С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Бірге оқимыз” жобасы аясында башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтің “Тастамашы, ана!” кітабына шолу жасалды.
Айгиз Баймұхаметов – жас жазушы, Башқұртстан және Ресей Жазушылар одақтарының мүшесі, Шайхзада Бабич атындағы мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Уфа қаласында тұратын жазушы бұл кітабында ата-анасынан айырылған жетім балалардың аянышты тағдырын баяндайды. Автор өзі тәрбиеленген балалар үйіндегі ұл-қыздардың қиын тағдырларын қарапайым, оқырманға түсінікті тілде жеткізеді. Жазушы бас кейіпкер Ілиястың жан-дүниесін ашу арқылы бүгінгі қоғамның бет-бейнесін көрсеткісі келген. Оқырмандарды түрлі ойға жетелейтін шығарма ата-ана мен бақыттың қадірін ұғындырады.
Бас кейіпкер Ілияс – жазушының өзі, Айгиз Баймұхаметовтің прототипі. Айгиз өзінің балалар үйінде басынан өткізген өмірін қағаз бетіне түсірген.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.