“Tikelei bailanys” айдарының кезекті қонағы – облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев газет оқырмандарын толғандырған сауалдарға жауап берді.
Әлім ТӨЛЕБАЕВ,
Қызылжар ауданының
тұрғыны:
– Жасыратыны жоқ, инженерлік желілерді жоспарлы түрде ауыстыру, заманауи жабдықтар орнату жайы сын көтермейді десе де болады. Ол жөнінде облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қысқы жылыту маусымына әзірлік жұмыстарына орай өткізген жиында орынды ескертіп, осы саладағы ауқымды жұмыстардың маңыздылығын атап көрсетті. Жылу, электр және сумен жабдықтау желілерінің әбден тозғаны алаңдатады. Тұрғындардың алдағы қыстан қысылмай шығатындарына кепілдік бере аласыздар ма?
– Сұрағыңыз өте орынды. Мұндай сарындағы сауалдар жиі қойылатындықтан, қалыптасқан жалпы ахуалға қысқаша тоқтала кеткенім жөн болар. Басқармаға тұрғын үй, көгалдандыру, энергетика, жылумен қамту, энергия тиімділігін арттыру, газбен, сумен жабдықтау бағыттары бойынша мемлекеттік саясатты жүзеге асыру міндеті жүктелгендіктен, көпқабатты тұрғын үйлердегі, әлеуметтік сала нысандарындағы қазандықтар мен коммуналдық инфрақұрылымдардың қалыпты жұмыс істеуі әркез басты назарға алынған. Осыған орай күзгі-қысқы жылыту кезеңінде жүйелі түрде мониторинг жүргізіліп, ақаулар анықталып, шұғыл түрде қалпына келтіру шаралары қолға алынады. 2023-2024 жылғы жылыту маусымында 490 қазандық штаттық режімде жұмыс істеді. Биыл да осы жоспар төңірегінде жұмыс істемекпіз.
Санат ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ,
Мамлют ауданының
тұрғыны:
– Менің аңғарғаным, жылыту маусымына әзірлік бірреттік науқан сияқты. Жоспарлы жұмыс көрінбейді. Жаз бойы жатып, қыс жақындағанда ғана жүгіреді. Неге?
– Біз өз қызметімізде облыстық мәслихаттың “Жылыту маусымына дайындық және оны өткізу қағидаттары туралы” шешімін басшылыққа аламыз. Ол былайша сипатталады: өткен жылыту маусымында анықталған кемшіліктерді талдауды жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады, орын алған ақаулар мен бұзушылықтарды жою бойынша іс-шаралар жоспары әзірленеді. Бұдан бөлек, келісілген температура кестесінің болуы, энергияны өндіруші және энергияны таратушы ұйымдардың белгіленген нормаларға сай негізгі және қосалқы жабдықтарды толық көлемде және сапалы жөндеуі маңызды. Ғимараттарды дайындау, ішкі инженерлік жүйелерді ауыстыру, қалпына келтіру, отынның нормативтік қорын жасау, энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы обьектілерінде технологиялық апаттарды, олардың салдарын жою үшін жабдықтардың апаттық қорын, материалдық-техникалық ресурстарын қамтамасыз ету де негізгі міндеттер санатына жатады. Бұл процестер жыл бойы үзіліссіз атқарылатындықтан, 15 қыркүйекке дейін күзгі кезеңдегі жылу беру қажеттіліктеріне сақадай-сай болу – басты талаптың бірі. Жылу желілері гидравликалық, техникалық тағы басқа сынақтардан өтуі шарт.
Ермек ЕРСАЙЫНҰЛЫ,
Петропавл қаласының
тұрғыны:
– Жылу көздерін, инженерлік жүйелерді, әлеуметтік сала нысандарын күрделі жөндеуден өткізуге арналған арнайы бағдарламалар қарастырылған ба? Бар болса, олардың орындалу барысы қанағаттандыра ма?
– Алдағы қыста келеңсіз жағдайларға жол бермеудің барлық мүмкіндіктері ойластырылған. Облыс бойынша 340 шақырым жылу желісінің тозу көрсеткіші 65, соның ішінде қаладағы 280 шақырымның 77,5, аудандардағы 60 шақырымның 28 пайыз екенін ескере отырып, диаметрі 200-300-400 мм. болатын жылу желілері диаметрі 600 мм.-лік жаңаларына ауыстырылды. “№5 жылу магистралінің құрылысы” жобасы міндетті жоспар бойынша атқарылуда. Облыстық әкімдік бекіткен 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық іс-шаралары шеңберінде 30 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл қаржы қазандықтарды ауыстыруға, жылумен, сумен жабдықтау желілерін жаңалауға, әлеуметтік сала обьектілерін күрделі жөндеуге жұмсалады. Әлеуметтік маңызы бар нысандардың бір шоғыры 19-шы, 20-шы шағынаудандарда, Борки, Солнечный кенттерінде орналасқан. Талшықта жылу желілерінің құрылысы жүргізілуде. Новоишимкада магистральдық тарату желілерінің құрылысы басталды. Бүгінде облыс орталығында 1170 көпқабатты тұрғын үй, 167 әлеуметтік нысан, 100 білім беру ұйымы орталықтандырылған жылу желілеріне қосылған. Олардың барлығы техникалық құжаттарын алды.
