Ерекше қажыр-қайратты талап ететін денсаулық сақтау саласында күндізгі және түнгі ауысымда жұмыс істеу кез келген әйел затының қолынан келе бермейді. Лизат Әшімованың саналы ғұмыры Жамбыл аудандық ауруханасымен тікелей байланысты. Ол терапия бөлімінде медбике қызметін атқарып, қаншама науқастың сырқатынан айығуына себепкер болды. Медициналық көмекке жүгінушілердің алғысына бөленген ақ халатты абзал жанның осы салаға сіңірген еңбегін бір ауыз сөзбен жеткізу қиын.
Көпбалалы отбасында тәрбиеленген Лизат – Ақбалық ауылының тумасы. Отбасының тірегі – әкесі Қайыр Қоспанұлы мал бақса, жеті балаға өмір шуағын сыйлаған алтын құрсақты ана Рәш Таспайқызы үй шаруашылығымен айналысты.
Аудандық аурухана директорының міндетін атқарушы Бақыт Қашағанованың айтуынша, Лизат Қайырқызы көп жыл бойы терапия бөлімінде адал еңбек етіп, өзін сауатты, жоғары білікті маман ретінде көрсетіп келеді. Қажетті дағдыларды толық меңгерген. Ұжымда құрметке ие. Тапсырмаларды мүлтіксіз орындайды, ұйымдастырушылық қарым-қабілеті де жоғары бағаланып жүр. Шұғыл жағдайларда тез шешім қабылдайды. Жаңа медициналық құрал-жабдықтарды жетік қолдана біледі. Бай тәжірибесі өзгелерге үлгі.
“Армансыз адам – қанатсыз құспен тең. Бала кезімде дәрігер боламын деген мақсатыма жеткенімді үлкен бақыт санаймын”, – дейді өз саласының білікті маманы.
Лизат Қайырқызы 1983 жылы Целиноград медициналық училищесін бітіргеннен кейін еңбек жолын Жамбыл аудандық ауруханасында балалар бөлімшесінің медбикесі болып бастайды. 1990 жылдан бері терапия бөлімінде медбике болып жұмыс істеп келеді. Мұндағы жұмыс өтілі – 34 жыл.
Басы ауырып, балтыры сыздай қалған науқас абзал жандардың мейірімін іздейді, өзіне көңіл бөлгенін қалайды. Денсаулығын жақсарту үшін медицина қызметкерінің көмегіне жүгінгенде ем-дом өз алдына, жақсы сөз естісе, жаны жадырап қалады. Аға медбике Оксана Николаевна мен, әріптестері Светлана Айбергенқызы, Зылиха Сапарғалиқызы, Анастасия Денисовна, Александр Игоревич тағы басқаларымен тізе қосып, елді мекен тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуді басты парызы санайды.
Лизат Қайырқызы мен Серікбай Тұрғынұлының бір шаңырақ астында түтін түтеткеніне ширек ғасыр, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Ұлдары – Беріктің екі жоғары білімі бар, отбасылы. Астана қаласында өрт сөндіруші, азаматтық қорғаныс лейтенанты. Келіні Жадыра денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді. Меруерті – Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық бақылау комитетінде бас сарапшы. Оның жұбайы – әскери қызметкер. Құт қонған шаңырақтың сүт кенжесі Жақсылық та өмірден өз орнын тапқан.
Лизат туған-туыстарының ортасында сыйлы. Көрші-қолаңмен сыйластықтарына сызат түскен емес.
“Адам қай салада жұмыс істемесін адамдарға қандай көмек көрсете аламын деген ойдың жетегінде жүруі керек. Сол кезде ғана еңбегіңнің жемісін көресің. Балаларымды да осы қағида негізінде тәрбиеледім. Отбасында ата мен әженің, ана мен әкенің, баланың өз орны бар. Олардың сол орындары сақталғанда ғана шаңырақтан шаттық кетпейді”, – дейді кейіпкеріміз.
Адам жанының арашасы – Лизат Қайырқызының өңірінде “SENIM” денсаулық сақтау жүйесі салалық кәсіптік одағының төсбелгісі көп жылғы мінсіз еңбегінің белгісіндей жарқырайды.
Игілік РАХМЕТ.
Жамбыл ауданы.