«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қызылжар өнімі – Астана төрінде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күз –  ауыл еңбеккерлерінің жаз бойы маңдай терімен өсірген өнімдерін жинап алатын, жасыл жайылымда төрт түлігін күйлендіретін, содан кейін оларды пұлдайтын кез болып саналады. Нарық заңының талабына  сәйкес өнімді тиімді саудалайтын орын табудың  маңызы зор. Ауыл еңбеккерлері мен қала тұрғындарының арасында делдалсыз сауда өткізуді мақсат тұтқан еліміздегі барлық өңірлердің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің жәрмеңкесін Астана қаласында өткізу соңғы жылдары игі дәстүрге айналған. Арнайы жасалған кестеге сәйкес қыркүйек-қазан айларында жүктерін тиеген керуен елордаға жол тартады.

19-20 қазан күндері Сол­түс­тік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өнді­рушілер елордада өз жәр­мең­кесін өткізді. Бұрындары “Хан шатыр” сауда-ойын сауық ор­та­лығының, “Астана арена” ста­дио­нының, Хазірет сұлтан ме­ші­тінің маңында ұйымдасты­ры­лып келген жәрмеңкеге бұл жолы кең орын табылыпты. Биыл Дүниежүзілік көшпенділер ойы­ны дүркіреп өткен, астана­лық­тарға жақсы таныс қаланың оң­түстік-батыс бөлігіндегі Қар­қаралы тас жолының бойында ор­наласқан “Қазанат” ипподро­мының қарама-қарсы бетінде аумағы ат шаптырым “Елорда базары” бой көтеріпті. Жәр­мең­­кеге таңғы сағат тоғыздан кейін ат басын бұрғанда жеке кө­лік қоятын орынды әрең тап­тым. Жәрмеңкеге келген ха­лық­тың қарасы қалың. Оның үс­ті­не қазанның жаймашуақ  күні де жәрмеңкеге өзінің ай­шықты таңбасын салғандай, са­тушы­лар­дың да, сатып алу­шы­лардың да көңіл күйлері жай­дары.

Облыстық ауыл шаруашы­лығы және жер қатынастары басқармасының ресми сайтын­да жарияланған ақпаратқа қа­ра­ғанда бұл жәрмеңкеге өңір­дегі барлық 13 аудан мен Пет­ропавл қаласынан 110-нан ас­там ауыл шаруашылығы тауар­ларын өндірушілер мен қайта өңдеумен айналысатын кәсіп­орындар қатысқан.

Жәрмеңкеде Астана қаласының тұрғындарына 112,8 тонна еттің барлық түрі, 485 тонна картоп пен көкөністер, 31 тонна сүт өнімдері, 120 мың дана тауық жұмыртқасы, 9,7 тонна бал, 7 тонна шұжық өнімдері, 71 тонна ұн және макарон бұйымдары,  12 тонна басқа өнімдер ұсынылыпты.

Биыл арнайы ұйымдастырылған жәрмеңке алаңында таңғы сағат сегізден қызу сауда басталды. Таң алакеуімнен сауда сөрелеріне елордаға әкелген өнімдерін жайып тастаған теріскейліктер өнімдерін жарнамалап, сатып алушыларды өздеріне шақырып жатыр. Үлкен әріптермен жазылған тауар бағалары мен белгілері, өндірушілердің таңбалары келушілердің өзіне қажеттісін қиналмай іздеп табуларына бағдар бергендей. “Елорда базарының” аумағы үш аймаққа бөлініпті. Базарға кіре бергенде сол жағында Солтүстік Қазақстан, орта бөлігінде Қарағанды, ал оң жақ бөлігінде Шығыс Қазақстан облыстары ауыл шаруашылығы өнімдерінің сөрелері жайылыпты.

– Екі ай бұрын басталған бұл жəрмеңкелердің мақсаты елорда тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге, бағаны тұрақтандыруға бағытталған. Мұндай жәрмеңкелер еліміздің барлық облыстарының қатысуымен өтіп жатыр және 27 қазанға дейін жалғасады. Осы аптада үш облыстың ауыл шаруашылығы өнімдері саудаланып жатыр. Барлық өнімдер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай, сатушыларда өнімдердің шығу тегін, сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар болады, – деді “Елорда базарының” өкілі Кеңес Игенов.

Қызылжар өңірінің экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдері елорда тұрғындары мен меймандарына ұсынылды. Мұндағы жылқы, сиыр, қой еттері, сарымай, ірімшік, құрт, ет пен шұжық жəне көкөністер нарықтық бағадан 15-20 пайыз төмен саудаланды.

Жәрмеңкенің орта тұсында әлдебір мәселені қызу талқылап тұрған Есіл мен Жамбыл аудандарының әкімдері Мереке Мұхамедияров мен Азамат Бектасовты жолықтырдым. Бұрыннан таныс азаматтармен жылы жүзді амандасқан соң елдің жағдайын сұрап, әңгімеге тарттым.

– Биыл табиғат өзінің тосын сыйларымен ауыл тұрғындарын әбігерге салды ғой. Көктемгі алапат су тасқынының зардабы мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің арқасында жойылды деуге болады, келген шығын өтелді. Одан кейін тамыз айы жаңбырлы болып, ауылдықтарға қиындық әкелді. Осындай ауа райының қолайсыздығына  қарамастан аудан диқандары биыл бітік егін өсіріп, күзгі орақ науқанын ойдағыдай аяқтады, гектар берекелігі орташа есеппен 19 центнерден айналды. Кейбір шаруашылықтар бұдан да жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Бүгінгі жәрмеңкеде Есіл ауданының он үш шаруашылығы өздері өсірген және өңдеген өнімдерін саудалап жатыр. Осыдан кейін Республика күні қарсаңында Петропавл қаласында өтетін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің жәрмеңкесіне қатыспақ ойымыз бар, – деді Мереке Тілеужанұлы.

Жәрмеңкеге келушілер өздеріне ұнаған өнім түрлерін таңдап, сатып алып жатты. Қой етін саудалап тұрған азамат өзін Саян Естаев деп таныстырды. Шал ақын ауданындағы Жаңажол ауылында оның қой өсірумен айналысатын қосалқы шаруашылығы бар екен. Жәрмеңкеге сойып әкелген алты қойының екеуін бір сағаттың ішінде үйітілген басымен бірге сатып жіберді. Семіз қой етінің келісін 2200 теңгеге бағалаған жерлесіміз саудасының сәтті болатынына сенімді.

Көзімізге елу шақты адам кезекте тұрған сауда нүктесі түсті. Мұнда Булаев май зауытының сапалы өнімдері қызу саудаланып жатыр екен. Кәсіпорын өкілі Светлана Ноздыреваның айтуынша, олардың өнімдері астаналықтарға жақсы таныс, елордада бірнеше сауда дүкендері бар екен. 200 грамдық “Шаруа” сарымайын 800 теңгеден, ірімшігін 400 теңгеден, майлылығы 20 пайыздық қаймағын 450 теңгеден сатып жатқан сауда нүктесіне келгендер ұнағандарына қол жеткізуде.

Осы жерде жылқы етін мүшелеп сатып алып жатқан шапан киген ақсақалға жолықтым. Амандық-саулық сұрастық.

– Мен оңтүстік өңірдің тумасымын, зейнеткер атанғанша қал-қадірімше сонда еңбек еттім. Төрт ұлым, бір қызым бар, Астанада тұрамын. Аллаға шүкір, қазір немере-жиендердің ортасында жүріп жатқан жайым бар. Үш келінім – Қызылжар өңірінен. Осы айда Айыртау ауданынан Астанаға көшіп келген бір құдам кенже баласын үйлендірмек. Құдалары Батыс жақтан екен. Тойдан кейін жаңа құдаларды үйіме шақырып, солтүстіктің салтымен жылқы етінен екі астау дәм дайындамақ ниетпен келдім бұл жәрмеңкеге. Қалауымша қазы-қартасын, жал-жаясын, шұжығын сатып алдым. Өйткені Қызылжардың шүйгін шөбінде күй жинаған жылқы етінің дәмі тіл үйіреді ғой. Оның үстіне Астана базарларындағы жылқы етінің бағасы қалта қағады, – деді Хамит Оразбаев ақсақал.

Астаналықтар жерлестеріміз әкелген тәтті тағамдарды да жақсы сатып алды. “Vizavi” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жәрмеңкеге бір тоннаға жуық  өнім жеткізіпті.

– Астана қаласында өз тұтынушыларымыз бар. Өйткені, біз өнімдерімізге кептірілген өрік, мак, лимон, қара мейіз және басқа да табиғи қоспаларды ғана қосамыз, бұл оның сапасын арттырады. Өнімдеріміз бәсекеге қабілетті болғандықтан Ресейдің көрші өңірлеріне де саудаға шығарамыз, – дейді “Vizavi” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Оксана Гладких.

Ал Степура отбасылық омартасының өнімдерінің тұтынушылары балдың дәмін татып, сатып алып жатты. Бұл жеке шаруашылық 1908 жылы құрылыпты. 2022 жылы асыл тұқымды бал шаруашылығы мәртебесін алған. Кәсіпорынның омарталары Мағжан Жұмабаев пен Аққайың аудандарында орналасқан. Дмитрий Степураның айтуынша, емдік қасиеті жоғары балдың килограмы 2500-3000 мың теңге арасында саудаланып жатыр.

Сонымен қатар жəрмеңкеде солтүстіктің, шығыстың, орталықтың өнерпаздары əннен шашу шашып, елордалықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жәрмеңке алаңының ортасында орнатылған арнайы сахнаға шыққан өнер иелерінің тамылжыта орындаған халық әндері мен күмбірлеген күйлері, мың бұралған билері тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырды, көзайымына айналды. Сахна жанына жиналған қауым олардың өнерлеріне қолдау көрсетіп жатты.

 Бұл жолғы жəрмеңкенің қыраулы қыстың алдында ұйымдастырылуы халыққа біршама пайдалы болғаны сөзсіз. Тағы бір айта кетерлігі, жəрмеңкеде жұртқа ұсынылған кейбір өнімдерді дүкен сөрелерінен кезіктіре алмас едіңіз.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp