Қарттарды қолдау айлығы аясында И.Шухов атындағы қалалық кітапханада “Көңілдің жарық нұры” атты кездесу кеші өтті. Іс-шараға “Қазақ аналары – дәстүрге жол” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының мүшелері қатысты.
Кеш барысында ұйым төрайымы Алма Махамбетова сөз сөйлеп, қазыналы қариялардың өнегесін жастарға үлгі етті. Шараға қатысқан жастар мен аға ұрпақ өкілдері арасында интеллектуалдық, танымдық сайыс өтті. Сайыс барысында қатысушылар түрлі жанрдағы әндерді шырқап, кеш көрігін қыздырды. Мәселен, қарттар қазіргі заманауи туындыларды орындаса, жастар халық әндерін шырқады. Психологиялық ойындар мен нейрожаттығуларға қатысқан студенттер белсенділік танытты.
Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенттері өз өнерлерін паш етіп, кеш мерекелік ән шашуға ұласты. Шара соңында аға ұрпақ жастарға бата беріп, алғысын білдірді.
Ермек ЖҰМА,
“Soltüstik Qazaqstan”.