Қайдар ӘРКЕНОВ,
Петропавл қаласының
тұрғыны:
– Жылу-электр орталығындағы құлап қалған үшінші мұржаның биыл пайдалануға берілетінін естіп қуанғанбыз. Алайда қолданысқа тапсырылу мерзімі келесі жылға ауыстырылыпты. Мұның себебі қандай?
– Опырылып түскен мұржаны қалпына келтіруге 17,6 млрд. теңге бөлінген болатын. Өкінішке қарай, былтыр жазда оның құрылысынан ақау табылып, уақытша тоқтатылды. Қазір жылу орталығының жаңа мұржасы салынуда. Ол тек келесі жылы ғана пайдалануға беріледі. Жұмыс істеп тұрған екі мұржа қаланы жылумен қамтамасыз етуге жеткілікті.
Сәкен АЙМҰҚАНОВ,
Мағжан Жұмабаев
ауданының тұрғыны:
– Президент жуырдағы Жолдауында энергетиканы және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекітуді тапсырды. Өйткені, коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру өте өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Меніңше, солтүстікқазақстандық тұтынушылар жеке монополистердің шырмауында қалған сияқты. Олар күрделі жөндеу, қалпына келтіру секілді инфрақұрылымдарға қатысты ұстанымын алға тартып, әлеуметтік маңызы бар қызметтердің қолжетімділігіне жете көңіл аудара бермейтін тәрізді.
– Бұл пікірмен толық келісе қою қиын. Өйткені өңірде орналасқан, яғни, жылыту маусымына жауапты мекемелер атқарып жатқан шаруалар сан салалы. Бәлкім, шынайы да нақты ақпараттың жетімсіздігінен кей адамдардың теріс пікірде болуы әбден мүмкін. Бүгінде облыста “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында 15 елді мекен мен 7 ауданда 4,4 млрд. теңгеге электр желілерін салу және қайта жаңғырту жобалары әзірленді. Жыл сайын тозу көрсеткіші 2,3-2,6 пайызға өсіп отыратынын есептесек, 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 80 пайызға төмендету үшін 80,2 млрд., ал электр желілерін жаңартуға 818 млрд. теңге қажет. Ол 3400 шақырым желіні қалпына келтіруге жетеді. Монополист компаниялар бұл проблемаларды өздігінен шеше алмасы анық. Оған қаржы жетіспеушілігі кедергі. Оның үстіне қолданыстағы несиелік міндеттемелердің салдарынан екінші деңгейдегі банктерден қаржы ресімдей алмайды. Сондықтан мемлекеттің қолдауы өте маңызды. №2 Петропавл ЖЭО-да №9-шы және №3-ші турбоагрегаттар мен жабдықтарды күрделі жөндеу аяқталды. №1 қазандық пен №6 турбоагрегатты жөндеу жалғасуда. Көмір қоры жеткілікті. “Севказэнерго” АҚ түтін құбырын салу мерзімін 15 қарашаға дейін бітіруді белгілеп отыр. Сосын келесі жылдың 1 мамырынан 1 қыркүйегіне дейін екінші кезеңі жалғасып, жер асты бөлмесі, сигналдық белгілер салынады. 2025-2026 жылғы жылыту маусымында толық пайдалануға беріледі. “Петропавл жылу желілері” ЖШС №3 жылу магистралін жаңғыртуды аяқтады. №6 жылу магистралінде жөндеу жұмыстары басталды. Барлығы 5 шақырымға жуық жылу желілері ауыстырылды. “СК РЭК” ЖШС 246 шақырым электр желілерін жаңалады. Тұтастай алғанда, биыл өңірде 1 мыңнан астам электр, 8 шақырым жылу, 7,4 шақырым су құбыры ауыстырылды. Облыс орталығының солтүстік бөлігін жылумен қамтамасыз ететін жылу магистралі салынуда.
Арман САУЫТБАЕВ,
Ақжар ауданының
тұрғыны:
– Жер үйлердің дені көмірмен жылытылады. Қыс басталғанда оның бағасы шарықтап кетеді. Алыпсатарлар ойларына келген бағамен саудалауға құмар. Көмір қоятын орын болмағандықтан қаптап алуға мәжбүрміз. Мен сияқты көмір сақтайтын қора-қопсылары жоқ адам қаншама? Бұған тосқауыл бола ма?
– Бұл мәселе бізді де алаңдатып отыр. Жыл сайын өңір тұрғындарына қажетті көмір қорына тапсырыс беріледі. Ол уақытында жеткізіледі. Алайда аяз ашуына мінетін қаңтар, ақпан айларында бағаның көтерілгені анықталып жатады. Бұл ретте біз облыстық полиция департаментімен бірлесіп, рейдтер өткізуге жиі тырысамыз.
Жуырда бюджеттік мекемелер үшін 146 мың тонна көмір жеткізіліп, тапсырма толық орындалды. Жекелеген тұрғындар үшін қажеттісі 399 мың тонна болса, жеткізілгені – 246 мың тонна. 34 темір жол тұйығында 44,2 мың тонна көмір бар, оның 4,8 мың тоннасы Петропавл қаласында. Жасыратыны жоқ, кей тұрғындар ұзын арқан, кең тұсауға салынып, күн суытқанша қозғала қоймайды. Ерте қамданса, қапы қалмайды. “Жаз шанаңды, қыс арбаңды сайла” деп бабалаларымыз текке айтпаған.
Жанар ЕРКЕБАЕВА,
Петропавл қаласының
тұрғыны:
– Қызым “Балауса” балабақшасына барып жүр. Жылу берілгендіктен ғимараттан шыққың келмейді. Үйде қалың киініп жүруге мәжбүрміз. Осының салдарынан ауырып жатқан жандар көп. Көпқабатты баспаналарға жылу қашан беріледі?
– Тиісті ережеге сәйкес, даладағы ауа температурасы үш күн қатарынан 10 градустан аспаған жағдайда жылу беріле бастайды.
Самат ЕРҒАЛИЕВ,
Есіл ауданының тұрғыны:
– Жылда қыс маусымына әзірліктің жоғары деңгейде екені жайлы есеп беріп жатасыздар. Бірақ нақты жағдай сипатына қарасақ, керісінше сияқты. Қазақстанда 12 қаланың жылу желілері әбден тозған. Оның ішінде Петропавл шаһары да бар, мұнда жылу желілерінің 74 пайызы ескірген.
– Проблемалардың бар екенін жақсы білеміз, жасырып отырған да жоқпыз. Соңғы жылдары бұл салаға қаражат жеткілікті түрде бөлінуде. Биыл жылыту маусымына дайындалу үшін 31 млрд. теңге, оның ішінде республикалық қазынадан 5,7 млрд., облыстық бюджеттен 1 млрд., инвесторлар есебінен 24 млрд. теңге қарастырылған. Бұл мәселе Президенттің тікелей бақылауында. Өңірде қысқа әзірлік бекітілген кесте бойынша жүргізілуде. Облыстық әкімдіктің отырысында алдағы жылыту маусымының үзіліссіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында шұғыл міндеттер белгіленіп, бірінші кезекте коммуналдық, әлеуметтік және тұрғын үй нысандарының сақадай сай болуына назар аударылып, білім беру нысандары бақылауға алынды. Монополист компанияларға қыркүйек айының соңына дейін инженерлік инфрақұрылымдық жөндеу жұмыстарын аяқтау қажеттігі ескертілді.
Сандуған ҚАПАНҚЫЗЫ,
Петропавл қаласының
тұрғыны:
– Көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде тұратын туысымның сөзіне қарағанда, пәтер иелері кооперативі құрылмағандықтан, жауапты учаске қадағалаусыз қалған көрінеді. Оның ақыры техникалық төлқұжаттардың уақытылы әзірленбеуіне, құбырларды жуып-шаю жұмыстарының мерзімінде атқарылмауына соқтыруда. Енді не істеу керек?
– Жылыту маусымына дайын емес үйлердің көбінде пәтер иелері кооперативтерінің жоғы рас. Осы себепті олардың бар жауапкершілікті әкімдікке итере салып, арқаларын кеңге салатыны жасырын емес. Құбырларды жуып-шайып, қысыммен тексеру тұрғындарға тікелей қатысты екенін баса айтқым келеді. Былтыр “Береке” шағынауданында орналасқан 18 пәтерлік үйдің құбырлары жуып-шайылмаса да, жылу беруге тура келді. Егер құбырларды қысыммен тексермесе, қыстың қақаған суығында сыр беруі ықтимал.Тұрғындар жаз айларында құбырларды бір рет сынақтан өткізуге міндетті. Ақау шықса, жөнделеді. Сосын ғана қысқа дайын деген құжат беріледі. Кей үйдің иелері бұл іске кешеуілдеп кірісіп жататыны өкінішті.
Дайындаған
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltustik Qazaqstan”.