«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН МАРАЛ ИШАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

ХІХ ғасырдың басында азаттық жолындағы күреске ислам діні өкілдерінің де қатысқаны тарихтан белгілі. Жалпы діни қозғалыстар тақырыбы кеңес заманында аса көп зерттеле қойған жоқ. Біз әңгіме еткелі отырған аты аңызға айналған Марал ишан Құрманұлы жөнінде революцияға дейін де, одан кейін де, біздің заманымызда да біршама кітап жазылды, газет-журналға  мақалалар шықты. Тарихи тұлға  туралы  материалдарды энциклопедиялардан да табуға болады.

Марал ишан 1780 жылы Жам­был ауданындағы Нұрым­бет ауылында дүниеге келген. Руы – Керей, Тарышы тайпасына, Ақсары атасының Нұрымбет әулетіне жатады. Бұл рудың ата­қонысы осы күнгі Ресейдің Қор­ған облысы, Солтүстік Қазақ­стан облысының Жамбыл, Қос­та­най облысының Ұзынкөл ау­дандары.

Маралдың әкесі Құрман Кен­жебайұлы бес уақыт намазын қаза қылмаған, батыр, әрі дін­дар адам болыпты. Оның ерек­ше бір қасиеті адам емдейтін тә­уіптігі. Жоңғар қонтайшысы Қал­ден-Цереннің қазақ әйелі­нен ту­ған екі қызының бірін Абылай, Фа­тима атты екіншісін Құрман әйелдікке алады. Одан Құлжа, Арал, Марал атты ұлдар дүние­ге келген. Марал ишан Қалден-Цереннің туған жиені, Кенеса­ры, Наурызбай батырлардың ту­ған бөлесі саналады.

Кейбір деректерде Маралдың азан шақырып қойған есімі Иса делінеді. Ол 9 жасқа тол­ғанда әкесінен айырылады. 13 жасқа жеткенде шешесіне еріп Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) өл­кесіне барған. Ондағы негізгі мақ­саты – діни білім алу. Ақме­шіт маңайындағы Құланбай ишан­ның Меңдібике атты қызы­на үйленген Марал қазіргі Өз­бек­стандағы Жам тауының үңгі­ріндегі Жалаңаяқ ишанның мед­ресесіне жүз шәкірттің бірі бо­лып оқуға қабылданады. Он жыл оқыған Марал ишан аман-сау еліне оралыпты.

Ол Арқаның Қайранкөл жа­зығында өзінің халқына орасан зор қызмет етеді, ауру-сырқауларды емдейді, тәбиптік кәсібін көріпкел-сәуегейшілікпен ұш­тастырып отырады. Көп ұзамай Маралдың аты бүкіл қазақ дала­сына тарайды.

Марал бабамыз тек діншіл ғана адам емес, ол – қоғам қай­раткері, азаттық үшін күрескен, ұлт-азаттық қозғалыстың руха­ни көсемі. XIX ғасырдың 30-жыл­дары Марал ишан қазақ халқын “Ғазауат” соғысына ша­қырды. Алдымен Құсмұрын аты­рабында басталған бұл қозға­лыс Қазақстанның солтүстігінің біраз жерін қамтыды. Кейбір зерттеушілер “Ғазауат” соғысын қолына қару алып, жауға қарсы тұру деп есептейді. Ислам дінін берік ұс­таған, жан дүниесі таза адам бас­қа дінді дәріптейтін басқыншы­лар­ғ­а іштей болса да қарсылық көрсетті. Мұсылман діні өктемдік атаулының барша­сына қарсы екендігіне ешкімнің дауы жоқ. Марал бабамыз пат­ша үкіметіне қайта-қайта адам жіберіп, хат жа­зып, қазақ жерін­де орыс бекі­ніс­терінің салынуы­на қарсылық біл­діреді.

1819 жылдың жазында Ке­рей-Уақ, Атығай-Қарауыл рула­рының басты адамдары бас қо­сып, Қақ сорының жағасында өткізген құрылтайда Есенейді боз биенің сүтіне шомылдырып, Марал ишан бастаған әулие, дуа­лы ауыз билер мен бектер, ба­тырлар ақ баталарын беріп, Сібір қазақтарының шорасы етіп сай­лапты. Есеней өз ұста­зы Марал ишан Құрманұлы бас­таған “Ға­зауатқа” бұрынғысынша белсене қатысып, әскерге ел­ден ат-азық, киім жинап бе­руге көмектеседі. Қызылжар жерінде атақты Сар­тай, Шақшақ батыр­лармен тізе қосып, шайқасқа шы­ғады. Орыс­тардың бірнеше бекінісін талқан­дап, халық ал­ғысына бөленеді. 1834 жылы “Қожаберген Шөпті­көл” жаға­сында Сартай батыр мен отар­шы­лар арасында бол­ған ұрыс Сегіз Серінің “Туған елі­ме” де­ген өлеңіне арқау болған. Ма­рал бабамыздың қолбасшы­ларды желеп-жебеп, ақ батасын бе­ріп отырғандығы да кездейсоқ емес. Бұл – рух құдіретінің киелі парасаты. Даңқты Кенесары Марал ишан­ның данышпандығына бас иген. Көтеріліске қатысушыларға ді­ни басшылық жасау үшін Марал келісім беріп, хан сарайының ке­ңес құрамына кіреді. Кенесары көтеріліс бастап, бодандыққа қарсы шайқасып жатқан кезде Марал ишан Батыс-сібір мұсыл­мандарының өз бетінше сайлап қойған бас мүфтиі болатын.

Бұдан былай даулы мәсе­ле­лер шариғат үкімі бойынша ше­шіліп отырды. Марал Құрман­ұлы қазақ қосынына рухани де­меу көр­сетіп, кей жағдайда өз бойын­дағы керемет қасиеттері­мен де көмектеседі. Кенесары әскерінің бірсыпыра жеңістерге жетуіне, ха­лық алдында беделі­нің артуы­на әулиенің тигізген үлесі көп. Ол орыстардың әс­кери техникасы­ның артықшылы­ғын айтып, Ке­несарыға соғысты одан әрі соза бермеуге кеңес береді.

Соғыс жағдайында халық­тың тұрмысын жақсартып, игі­лікке жеткізудің таптырмайтын көзі – оларды егіншілікпен ай­налыс­тырып, отырықшылық тұр­мысқа үй­рету керек екендігін Ма­рал ишан үнемі шегелеп айтып отыр­ған. Маралдың бұл ойынан кейін Кенесары жақтастарын де­реу егіншілікпен айналысуға үгіт­тейді. Кенесары жақтаста­ры­ның егіншілікпен айналысқа­нын Кене­сары ордасында бо­лып қайт­қан Дәулеткелді Бес­паев та әңгімелейді. Кенесары­ның егін­ші­лерді қолдау саясаты қазақ даласындағы егіншіліктің одан әрі дамуына әсер етті. ХІХ ға­сырдың 50-60 жылдарында-ақ қа­зақ руларының едәуір бөлігі егін­шілікпен айналысты.

 Бабамыздың қыр мен Сырға кең жайылған атақ-даңқы, отар­шыл орыс үкіметінің үрейін ту­ғызды. Оның іс-әрекеті орыс ұлықтарын қатты әбігерге сал­ды. Қазақ-орыс арасындағы сая­си мәселелерді Марал бабамыз келіссөз арқылы шешуді көзде­ді. Осы мақсатпен ол Омбыға Ке­рей болысының ақсақалы Бай­сал арқылы екі хат жібереді. Бі­реуі Орынбор әскери губерна­то­ры Эссенге, екіншісі Сібір жеке корпусының командашы­сы Кап­цевичке жолданды. Та­тар мә­не­рінде жазылған екі хаттың да ма­ғынасы бірдей.

Сібір әкімшілігі бұл жағдай­ды, әсіресе Марал Құрманұлы­ның Петербургқа барып-қай­туға тілек білдіріп жүргенін Азият департаментіне хабар­лай­ды. Вице-канцлер граф Не­сельроде 1821 жылғы 20 қаң­тарда Сібір ге­нерал-губернато­ры Сперан­ский­ден хат арқылы Марал өті­нішінің мән-жайы ту­ралы пікірі қан­дай екенін сұрай­ды. 1822 жыл­ғы 24 қаңтарда ол граф Не­сельродеге хатпен жа­уап қай­тарады.

Граф Несельроденің баян­хаты бойынша Марал Құрман­ұлын Петербургке шақыртып алу туралы 1822 жылғы 12 ақ­пан­да жарлық шығып, оны жол­ға қам­дау жөнінде тиісті нұс­қау­лар бе­ріліп, қажетті жұмыстар атқары­лып жатады. Марал Құр­манұлын астанаға алдыру жө­нін­дегі жар­лыққа орай генерал Капцевичтің жазған хаты иесінің қолына ти­мей, Байсалдың қал­тасында қа­ла береді. Бабамыз­дың патшаның қабылдауына бар­маған себебі осы.

Марал ишан ұлт-азаттық қоз­ғалыстың жеңіспен аяқталмай­тынын алдын ала білді. Ол баш­құрт, татар халықтарының ұлт-азаттық қозғалысын қолдап, отаршыларға қарсы ортақ май­дан ашуды ойлайды.

