«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДЕРТТІ АСҚЫНДЫРМАҒАН АБЗАЛ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Денсаулық – басты құндылықтардың бірі. Адам жасы ұлғайған сайын аурудың алдын алуға ерекше назар аударуы керек. Дұрыс тамақтану, өкпе-реніштен арылу, үнемі жақсы ниетпен жүру, спортпен шұғылдану сияқты өзге де әрекеттер ұзақ өмір сүруге септеседі. Дерттің алдын алудың тиімді құралдарының бірі – халықтың әртүрлі топтарын, созылмалы аурумен ауыратындарды қамтитын диспансерлік бақылау жүйесі.

Мемлекет тарапынан көрсетілетін тегін медициналық көмек­тің негізгі түрлері “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі” кодексінде көрсетілген. Оған “Жедел жәрдем”, санитарлық авиация, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, консультативтік-диагностикалық көмек, күндізгі стационар, стационарлық көмек, жоғары технологиялы медициналық қызметтер жатады. Халықтың тұрақты денсаулығын сақтауда диспансерлік бақылау маңызды рөл атқарады. Медициналық қадағалаудың бұл нысаны созылмалы аурулары бар және қауіп тобындағы науқастардың денсаулық жағдайын тұрақты бақылауды қамтамасыз етеді.

Барлық азаматтар үшін бұл көмек МӘМС жүйесінде тегін көрсетіледі. 2024 жылғы мәлімет бойынша Солтүстік Қазақстан облысында 140 056 адам диспансерлік есепте тұр. Диспансерлік науқастардың ең көп саны жүрек зақымдануы басым гипертониялық ауру (72 797 адам), оған егде жастағы науқастар да, жастар да кіреді, бұл осы аурудың кең етек жайып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай науқастар өмір бойы учаскелік дәрігердің есебінде тұрады, олар 6 айда бір рет немесе 3 айда бір рет тексеріліп тұруы шарт. Олар “Созылмалы аурулары бар адамдарға медициналық көмек көрсету тәртібін, бақылау кезеңділігі мен мерзімдерін, диагностикалық зерттеулердің міндетті минимумын және жиілігін бекіту туралы” зертханалық-диагностикалық зерттеулер тапсырады. Денсаулық сақтау министрінің “Белгілі бір аурулары бар Қазақстан Республикасының азаматтарының жекелеген санаттарын тегін немесе жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз ету үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізбесін бекіту туралы” бұйрығына сәйкес тегін дәрі-дәрмектер ала алады. Өңірде қант диабетімен 22 346 науқас есепте тұр, олар да қажетті дәрі-дәрмектермен тегін қамтамасыз етіледі.

Жұқпалы емес созылмалы ауруларды бақылау белсенділікті талап ететін процесс. Былайша айтқанда, дәрігер пациентпен серіктестік орната отырып бақылайды. Яғни денсаулық сақтау жүйесі оған медициналық қызмет көрсетеді, дәрі-дәрмек береді. Ал науқас оны көзді жұмып іше бермей, өмір салтын да өзгертеді. Мәселен, қан қысымы жоғары адамдар қауіп-қатер факторларын төмендетуге күш салуы тиіс. Олар диета ұстаса, көбірек қимылдап, темекіден бас тартса, ең бастысы, қан қысымын тұрақты түрде өлшеп отырса дәрігерге де, өзіне де жақсы. Пациент жүрек қағысын, қан қысы­мын үнемі өлшеп, қағазға немесе смартфонға түртіп жүретін болса, дәрі-дәрмек дозасын анықтау қиындық тудырмайды. Себебі дәрінің мөлшерін дұрыс тағайын­дау арқылы пациенттің өмірі ұзарады, жақсарады.

Па­циент дәріні дұрыс мөлшерде ішсе жүрек-қан тамыры жүйесіне кері әсері де аз болады. Жалпы алғанда, науқас өз өміріне өзі белсенді түрде атсалысады. Өз денсаулығына жауапкершілігі күшейіп, медициналық білімі артады, медициналық қызметтің қандай түрін тегін алуға болатынын ажырата бастайды. Кейбір жағдайларда диспансерлік бақылау күрделі диагностикалық процедуралар немесе стационар жағдайында емдеу үшін госпитализацияны қамтуы мүмкін. Диспансерлік бақылау жүйесіне әртүрлі санаттағы: жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, өт ауруы, онкологиялық және басқа да ауыр ауруларға бейім зейнеткерлер мен егде жастағы адамдар қосыла алады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жыл сайын диспансерлік топтарды қарау және динамикалық бақылауды жүргізу үшін бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) ұйымдарына қаражат бөледі. 2024 жылы Солтүстік Қазақстан облысы үшін МӘМС шеңберінде жалпы сомасы 1 962 171 мың теңге қаржы аударылды. Емдеу мекемелері науқастардың дертін асқындырмау үшін диспансерлік есепте тұрған 25 ауру тобы және әлеуметтік маңызы бар аурулармен ауыратын пациенттермен профилактикалық жұмысқа баса назар аударуы қажет.

Диспансерлік есепте тұрған пациенттер учаскелік дәрігерлермен тұрақты байланыста болуы, уақтылы тексерулерден және қажетті диагностикалық зерттеулерден өтуі тиіс.

Сонымен қатар мамандар тұрғындарды профилактикалық тексерулер мен скринингтерден өтуге үнемі шақырып отыратынын атап өту қажет, бұл біздің облыстың әрбір тұрғыны үшін маңызды.

Айнагүл ДӘУЛЕТШИНА,

“Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp