл еңбектері, ең алдымен, мазмұнының тереңдігімен және айтар ойының ашықтығымен ерек­шеленетіндігін әріптестері де, шәкірттері де құрметпен айтады.

Академик ірі ғалым-экономист ретінде отандық экономика ғылымының дамуына және ғы­лы­ми әдістемелерді халық ша­руашылығына енгізуге үлкен үлес қосты. Аманжол ағамыздың ғылыми еңбектері практикалық бағыттылығымен құнды. Оның жетекшілігімен және тікелей қа­тысуымен Ұлттық Ғылым акаде­миясының өзінде-ақ 200 ғылыми баяндама, республика эконо­микасын нарықтық қайта құрудың басты мәселелеріне қа­тысты ұсыныстар дайындалып, директивтик органдарға табыс етілді. Ғалымның ғылыми ұйымдастырушылық және баспагерлік қызметі де сан салалы. Ол ғылым мен білімнің халықаралық дәрежеде жаһандануына байланысты Қазақстанның эко­номика ғылымының беделді өкілі ретінде АҚШ пен Еуропа және Азияның бірқатар елдеріндегі ғы­лыми орталықтармен тығыз бай­ланыста, көлемді және жемісті ғылыми жұмыстар атқарды. Ол экономика тарихы жөніндегі V Дүниежүзілік конгресте (1970 ж.,Ленинград), Халықаралық экономикалық қауымдастықтың VII Дүниежүзілік конгресінде (1993 ж.,Мәскеу) және Жапония, ГФР, Финляндия, Венгрия, Грекия, Қытай, ҚХДР (делегация жетекшісі), Израиль (үкімет деле­га­циясының мүшесі), Англия, Франция, Малайзияда, Польшада өткен халықаралық конфе­ренциялар мен симпозиумдарда баяндамалар жасап, 1974 жылы Будапешт қаласында экономис­тердің IV Дүниежүзілік конгресі мен тағы баска да конгрестер жұмыстарына қатысты. Ғылыми жарияланымдары Англия, Жапония, Қытай, АҚШ, Швеция сын­ды өркениетті елдердің беделді журналдарында жарық көрді.

Ғылыми және қоғамдық қыз­метте сіңірген айтулы енбегі және экономика ғылымын да­мытудағы үлкен үлесі үшін Аман­жол Қошанов Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің Жарлығымен “Парасат”, “Барыс” (III дәрежелі) ордендерімен, “Еңбекте үздік шыққаны үшін”,“Еңбектегі ерлігі үшін” медальдарымен ма­рапатталған. Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жыл­дың 3 жетоқсанындағы Жарлы­ғымен академик Ааманжол Қо­шанов ғылымдағы ерекше жетістіктері үшін, Қазақстан экономикасының түбегейлі нарық негізінде қайта құрудағы еңбегі үшін әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.

Академик бойындағы бар зияткерлік қуат-күшін, қажыр-қайратын, жаңа ойлары мен идеяларын тәуелсіз еліміздің игі­лігіне, өркендеуіне жұмсай білді. Ол үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсеткен жаны жайсаң, рухы биік, абыз ғалым, дара тұлға еді. Оның ерлік пен еңбекті кейінгіге мұра етіп қалдырған қарапайым өмір жолы өнегеге толы.

Раушанбек ӘБСАТТАРОВ,

Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp