Ақан сері атындағы облыстық филармонияда “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” атты хореографиялық қойылым көрсетілді.
Шарада филармонияның “Туған жер” ансамблінің бишілері өз өнерлерін көрсетті. Бұл қойылымның ерекшелігі – өнерпаздар оқиғаны, кейіпкерлердің ішкі сезімдерін би арқылы жеткізді. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” пластикалық спектаклінің режиссерлері – Самат Жұмажанов пен Максим Тонков. Қос ғашықтың сезімін, қойылымның сюжетін, кейіпкерлердің арпалысын қимылмен көрерменге ұғындыруға тырысқан өнерпаздар сахнада барын салды.
– Мұндай хореографиялық бағыттағы қойылымдарды көрермен қызыға тамашалайды. Жуырда филармония өзінің 60-шы маусымын ашты. Алдағы көктемге дейін көрерменді қуанту үшін түрлі шығармашылық кештер, ән шерулерін өткізуді көздеп отырмыз. Жаңа туындыларды жарыққа шығару да жоспарлануда, – дейді Ақан сері атындағы облыстық филармонияның директоры Ботагөз Ақмағамбетова.
Ермек ЖҰМА,
“Soltüstık Qazaqstan”.