«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тозығы жеткен желілер тұрғындарды әуре-сарсаңға салмауға тиіс

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұ­хам­бе­товтің төрағалығымен өт­кен әкімдік отырысында үш мә­селе – облыстың 8 айдағы әлеу­меттік-экономикалық даму қоры­тын­дылары, автожолдарды қыс­қы күтіп ұстауға дайындық бары­сы және электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету жайы талқылан­ды. Жиында жауапты ве­домство басшылары баянда­ма жасады.

Өңірде биыл өсімдік шаруа­шы­лығының қарқыны 11 пайызға төмендеген. Оған егін жинау нау­қанының созылуы себеп. Өңдеу өнеркәсібі көлемінің 4 пайызға өскені байқалалды. Оң өсімде облыс орталығындағы кәсіп­орын­дардың үлесі басым. Биыл облысқа 250 млрд. теңгеден ас­там инвестиция тартылған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға артық. Облыс әкімі барлық саланың көрсеткіштеріне жан-жақты тоқталып, тиісті тап­сырмалар берді.

“Өңдеу өнеркәсібінің шама­мен 50 пайызы азық-түлік өндірі­сіне тиесілі. Осыған байланысты негізгі көлемге ірі және шағын кәсіпорындардың өндірісін ұл­ғайту есебінен қол жеткізу керек. Жыл соңына дейін азық-түлік өндірісінің өсімін 105 пайызға дейін жеткізу жоспарланған”, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Отырыста автожолдарды қыс­қа дайындау мәселесі де қарал­ды. “ҚазАвтоЖол” ұлттық компа­ниясы” акционерлік қоғамы об­лыс­тық филиалының директоры Талғат Смағұловтың айтуынша, өңір арқылы республикалық маңызы бар 1970 шақырым жол өтеді. Соның 57 шақырымын “Көк­шетау Автодор” серіктестігі күрделі жөндеуден өткізген, 15 шақырым жолды “КазСтройТех­ник” ЖШС жаңалап жатыр.

“Біз былтырғы қыстағы ауыр жағдайды есепке алып, биыл рес­публикалық маңызы бар жол­дарды күтіп-ұстауға 1,2 млрд. теңге қаражат бөлдік. Қазіргі уа­қытта техникалар дайындалып жатыр. Қар сыратын 138 техника қажет болса, соның 126-сы бар, бірақ оның 92 пайызы ғана жүріп тұр. Биыл 4 автогрейдер сатып алынды, жыл соңына дейін тағы екеуі алынады және 22 арнайы техника бойынша мемлекеттік сатып алу жүріп жатыр. Сондай-ақ жолдарды тазалауға 8 ұйым­мен келісім жасалуда”, – деді Талғат Смағұлов.

 Жолды қар алмауы үшін 3 мың дана ағаштан жасалған ар­найы құрылғы әзірленген. Бұдан бөлек, төтенше жағдайларға жол бермеу үшін күн райы бұзылған­да тәулік бойы кезекшілік атқару жұмысы жандандырылмақ.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қармасы басшысының міндетін атқарушы Ерден Шортыбаевтың айтуынша, 20 қазаннан бастап бұталарды отау, су өткізгіш құ­бырларды жабу және мұздан тазартатын материалдар мен реагенттерді жинақтау жұмыс­тары қолға алынады.

Әкімдік отырысында қарал­ған үшінші мәселе – электр энер­гиясымен үздіксіз қамтамасыз ету. Петропавл қаласы мен об­лыс­тың сегіз ауданын электр энергиясымен “Солтүстік Қазақ­стан электр желісін тарату ком­паниясы” акционерлік қоғамы қам­тыса, өңірдің оңтүстік аудан­дарына “Көкшетау Энерго” се­рік­тестігі қызмет көрсетеді. Бұ­дан бөлек, облыс аумағында жаңар­ты­ла­тын энергия көзі – барлығы 7 нысан жұмыс істейді, олар: Сергеев ГЭС-і, “Зенченко және К” командиттік серіктес­тігінің 4 жел генераторы, “Иван Зен­­чен­ко” ЖШС-ның 2 жел ге­нераторы.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы басқармасының бас­шысы Данияр Қуанышбаевтың айтуынша, өңір бойынша электр желілерінің ұзындығы 23,5 мың шақырым, “Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компа­ниясы” АҚ бойынша тозу 96,6 па­йызды құраса, “Көкшетау Энер­го” ЖШС бойынша электр же­лілерінің 80,6 пайызы ауыс­ты­руды қажет етеді.

Қысқы кезеңде үздіксіз элек­трмен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында биыл екі энергия беруші компания бойынша 1484 шақырым желіні және 230 қо­салқы стансаны 5 млрд. теңгеге күрделі жөндеу және ре­кон­струкциялау жоспарланған, оның 96,5 пайызы орындалып­ты. Желілердің тозуына байла­нысты электр желілеріндегі апаттар саны артқан.

“Биылғы 8 айда жергілікті ком­пания желілерінде 1254 апат, оның ішінде су тасқыны сал­да­рынан 57 апат тіркелді. Тайын­ша ауданындағы жағдай қиын, жыл басынан бері 230 апат бол­ған”, – дейді Данияр Қуа­нышбаев.

Облысты электрмен қамтуға қатысты мәселені шешу үшін электр желілерін жаңғырту жө­нінде іс-шаралар жоспары әзір­ленген.

Жоспарда 2027 жылға қарай желінің тозуын 95 пайыздан 81 пайызға дейін төмендету міндеті тұр, ол үшін 150 шақырым электр желісін ауыстыру арқылы ауыл­дарды электрмен жабдықтау жүйе­сін жыл сайын жаңғырту жос­парланған. Жоспарды орын­дау аясында облыстың жеті ау­да­нында жалпы сомасы 4,3 млрд. теңгеге 0,4 кВ электр желі­сін тарту бойынша 15 жоба әзір­ленген. Жоба “Ауыл – ел бесігі” бағдар­ламасы арқылы бейінді ми­нистрлікке жіберіліпті, алайда бұл жобалар қолдау таппаған.

Бұдан басқа, электрмен жаб­дықтауды үздіксіз қамта­ма­сыз ету үшін басқарма комму­нал­дық электр желілерін энер­гия беруші ұйымдарға сенім­герлік басқа­руға беру жоспарын әзірлепті.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхам­бетов техниканың, жанар-жағармайдың дайындығы мен қолже­тімділігі, жедел топтардың нә­тижелі жұмысының маңызды­лығын атап өтті. Қолайсыз ауа райы жағдайында төтенше жағ­дайларды жедел жою үшін жол жүру маршруттары қолжетімді болуы керек.

Өңір басшысы Петропавл мен аудан әкімдеріне апаттық жағдайларды бақылауда ұстап, дереу шұғыл шаралар қабыл­дауды тапсырды. Сондай-ақ ор­талық қазандықтар мен медици­налық ұйымдардағы резервтік электр жабдықтарына тексеру жүргізу қажеттігі айтылды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp