«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Алғыс арқалаған жан

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ерекше қажыр-қайратты талап ететін денсаулық сақтау саласында күндізгі және түнгі ауысымда жұмыс істеу кез келген әйел затының қолынан келе бермейді. Лизат Әшімованың саналы ғұмыры Жамбыл аудандық ауруханасымен тікелей байланысты. Ол терапия бөлімінде медбике қызметін атқарып, қаншама науқастың сырқатынан айығуына себепкер болды. Медициналық көмекке жүгінушілердің алғысына бөленген ақ халатты абзал жанның осы салаға сіңірген еңбегін бір ауыз сөзбен жеткізу қиын.

Көпбалалы отбасында тәр­биеленген Лизат – Ақбалық ауы­лының тумасы. Отбасының ті­регі – әкесі Қайыр Қоспанұлы мал бақса, жеті балаға өмір шуа­ғын сыйлаған алтын құрсақты ана Рәш Таспайқызы үй шаруа­шы­лы­ғымен айналысты.

Аудандық аурухана дирек­то­рының міндетін атқарушы Бақыт Қашағанованың айтуынша, Ли­зат Қайырқызы көп жыл бойы те­рапия бөлімінде адал еңбек етіп, өзін сауатты, жоғары білікті ма­ман ретінде көрсетіп келеді. Қажетті дағдыларды толық меңгерген. Ұжымда құр­метке ие. Тапсырмаларды мүлтіксіз орын­дайды, ұйымдасты­рушы­лық қарым-қабілеті де жо­ғары ба­ғаланып жүр. Шұғыл жағ­дайлар­да тез шешім қабылдай­ды. Жаңа медициналық құрал-жаб­дық­тарды жетік қолдана бі­ле­ді. Бай тәжірибесі өзгелерге үлгі.

“Армансыз адам – қанатсыз құспен тең. Бала кезімде дәрігер боламын деген мақса­тыма жет­кенімді үлкен бақыт санаймын”, – дейді өз саласы­ның білікті маманы.

Лизат Қайырқызы 1983 жылы Целиноград медициналық учи­ли­щесін бітіргеннен кейін еңбек жолын Жамбыл аудандық ауру­ханасында балалар бөлімшесінің медбикесі болып бастайды. 1990 жылдан бері терапия бөлі­мінде медбике болып жұмыс іс­теп келеді. Мұндағы жұмыс өтілі – 34 жыл.

Басы ауырып, балтыры сыз­дай қалған науқас абзал жан­дар­дың мейірімін іздейді, өзіне көңіл бөлгенін қалайды. Денсау­лығын жақсарту үшін медицина қызмет­керінің көмегіне жүгін­генде ем-дом өз алдына, жақсы сөз естісе, жаны жадырап қала­ды. Аға мед­бике Оксана Нико­лаевна мен, әріптестері Светла­на Ай­бер­генқызы, Зылиха Са­пар­­ға­лиқызы, Анастасия Денисов­на, Александр Игоревич тағы басқа­ларымен тізе қосып, елді мекен тұрғындарына сапалы медици­налық қызмет көрсетуді басты парызы санайды.

Лизат Қайырқызы мен Серік­бай Тұрғынұлының бір шаңырақ астында түтін түтеткеніне ширек ғасыр, ұлын ұяға, қызын қияға қон­дырды. Ұлдары – Беріктің екі жоғары білімі бар, отбасылы. Астана қаласында өрт сөндіру­ші, азаматтық қорғаныс лейте­нан­­ты. Келіні Жадыра денсау­лық сақтау саласында жұмыс іс­тейді. Меруерті – Денсаулық сақтау министрлігінің медицина­лық ба­қы­лау комитетінде бас сарапшы. Оның жұбайы – әске­ри қызмет­кер. Құт қонған шаңы­рақтың сүт кенжесі Жақсылық та өмірден өз орнын тапқан.

Лизат туған-туыстарының ор­тасында сыйлы. Көрші-қолаң­мен сыйластықтарына сызат түс­кен емес.

“Адам қай салада жұмыс іс­темесін адамдарға қандай көмек көрсете аламын деген ойдың жетегінде жүруі керек. Сол кезде ғана еңбегіңнің жемісін көресің. Балаларымды да осы қағида негізінде тәрбиеледім. Отбасын­да ата мен әженің, ана мен әке­нің, баланың өз орны бар. Олар­дың сол орындары сақталғанда ғана шаңырақтан шаттық кет­пейді”, – дейді кейіпкеріміз.

Адам жанының арашасы – Лизат Қайырқызының өңірінде “SENIM” денсаулық сақтау жүйе­сі салалық кәсіптік одағының төсбелгісі көп жылғы мінсіз еңбегінің белгісіндей жарқы­райды.

Игілік РАХМЕТ.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp