Вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Үкімет кеңесінде өңірлерде салынып жатқан тауарлы-сүт фермаларының құрылыс барысы қаралды.
Жиында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тұрғызылған тауарлы-сүт фермаларының оң тәжірибесі үлгі етілді. Өңірде құрылысқа жеңілдікпен несие рәсімдеу 2023 жылы басталып, 100 млрд. теңгенің бірінші траншы жылдық 2,5 пайыздық өсіммен берілді. Биыл 65 сүт кешенін салу белгіленсе, 17 жоба іске асырылуда. 17 млрд. теңге қаражат мал сатып алуға және жаңа тауарлы-сүт фермаларының құрылыс-монтаждау жұмыстарына бағытталды. Бұл ретте жалпы сомасы 54,5 млрд. теңгені құрайтын жаңа 17 ферманың құрылысына салынған инвестиция – кәсіпкерлердің өз қаржысы.
Жиында ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы атап өткендей, қазіргі уақытта жалпы құны 100 млрд. теңге болатын 2023 жылғы транштың игерілуі 94,4 пайызды құрайды. 20 тауарлы-сүт фермасы салынып, пайдалануға берілді, 24 жоба бойынша жұмыстар аяқталуда. Көш басында Солтүстік Қазақстан облысы келеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.