2018 жылы күз айында Әбдіжәміл Нұрпейіс ағаның үйінде кездесіп, өмір өткелдерінен өткен әңгімесін тыңдап отырып, жуырда Мәскеу қаласы арқылы Лондонда магистратурада оқып жатқан немерем Алтынай Мұхитқызы Бекетке баратынымды айттым. Сол кезде: “Мені де ертіп ала кетші, өмірімнің жарқын кезеңдерінде жүріп өткен жерлерімді тағы бір көрсем деймін”, – деді. Асыл ағаның арманын орындайын деп келісім бердім. Содан не керек екеуіміз ұшақпен Мәскеуге жетіп, “Националь” қонақ үйіне тоқтап, таңғы асты Кремль көрініп тұратын мейрамханада отырып іштік.
Басынан өткен қызықты шақтарын айтып отырды, содан соң өзіне етене таныс, бүгінде Мәскеу тұрғыны болып кеткен мемлекет және қоғам қайраткері Тайыр Мансұровқа хабарласуды өтінді. Ол қонақ үйге келіп, АБЕ-нің бөлмесінде әңгімелестік. Сол күні ақсақалдың өтінішімен Қазақстанның елшілік үйінің маңындағы Абайға қойылған ескерткішке барып тағзым еттік. Елшілік үйінің ішкі құрылысымен танысып, елші Иманғали Тасмағамбетов жасаған өзгерістерге риза болдық. Сол күні түс мезгілінде бұрынғы КСРО жазушылар одағының үйіне барып, жазушылар мейрамханасына кірдік, сол жерде де жазушылар жиындарында болған оқиғаларды айтып, ұзақ отырдық, мейрамханадан шығып, одақтың ауласында орналасқан Лев Толстойдың ескерткішінің алдына тоқтадық. Сапар бойы бұрынғы Мәскеудегі жолдастарымен болған кезеңдерді әңгімелеумен болды.
Ертеңіне Мәскеу-Лондон рейсімен Лондонға жеттік, әуежайда елшіліктің қызметкерлері күтіп алып, қонақүйге орналастырды. Түс мезгілі жақындағанда Лондондағы Қазақстанның елшісі Ерлан Ыдырысов қонақүйге келіп, АБЕ-ге сәлем беріп, лордтар ғана түстенетін мейрамханаға апарды. Сол жерде бізді іздеп келген немерем Алтынайды атасымен таныстырдым. АБЕ елшіге “Соңғы парыз” кітабын ағылшын тіліне аудару үшін аудармашы тауып беруді өтінді, ол өз кезегінде аудармашыны лезде тауып, бізбен кездесу ұйымдастырды.
Ертеңіне менің Лондонда тұратын жолдасым Медғат Құлжанов бізді қонақ қылды, өзімен бірге жұбайы Айгүл мен қызын ала келіп, АБЕ-нің батасын алды. Сол бір көңілді кездесуде АБЕ енді Парижге барғысы келетінін айтты, мен ол кісіні құптап, кешке жүретін пойызға отырып, Франция астанасына жеттік. Онда да алдын ала хабарлап қойғандықтан елшілік қызметкерлері қарсы алды. Қаланың орталық көшесінде орналасқан бес жұлдызды қонақүйге орналастық. Ертеректе өзі болған жерлерді көру үшін көшеге шықтық. АБЕ сөз арасында Францияның ұлы президенті Шарль де Голльдың басына барып, зиярат етіп, мұражай үйін көргісі келетінін айтты. Сөзін екі етпедік, елшілік жіберген автокөлікке отырып, Парижден 250 шақырым жердегі Шарль де Голльдың зиратына бардық, одан соң мұражай үйіне бас сұғып, АБЕ естелік кітабына қолтаңба қалдырды.
Европаға ұйымдастырылған сапарымыз да аяқталды. Париж-Мәскеу-Алматы рейсімен елге жетіп, АБЕ-ні немерелеріне табыстадым. Бір апталық сапар ұмытылмастай әсер сыйлады. АБЕ-нің мінез-құлқын, көңіл-күйін, ішетін дәрі-дәрмегі мен жейтін тамағына дейін жаттап алдым. Ол қонақүйде жалғыз жатпай, мені жанына алып жатты. Түн ауғанша басынан өткен қызықты оқиға мен көрген қиыншылықтарын, балалық шағынан бастап, аталық-абыздық жасқа жеткенге дейінгі өмірінен әңгіме айтып, құлағыма құя берді.
