«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Маман даярлау маңызды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығында өңірдегі гид-экскурсоводтардың санын арттыру және олардың кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында арнайы курс өтіп жатыр. Бұл шара өңірімізде туризм саласын қарқынды дамыту  мақсатында ұйымдастырылған. Өңірдің туристік әлеуеті жыл сайын артуы үшін сапалы қызмет көрсету аса маңызды. Қазіргі таңда өңірге келетін туристер саны өсіп, кәсіби гидтердің жетіспеушілігі туризм саласын толыққанды дамытуға кедергі келтіріп отыр.

“Солтүстік Қазақстан облысы бойынша туристік қауымдастық” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Владимир Витченконың айтуынша, туристердің дені Шалқар-Имантау курорттық аймағына қызығушылық танытады екен.

– Бұл демалыс орны өзінің табиғаты, емдік қасиеттерімен танымал.  Сондықтан туристер арасында үлкен сұранысқа ие. 2024 жылдың алғашқы алты айында облысқа 58 мыңнан астам турист келді. Бұл – өңірдің танымалдылығының артқанының белгісі.  Алайда туризмнің одан әрі өркендеуі үшін маман тапшылығын жою қажет. Бұл мәселе шешімін тапса, облысқа келетін туристер саны айтарлықтай артады, –  дейді Владимир Витченко.

Осы қажеттілікті ескере отырып, ұйымдастырушылар курсты өткізу үшін Алматыдан тәжірибелі маман Арина Жаманқараеваны шақырған. Халықаралық деңгейдегі ұлттық тренердің бұл салада 8 жылдық тәжірибесі бар.

– Мен – халықаралық әдістеме бойынша ұлттық тренермін. Курс өткізіп жүргеніме 2 жыл болды. Петропавлдағы әріптестерімнің ұсынысын қабыл алып, табиғаты керемет өңірге арнайы келдім. Бұған дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінде болдым. Шынында да, елімізде гид-экскурсоводтар жетіспейді, – дейді WFTGA бойынша ұлттық тренер Арина Жаманқараева.

Курс бір аптаға созылып, оның барысында қатысушылар теориялық және тәжірибелік білім алады. Бұл – тек дәріс оқудан тұратын шара емес, атап айтқанда гидтер жаяу және көлікпен экскурсиялар ұйымдастырудың нақты әдістерін тәжірибе жүзінде үйренеді. Курстың соңында барлық қатысушылар арнайы емтихан тапсырып, оның нәтижелері бойынша сертификат беріледі.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp