Қызылжар өңіріне жұмыс сапармен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров келіп, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Алқалы басқосуға ауыл шаруашылығы құрылымдарының, мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының өкілдері қатысып, егін жинау науқанының нәтижелері талқыланды. Сондай-ақ алдағы жылға арналған іс-шаралар жоспары белгіленді.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жаздың жауынды, күздің ылғалды күндері қиындықтар тудырғанына қарамастан өңір диқандары жоғары ұйымшылдық үлгісін көрсеткенін, астық жинау науқаны толық аяқталып қалғанын жеткізді.
Республикалық ведомство басшысы ел бойынша дәнді дақылдардың 93,2 пайызы немесе 15,5 млн. гектар алқаптың өнімі жиналып, 23,5 млн. тонна астық бастырылғанын, әр гектардың орташа шығымдылығы 15,2 центнерді құрайтынын атап өтті. Биыл жеңілдетілген несиелеу мөлшері 580 млрд. теңгеге жетіп, ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне 120 млрд. теңге бөлінген. Келесі жылы осындай мемлекеттік қолдау қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыруға бағытталмақ. Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыру үшін көктемгі егіс және күзгі орақ жұмыстарын қаржыландыру көлемі 900 млрд. теңгеге дейін артпақ, оның ішінде ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне 200 млрд. теңге қарастырылған. Солтүстік Қазақстан облысы диқандарының тәжірибесін негізге ала отырып, бағдарлама шеңберінде жеңілдетілген несиелеу көлемі және қаржыландырылатын бағыттар саны ұлғайтылмақ.
“Аграршылар мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған қолдауға ие болғанын ескерсек, қол жеткен көрсеткіштерге тоқмейілсімеуіміз керек.
Қазіргі басты талап – егін жинау жұмыстарын толық аяқтау, астықтың сапалы сақталуын қамтамасыз ету. Оған ішкі ресурстар жеткілікті. Келесі жылы да қарқынды бәсеңдетпеуге тиіспіз”, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
Кеңеске қатысушыларға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау бойынша қабылданып жатқан және жоспарланып отырған шаралар, бидайды сатып алу бағасы, көктемгі егіс және күзгі орақ жұмыстарын кредиттеу, саланы қолдаудың басқа да жаңа тәсілдері туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі қаржы құралдары және микрокредит беру департаментінің директоры Жанар Маханова, “Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ басқарма төрағасы Асылхан Джувашев, “ҚазАгро Қаржы” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев, тағы басқалары жан-жақты ақпарат берді. Биыл форвардтық сатып алу бойынша 41 млрд. теңгеден астам сомаға 325 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды. Оның ішінде солтүстікқазақстандықтарға 270 мың тоннаға 18,8 млрд. теңге берілді. “Кең дала-2” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдікті несие рәсімделеді. Және де бір артықшылығы, фермер кепілдік сомасының 15 пайызын ғана төлейді, қалғанына “Даму” қоры кепілдік береді. Бүгінгі таңда 176 млрд. теңгеге лизинг шарттары жасалған. Бұл – жылдық жоспардың 80 пайызы. 138 млрд. теңге отандық техникаларға тиесілі.
Өңірде ауыл шаруашылығы егістік алқабының 93,3 пайыздан астамы жиналды, 5,6 млн тонна астық қамбаға құйылды. Гектар өнімділігі 17,8 пайызға жуық. 3 млн. тоннаға жуық жем дайындалды.
Сапар барысында Ауыл шаруашылығы министрі “Бетеге-У” элеваторының жұмысымен танысты. Мұнда бидай қабылдауда кідіріс жоқ. Мағжан Жұмабаев атындағы ауданға қарасты “Митронин” және “Чистовский” ЖШС-ларында болды. Екі шаруашылық та дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өсірумен айналысады, биыл бидай мен майлы дақылдар жақсы өнім берді. Дәнді дақылдардың орташа өнімділігі – 40, майлы дақылдар бойынша – 20 центнер. Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесуде 2025 жылғы көктемгі егіс және күзгі орақ жұмыстарын қаржыландыруға қатысты мәселелер талқыға салынды. Мемлекеттік қолдау мен озық агротехнологиялардың маңыздылығына назар аударылды.
Кеңес барысында тиісті мемлекеттік органдарға ауыл шаруашылығы өндірушілерімен өзара іс-қимылды күшейту, туындайтын проблемаларды жедел шешу жөнінде тапсырмалар берілді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.