Сол сапарында өмірінде бір рет те мерейтойын өткізбегенін айтып қалды және ондайды ұнатпайтынын да жеткізді. Мен алда келе жатқан 95 жасын Үкімет тарапынан атап өтуге ұсыныс жасайтынымды айттым, ол бұл ұсынысты бірден қолдай қойған жоқ. Бірақ артынан келісім бергендей ыңғай танытты. Сол кездегі Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұловаға хат жазып, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аты аңызға айналған классик жазушы Әбдіжәміл Нұрпейістің 95 жасқа толған туған күніне арналған мерейтойлық шараларын өткізіп, көп томдық шығармаларын шығару жөнінде ұсыныс бердім. Президент іс басқармасының ауруханасында ем алып жатқан АБЕ-нің көңілін сұрай келген кезде Мәдениет министрімен кездесіп, мерейтойды бірлесіп өткізуге келістік, көп томдық еңбектерін мемлекет қаражатына шығартуға министр ханым уәде берді.
Алматының жоғары оқу орындарының шақыруымен бірнеше кездесу өткіздік. Соның бәрінде АБЕ-нің жанында жүрдім. Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, көп томдығын шығаруға нұсқау бергеніне ризалық білдіріп, жеті томдық жинақ кітабын сый ретінде ұсынуына ықпал етіп, хат жазуына көмектестім. Мәдениет министрлігі және сол кездегі мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен Абай атындағы Опера және балет театрында АБЕ-нің 95 жылдық мерейтойы аталып өтілді. Жиынға Алматының зиялы қауымы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, АБЕ-нің тума-туыстары және Мәскеудегі достары – әлемге танымал ғалым-жазушы Николай Анастасьев, Анатолий Ким және баспагер Георгий Пряхин қатысты, сахна төрінде АБЕ-ні қолтықтап белгілі жазушылар Мырзатай Жолдасбеков пен Төлен Әбдік отырды. Жиын соңынан 300-дей қонаққа дастарқан жайылып, АБЕ-нің жаңа шыққан көп томдық еңбектері сый ретінде қонақтарға таратылды.
Ертеңіне Мәскеуден арнайы АБЕ-нің мерейтойына құрметті қонақ ретінде шақырылған Николай Анастасьев, Георгий Пряхин және жұбайымен бірге келген Анатолий Кимді Алматыны аралатып, түскі шайды жазушы Смағұл Елубай мен АБЕ-нің өзін қатыстыра отырып бердік. Үш қонақтың иығына арнайы ұлттық шапан жауып, шығарып салдық. АБЕ-нің қуанышында шек болмады. “Өмірімдегі тамаша күндерімнің бірі осы болды”, – деп, Смағұл екеумізді құшақтап сүйе берді. Тойдан соң үш күн өткенде Президенттің АБЕ-ні “Қазақстанның Еңбек Ері” атағымен марапаттаған жарлығы шықты. 30 қазан күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға арнайы келіп, өз резиденциясында “Еңбек Ері” алтын жұлдызын табыстады. Сол кездесуге Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаев, президент апаратының сол кездегі басшысы Ерлан Қошанов және мен қатыстым. Жылы жүзді кездесудегі құттықтауында Президент АБЕ-ге деген ризашылығын білдіріп, ақ тілегін арнап, естелік суретке түскен еді.
АБЕ-нің өмір жолында ізет көрсеткен інілері мен жора-жолдастары көп қой, солардың ішінен аз да болсын жанында жүріп, інілік қамқорлық жасағаныма шын жүректен алғысын білдіріп, шапанын жауып, естелікке таяғын ұстатқан еді. АБЕ-мен өткізген сол бір күндер жадымда мәңгілікке жатталып қалды. Әбдіжәміл Нұрпейістің халыққа, ұлт әдебиетіне сіңірген еңбегінің аз да болсын бағаланып, жарыққа шығуына қолғабыс еткенімді ризашылықпен еске алып отырамын. Марқұмның жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын.
Бекет Тұрғараев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – заңгері.