1823 жылдың жазында хи­уалықтардың Бұқарға бара жат­қан керуенге шабуыл жасап, қа­зақ кірекештерінің мың түйесі мен жүз мың қойын айдап алып әкеткені, елу адамның жазық­сыз өлтірілгені Марал Ишанға жете­ді. Марал Құрманұлы мал-мүлікті қайтару үшін Хиуаға ат­танғалы қол жинайды. Халықты бұл жо­рыққа көбірек тарту үшін жұртқа жар салып, бұл жолы өзімен бірге жауға қарсы бар­ғандарға оқ өтпейді, қылыш да­рымайды деп жариялайды. Таланған малды түгел қайтарып олжалы орала­тынына сенген қа­зақтардың көп­шілігі Құрман­ұлы­ның уағдасына қызығып Хиуаға қарсы аттанады. Жүзеге асуы екіталай бұл қатер­лі сапардың немен аяқталғаны белгісіз. Марал ишанның бұдан кейінгі тағдыры да беймағлұм.

Марал Ишанның өмірден өт­кендігі жайлы әртүрлі мағлұмат бар. Белгілі журналист Т.Дай­ран­бай баспасөз беттерінде Марал ишанның 1852 жылы тірі екен­ді­гін айғақтайтын құжаттар барын жариялаған. Со­ны­мен қатар орыс полковнигі И.Ф.Бла­рамберг “Естеліктер” атты кіта­бында 1852 жылдың бі­рінші та­мызы күні Марал Құр­ман­ұлын Ақ­мешіт маңа­йында көр­­­генін айта­ды. Олай болса ишан Сәден Нұр­тайұлы мен көр­­некті журналист Сырлыбай Бүр­кітбайұлы жазған­дай 1841 жы­лы емес, туған елі Ар­қаға қы­ды­рып барған кезінде ша­ма­мен 1853 жылы жаз айларын­да дү­ние сал­ған. Қабірі Қызыл­ор­да об­­лысы, Қармақшы ауданы­ның ор­талы­ғы Жосалыдан сол­түс­тік-шығысқа қарай сегіз ша­қы­рым қашық­тықта бұрын Қа­мыр қорымы аталған биік жал­пақ тө­бенің ба­сында тұр. Қазір ол қо­рым “Ма­рал баба қорымы” аталады.

Марал ишан қозғалысының сәтсіз аяқталуына бірнеше се­беп түрткі болды. Біріншіден, қоз­ғалысқа қазақтың көптеген ру­лары атсалыспады. Бұл кез­де қазақ қоғамы екіге бөлініп, олар­дың бір тобы орыс әкімші­лі­гінің ырқынан шыға алмады. Екінші­ден, Марал ишан қазақ үшін қалыптасқан саяси жағ­дай­дың тұрақсыздығын ескер­меді. Бүкіл мұсылман халықта­рының басын қосып, бірегей ис­лам мемлекетін құру оның орындалмас арманы болып қа­ла берді. Үшіншіден, қолына қару алған қазақ жігітте­рінен не сұл­танда, не батырлар­да бере­ке болмады.

Сондықтан да бабамыз қа­ру­лы қарсылықтан гөрі, рухани қарсылыққа көңіл аударуды дұ­рыс деп есептеді. Дегенмен, Ма­рал ишан әскерлері Ресей үкі­ме­тінен жеңілді деген қорытын­ды жасаудан аулақпыз. Аша­май­лы Керейлер қозғалысы Сар­­жан төре мен Жоламан Ті­леншіұлы­ның Ресей отаршы­ларымен қа­рулы қақтығысына ұласты. Мұ­ның барлығы ақы­рында 40 жыл­ға созылған Кене­сары хан бас­таған қазақ-орыс соғысына әке­ліп соқтырды.

Марал ишан қозғалысы діни сипатта болғанымен отаршыл­дыққа қарсы ұлт-азаттық соғыс екендігін мойындауымыз қажет. Бұл тақырып терең зерттеуді, тың деректерді ашуды, шетел­дік мұрағаттардағы құжаттарды ел­ге әкелуді талап етеді. Діни қоз­ғалыстарды ұлт-азаттық кү­рес­тің бір тармағы деп танитын уа­қыт жетті.

Тәуелсіздік алған жылдары ба­бамыз өз ұрпағымен қайта қауышты. 2005 жылы Қызыл­ор­дада оның 225 жылдық, 2010 жы­лы 230 жылдық мерейтойы өтті. Жылда туған жерінде оған арнап ас беріліп жатады. Бүкіл жасалып жатқан іс-шараларға шартараптан қазақтың мар­қас­қа азаматтары жиналады.

Аманжол КҮЗЕМБАЙҰЛЫ,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp