“Қызылжар дарыны” орталығының мамандары республикалық “Ақберен” өнер байқауының облыстық кезеңін ұйымдастырды. Сайыста 60 оқушы сынға түсті.
Байқау білгірлер сайысы, көркемсөз оқу, эссе жазу, ұлттық аспапта өнер көрсету, ақындар айтысы, жазба ақындар мүшәйрасы сынды алты аталым бойынша өтті. Талапкерлердің байқауға ерекше дайындықпен келгені олардың сөз саптауынан, шығарманы мүдірмей жатқа айтуларынан көрініп тұрды. Білгірлер сайысында 1-орынға Карима Кенжеболатова лайық деп танылды. Көркемсөз оқу аталымында Аина Кеңес топ жарды. Эссені алдын ала берілген талаптарға сай жазған Айсәуле Хурметова үздік атанды. Ұлттық аспапта өнер көрсеткен Алтынбек Қожахмет, ақындар айтысында Мәдина Серік жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Ақындар мүшәйрасында өзінің туындысымен қазылар алқасын таңдай қақтырған Қарлығаш Қаратаеваға жүлделі бірінші орын бұйырды. Әр аталымда үздік деп танылған оқушылар республикалық кезеңге жолдама алды.
Ермек ЖҰМА,
“Soltüstik Qazaqstan”.